Accessibility links

Құрама Штаттары Демократиялық партиясы басқосуына араб, мұсылман делегаттары да өз үндерін қосты


АҚШ-та өтетін биылғы жылғы елбасылық сайлауларда араб, мұсылман-америкалықтар шағын болса да, ықпалды блокты құра білуде. Олар әсіресе Демократтар сьезіне айқын ынтамен қатысты. Олар партияның сайлау алды бағдарламасына үмітпен қарауда.

Демократтардың биылғы жылғы мәлімдемесінде Палестина мемлекеттік мәртебесіне кең орын берілетіндігі айтылуда. Демократтардың Ұлттық сьезіне араб-америкалықтар атынан 43 делегат қатысты. Олар әсіресе елбасы Буш пен сенатор Керри мырзалардың үзеңгі қағысып, қатар келе жатқан штаттарында ықпалды сайлаушылар тобын құрап отыр. Демократиялық партия платформасы биылғы жылы АҚШ Патриоттық заңы деп аталатын құжаттың қайта қаралуына шақырып келеді.

Онда лаңкестік әрекеттерге қарсы күреске байланысты қарама-қайшылыққа толы заңдар жинақталған. Аталған платформа сонымен бірге Буш әкімшілігінің халықаралық қауымдастық тарапынан қажетті дәрежеде қолдау көрместен жатып, Ирақ соғысын бастап кеткені, Әл-Қайда мен Саддам Хусейн арасындағы қарым-қатынасты әдейі ұлғайтып көрсеткені және Ирақта жаппай қырып-жоятын қару бар, деген мәлімдемелер таратқаны үшін Буш әкімшілігін айыптауда. Мұндай бағыттарды араб-америкалықтар кең тұрғыда қолдап отыр. Алайда, олардың көпшілігі дерлік бұл платформаның Израйль-Палестина мәселесіне байланысты ресми бағытымен келіспеуде. Себебі, Палестинаның мемлекеттік мәртебесін қолдай отырып, екінші жағынан Израйль өкімет басшысы Ариель Шаронның жүргізіп жатқан саясатына да демократтар қолдау көрсетуде, дейді олар.

Халық пікірін зерттеумен айналысатын, белгілі араб-америкалық Джон Зогби мырза Азаттық радиосына берген сұхбатында Демократиялық партияның Израйль-Палестина мәселесіне байланысты ұстанып отырған бағыты, шынтуайтына келгенде, республикалықтардың саясатын қайталайтындығын айтты. Таяу Шығыс мәселесінде барынша пәрменді бағыт ұстанған жағдайда Керри мырза Араб сайлаушыларының қолдауына көбірек ие болар еді, деді ол. “Әрбір топ-аса маңызды. Демократтар үшін араб-америкалықтар әсіресе маңызды. Себебі, өткен жолы олардың 45 пайыздайы Джордж Бушты қолдап дауыс берген болатын. Егер бұл жолы сол араб-америкалықтардың дауысына ие бола алса, онда Керри мырза үшін кейбір шешуші штаттарда жеткілікті болар еді”-, деді Зогби мырза.

Араб-америкалықтар ұйымының осы ай басында жүргізген сауалнамасына қарағанда, мұсылмандар көп тұратын Мичиган, Охйо, Пенсильвани және Флорида штаттарында араб-америкалықтардың тек 24 пайызы ғана Бушты қолдап, ал 51 пайызы Керриді жақтаған екен. Сайлаушылардың 13 пайызы болса, тегі ливандық және тәуелсіз кандидат Ралф Надерді қолдайтындықтарын айтқан. Құрама Штаттарында Исламды түсіндіруге көмектесіп келе жатқан Америка-Ислам байланыстары кеңесінің мәліметтеріне қарағанда, арабтар қазіргі кезде мұсылман-америкалықтардың үштен бір бөлігін құрап отыр. Сол мәліметтер бойынша, қазіргі кезде АҚШ-та 7 миллионға жуық мұсылмандар тұрады. Мұның өзі нақты мәлімет емес. Себебі халық санағы барысында олардың діни сенімі қаперге алынбайды, дейді кеңес өкілдері. Оның ішінде дауыс беру жасына іліккендер 2 миллионды құрайды екен.
XS
SM
MD
LG