Accessibility links

Тұтқында отырған Ғалымжан Жақияновқа қарсы тағы екі қылмысты ашылды


Қостанай облысындағы Құсмұрын түрмесінде жазасын өтеп жатқан Павлодар облысының бұрынғы әкімі, 2001 жылы күзде «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрушылардың бірі Ғалымжан Жақияновқа қарсы тағы да екі қылмыстық істің қозғалғаны жайлы ақпарат тарап отыр. Ғалымжаның әйелі Қарылғаш Жақиянованың айтуына қарағанда, бұл істер шілденің айының ортасында қозғалыпты, бірақ Ғ.Жақиянов ол туралы тек шілденің 28-күні ғана естіпті.

2002 жылдың жазында сот үкімімен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған соң Құсмұрын түрмесінде жатқан Ғалымжан Жақияновқа қарсы бұған дейін де төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған болатын. Оның үшеуі былтыр күзде, ал біреуі биылғы жылы көктемде қозғалған еді. Енді тұтқын Ғ.Жақияновқа қарсы тағы екі қылмыстық іс қозғалыпты деген ақпарат жетісімен бұл жайт жөнінде Ғалымжанның зайыбы Қарлығаш Жақияновамен хабарластық. Ол кісі әлгіндей ақпараттың рас екенін, алайда, Ғалымжанға нақты қандай айыптар тағылып отырғанын заң талаптарына сәйкес өзінің ашып айтуға құқы жоқ екенін жеткізді:

- Шілденің 16-күні Ғалымжанға қарсы екі қылмыс ашқан, бірақ оны Ғалымжанның өзіне кеше, шілденің 28-інде ғана хабарлаған. Сөйтіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан Ғалымжанға қарсы ашылған қылмыстық істер саны 6-ға жетіп отыр. Әрине, бұлардың барлығы олардың талабына мойынсұнбай, өз саяси көзқарасынан қайтпай отырған Ғалымжанды түрмеде неғұрлым ұзақ отырғызу үшін жасалып отыр.

Ғ.Жақияновқа қарсы қозғалған жаңа қылмыстық істердің анық-қанығын білмек болып бейсенбі күні Астанаға телефон шалып, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетімен байланыстық. Алайда комитеттің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров бұл ақпарат жайлы ештеңе білмейтін болып шықты:

- Ондайды білмедім, анықтайық...

1990 жылдары президент Н.Назарбаевтың сенім артқан, болашағынан үміт күттірген кадрларының бірі, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде ең жас облыс әкімі атанған Ғалымжан Жақиянов 2001 жылдың күзінде өзімен пікірлес жаңа бағыттағы азаматтармен бірігіп «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған еді. Алайда, арада көп уақыт өтпей ол басқа серіктерімен бірге мемлекеттік қызметтен алынып, жаңадан құрылған демократиялық қозғалыстың қос жетекшісі - бұрынғы облыс әкімі Ғалымжан Жақиянов пен бұрынғы өнеркәсіп және сауда министрі Мұхтар Әбілазовқа қарсы қылмыстық істер қозғалып, 2002 жылы жазда М.Әбілазов 6-жылға, ал Ғ.Жақиянов 7-жылға бас еркіндігінен айырылып, түрмеге отырғызылды. Кейіннен М.Әбілазов президент Н.Назарбаевтың атына өтініш хат жазып, өзінің саясатпен айналыспайтынын айтқан соң бостандыққа шығарылды. Ал Ғ.Жақияновты саяси тұтқын деп таныған халықаралық демократиялық ұйымдар оны бостандыққа шығару мәселесін Қазақстанның ресми билігі алдында әлсін-әлі көтеріп келеді.
XS
SM
MD
LG