Accessibility links

Болат Әбілов 18 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шілденің 27-сі күні депутат Мұхтар Тінекеевтің шағымдануы бойынша Болат Әбіловтің үстінен қозғалған қылмыстық іске Бостандық аудандық сотының төрағасы Рысқали Ибраев шешім шығарды. Ол Болат Әбіловке ҚР қылмыстық істер кодексінің 129 бабының 2-ші және 3-ші тармақтарына сәйкес, аталған кодекстің 58-ші және 63-ші бабтарын негізге алып, және оның жанұялық жағдайын яғни кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барлығын ескере отырып, 1 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру және 2 жылға сынақ мерзімін белгіленгендігін хабарлады.

Сондай-ақ Рысқали Ибраев осы сот процесі басталғанда Болат Әбіловтен Алматы қаласы аумағынан ешқайда шықпау жөнінде алынған қол хаттың да күшінде қалдырылғанын айтты. Шешімге риза болмаған жағдайда қалалық сотқа шағымдануға болатындығын жеткізді.

Бұл шешімге қанағаттанбаған Болат Әбілов сот шешіміне наразы екендігін айтып, тәуелсіз, дербес шешім шығара алмайтын мұндай сотты оның шығарған шешімін де қабылдамаймын. Қазақстандық сот жүйесіне жедел түрде реформа жасалу керек. Мұндай сот жүйесінен қарапайым халық ешқашанда әділеттікке қол жеткізе алмайды, деді. Мені қамап қоюға биліктің батылы бармайды. Егер менің кәмелеттік жасқа жетпеген балаларым болмаса мені түрмеге жаба ма? Бәрі де негізсіз, заңсыз. Билік мені 19-қыркүйекте болатын сайлауға жібермеудің амалын қарастырды. Бүгін олар сол мақсаттарына жетіп отыр. Елге саяси реформа керек. Егер сайлау ашық әрі әділ өтетін болса біздер ертең екі жылдан кейін басқа қоғамда өмір сүретін боламыз. Кеше президенттің қызы қазақстандықтар қоғамдық телеарна құруға дайын емес дейді. Осы уақытқа дейін жаңа өмірге, әділ сайлау өткізуге халық дайын емес деген әңгімені басқа адам айтып келген болатын. Енді “біз дайын емеспіз”, деген сөзді айтатын жаңа адам пайда болды. Қоғамдағы әділетсіздікке, жалғандыққа бұдан әрі төзуге болмайды, деді. Сот шешіміне қанағаттанбаған Болат Әбілов қалалық сотқа шағымданатындығын жеткізді. Ал депутат Мұхтар Тінекеевтің адвокаты Әсет Атабаев болса үкім әділ болды, дейді.
XS
SM
MD
LG