Accessibility links

Ирақта кепілдікке адам алу одан әрі өрши түсуде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Өткен аптада кепілдікке алынған пәкістандық екі азаматтың ирақтық қарулы топ қолымен өлтірілгені жөнінде хабар бейсенбі күні таратылды. Сомалилік сондай тұтқын да өлтірілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қадамдары арқылы қарулы топтар шетелдік өкіметтердің Ирақтағы саясатын өзгертуіне күштеп көндірмекші.

Пәкістандық қос азаматтың өлтірілгені жөнінде хабарлай келіп, Сыртқы істер министрлігі өкілі мұндай қадамдарды адамзатқа, Ислам дініне, Ирақ халқына, Пәкістан еліне қарсы тірліктер, деп бағалаған болатын. Ол екі марқұмның туыстары тұтқындағы екеуге кешірім жасалуын, себебі олардың еш кінәсінің жоқ екендігін айтып, жалбарынған болатын. Алайда, мұндай жалынышты тілектер Ирақтағы қарулы топ жүрегін жібіте алмаса керек. Сәрсенбі күні кепілдікке адам ұстағандар сол екі азаматты қалай өлтіргендерін бейнелейтін таспаны әл-Жазира теле арнасына жіберген екен. Көріністердің қанды оқиғаларға толы болғаны сонша, аталған теле арна ол таспаны көпшілікке көрсетуден бойын аулап салып, тек хабар таратумен ғана шектелген екен. Өткен аптада тағы бір пәкістандықты тұтқында ұстаған Ирақтағы басқа қарулы топ өкілдері әлгі тұтқынның мұсылман екендігін білгеннен кейін және оның анасының жалбарынысқа толы өтінішінен соң, оны бостандыққа жіберген болатын.

Құрбандыққа шалынған соңғы екі пәкістандықты ұстағандар көптеген талаптары қатарында, Исламабадтың Ираққа қауіпсіздік күштер қатарында әскер жіберу ниетіне қарсылықтарын білдіріскен екен. Ал, Пәкістан болса, егер басқа да мұсылман елдері жөн деп тапқан жағдайда, сондай-ақ Ирақ өкіметі өтініш жасаған жағдайда ғана халықаралық бейбітшілік сақтау күштері қатарына өз өкілдерін жіберетіндіктерін айтып қана қойған болатын.

Көкек айынан бергі аралықта Ирақтағы қарулы әртүрлі топтар бірнеше ондаған шетелдік азаматтарды кепілдікке алып, өз талаптарын алға тартқан болатын. Бұл жолы аталған топтар бұрынғыдай әскери адамдарды ғана емес, Ираққа аяқ басқан қарапайым шетелдіктерді де ұстауды дағдыға айналдырса керек. Өткен күндерде иорданиялық екі жүргізуші ұсталған болатын. Алайда, олар жұмыс істейтін фирма басшысы Ирақтағы өз қызметтерін тоқтататыны жөнінде уәде бергеннен кейін ғана ол байқұстар бостандыққа жіберліген екен. Осылайша, азаматтары кеіпілдікке алынған елдер Ирақтағы ол қарулы топтардың айтқанын істеп құтылуды жөн санауға көшсе керек.

Осыған орай Австралия Сыртқы істер министрі Александр Доунер сын пікір айтқан болатын. “Мадридтегі бомбалық шабуылдардан кейін Испанияның өз әскерлерін шығаруы және филиппиндіктерді кепілдікке алып, оларды өлтіретіндігін айтып қорқытқаннан кейін бұл ел жасақтарының шығып кету қадамдары лаңкестерді одан әрі күшейте түсті”, деген еді Доунер мырза. Бұған жауап ретінде Филиппин өкіметі Австралияның Маниладағы елшісін сөйлесуге шақырған болатын. Бұқаралық ақпарат хабарларына қарағанда, Доунер мәлімдемесіне орай ресми ашу-ыза білдірілсе керек. Еуропа мен Таяу Шығысқа жасаған осы аптадағы сапары барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауел кепілдікке адам алушы топтар алдында тізе бүкпеуге одақтастар өкіметін шақырды.
XS
SM
MD
LG