Accessibility links

Қазақстаннан Чехияға көп мөлшерде қару жарақ және есірткі кіргізбек болған чех кәсіпкері Далибор Кооп араб терроршыларымен байланыста болған көрінеді

  • Досан БАЙМОЛДА

Чехияда ең көп оқылатын күнделікті «Днес» газетінің шілденің 28 і күнгі санында қару жарақ саудасы саласында жарты әлемді шулатып жүрген кәсіпкер Далибор Кооптың араб терроршыларымен байланыста болғаны туралы жазылыпты. Ол бұған дейін Иракқа қару жарақ, оқ дәрілер сатпақ болғаны үшін чех полициясы тарапынан білініп, үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.

Алайда полиция оның ешқайда кетпеймін деген уәдесін алғандықтан бостандық жағдайында жіберген еді. Енді міне Д.Кооп полициядан бойын тасалап Африканың Либерия елінен бірақ шыққан. Днес газеті Д.Кооптың Палестиналық Хамас тобының адамдарымен оларға қару жарақ беру жөнінде келіссөздер өткізгендігі туралы жазады.

1998 шы жылы Далибор Кооп Қазақстаннан Чехияға 900 Калашников автоматын, жарты тоннадай марихуана есірткісін заңсыз кіргізбек болғаны туралы тағы бір чехиялық басылым Хоспадарски Новини газеті осыдан бір жарым ай бұрын көлемді мақала жариялаған болатын. Алайда Днес газетінің жазуынша Д.Кооп Қазақстанда жұмыс істеген Чехияның бұрынғы елшісі Мирослав Андрмен жақын қарым қатынастағы дос болыпты. Мирослав Андр 2002 шы жылы оның аскери барлау қызметінің агенті болғандығы ашыққа шыққан соң ол елші қызметімен қоштасуға мәжбүр болады.

Газеттің жазуына қарағанда Қазақстандағы Чехия елшісі болған М.Андр сол кездегі Чехияның сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы Карел Србаның тікелей бақылауында соның тапсырмасымен жұмыстар атқарған. Карел Срба болса оның түрлі коорупциялық іс әрекеттерін зерттеп осы туралы мақалалар жазған журналистіге қарсы қастандық іс әрекет ұйымдастырмақ болғаны білініп, айыпталып ақыры сотталып кеткен болатын. Д.Кооп 1995-1996 жылдары 25 мың автомат мылтықтар мен 12 миллиондай оқ дәрілеріді Таяу шығыс елдеріне сатқан деген мәлімет бар. Газеттің жазуына қарағанда бұл қару жарақтарды Иемен фирмасы сатып алған кемеге артып, жүк алдымен Иракқа барған. Кейін қару жарақтар палестиналық хамас тобына жеткізілген.

Алайда қару жарақ саудасымен айналысушы чех кәсіпкерінің күмәнді істерін көптеген елдердің барлау қызметтері бақылап отырған. Біз осы чех азаматының кезінде Қазақстаннан заңсыз түрде қару жарақ және есірткі саудасын жасамақ болған деген әңгімеге байланысты Қазақстандағы Чехия елшілігімен хабарластық. Чехия елшілігі консулдық бөлімінің бастығы Яна Симболинсова ханым Д.Кооп туралы тек газет беттерінен естігендігін, оның Қазақстанға келіп, тиісті адамдармен қару жарақ саудасын жасамақ болғаны әбден мүмкін екендігін өйткені оның кәсіпкер ретінде өз ісіне өзі жауап беретіндігін айтты. Сонымен бірген ол Д. Кооптың Қазақстандағы іс қимылдары туралы елшілік ештеме білмеген болу керек деген ойын айтты.

Ал Қазақстанның қорғаныс министрлігінің қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің бастығы полковник Қуанышбаев болса бұндай мәселе жөнінде өзінің ешнәрсе білмейтіндігін, жауапты тек қана министрдің өзі не оның орынбасарлары бере алатындығын ол үшін сұрақтың жазбаша түрде Астанаға жіберілу керектігін айтты.
XS
SM
MD
LG