Accessibility links

Парламент сайлауы қарсаңында «Әбділдин мен Жақияновтың оппозициялық блогы» деп аталатын блок құрылды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясы күздегі парламент сайлауына бір блок құрып, бірігіп баратын болды. Сейсенбі, шілденің 27-сі күні аталған қос партия түске дейін жеке-жеке съездерін өткізіп, нәтижесінде осындай ұйғарымға келдік деп мәлім етті партия жетекшілері Серікболсын Әбділдин мен Асылбек Қожахметовтар.

Түстен кейін 2 партия бірлескен съез өткізді. Коммунистік партияның хатшысы Төлен Тоқтасынов: «біз жалпы елдегі барлық оппозициялық партияларды бір ту астына жинауға ұсыныс жасағанбыз. Онымызды қабыл алған тек «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы болды» дейді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов партияның 1-ші съезіне қатысушы делегаттарға саяси ұйым басшылығының Қазақстанның коммунистік партиясымен бір блок құруға ниеттеніп отырғанын жеткізді. «Билік біздің партияның белсенділері, сіздерді басып-жаншуға қолдан келгеннің бәрін істеп бақты, біз соның бәріне төзіп келдік, енді өзіміздің мықтылығымызды алдағы сайлауда тағы бір дәлелдейік» деді Асылбек Қожахметов:

- Бізді қудалады, белсенділерімізге түрлі қоқан-лоққы әрекеттер жаалынды. Бірақ, біз ештеңеден тайынған жоқпыз.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесі съез барысында ашық дауыс беру арқылы бірлескен блокқа партиялық тізім бойынша 7, бір мандатты округтерден 37 үміткер ұсынатындарын жария етті. Бұлармен бірлесуші коммунистік партияның хатшысы Төлен Тоқтасынов, коммунистер мәжіліс сайлауына қатысу үшін бірлескен блокқа партиялық тізіммен 6, бір мандатты округ бойынша 10 адамды қосатындарын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Әбділдин мен Жақияновтың оппазициялық блогы» құрамына қосыламын деуші партияларға әлі де ол ойларын жүзеге асыруға уақыт бар екен:

- Бұл жалпы біздің бұрыннан айтып жүрген ұсынысымыз. Тек қана екі партия емес, жалпы оппозициялық күштер біріксе, бір тізіммен шықса, блок құрса деген оймен жұмыс істегенбіз. Бірақ, өкінішке орай, «Ақжол» -дың жігіттері біздің ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Бірақ алдағы уақытта блокқа басқа партиялардың да қосылуы мүмкін. Ақжол, тағы да 1-2 партия әлі съездерін өткізген жоқ қой. Егер олар ұсыныс жасайтын болса, онда тамыздың 9-ына дейін әлі уақыт бар біз жиналыс өткіземіз де шешім қабылдаймыз.

Шілденің 27-сі күні түстен кейін қос партия бірлесіп өткізген съезде делегаттар түске дейін партиялар жеке-жеке бекіткен тізімді мақұлдап дауыс берді. Яғни, 19-шы қыркүйектегі парламент сайлауына «Әбділдин мен Жақияновтың оппазициялық блогынан» партиялық тізіммен 13, бір мандатты округтерден 47 адам бақ сынайтын болды. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі, парламент мәжілісі депутаттығына партиялық тізіммен түсіп отырған Гүлжан Ерғалиева «сайлау әділ өтсе, біздің бірлескен блок мәжілістегі 77 орынның 50 пайызын иеленуі мүмкін» деп отыр:

- Егер де сайлау әділ өтетін болса, онда, біз мәжілістегі орыннан 50 пайызды иеленеміз деп сеніммен айта аламын.

Бірлескен съез соңында партия басшылары 2 жылдан астам түрмеде отырған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының төрағасы Ғалымжан Жақияновты тез арада бостандыққа шығару жөніндегі республика азаматтары қол қойған үндеу-хатты президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізу үшін парламент депутаттарына тапсырды. Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов үндеу-хатқа қол қойған азаматтар санының бүгінде миллионға жеткенін айтты. Осы партияның мүшесі Назарбек Қанафин съез барысында түрмеде отырған серкелері туралы мынандай ой білдірді:

- Ғалымжан халыққа ара түсті, тілге ара түсті. «Ел болайық» деді. Ал, бұл билікке ұнаған жоқ. Билік: «елді тоз-тоз етемін, жерді сатамын, халықты қаңғытып жіберемін, ауылды құртамын» деп шықты. Қазір осы екі текетіресте Ғалымжанның беделі күннен-күнге артып барады. Халықтың 90 пайызы Ғалымжанның идеясын қолдайды десем, қателеспеген болатын едім. Мұндай адамды түрмеге отырғызып қою деген – біздің бәріміздің бетімізге басылған қара таңба.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясынан сайлауға түскелі жатқан үміткерлер съез барысында серкелері Ғалымжан Жақияновтың осыдан 3 жарым жыл бұрын Қазақстанға қандай парламент керек екендігі туралы айтқан пікірін тыңдады:

- Біздің мемлекетімізге өте күшті әрі құзыреті мықты парламент қажет.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының 1-ші съезінде саяси кеңес төрағасы Асылбек Қожахметов ұйым мүшелеріне партиялық билеттер берілетінін айтты. Партияның ең алғашқы билеті оның қамауда отырған басшысы Ғалымжан Жақияновтың атына толтырылады деді Асылбек Қожахметов.
XS
SM
MD
LG