Accessibility links

Үкіметке жақын адамдар үкіметке жақын ақтөбелік газетпен телекомпанияны сотқа берді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Ақтөбе қаласындағы «Рика ТВ» телеарнасы мен «Эврика» газетттерін осы өңірдегі бес азамат ар-намысымызға нұқсан келтірді деп сотқа берді. Бұлардың моральдық шығын ретінде талап етіп отырған сомасы - 700 миллион теңгені құрайды. Сотқа шағым түсіруге телеарна эфирінде ешқандай түсініктемесіз көрсетілген баспасөз мәслихаты себеп болыпты.

«Рика ТВ» телеарнасының заңгері Борис Потудин біз телеарна көзқарасын таңбай, таза ақпар тараттық, ол үшін жауап беруге де тиісті емеспіз яғни, бұл сайлау алдындағы бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы бағытталған әрекет дегенді айтады. Ал осы телеарнаны сотқа берушілердің бірі, журналист Мейірхан Ақдәулет: «ауыз өзімдікі екен деп, не болса соны айта беруге болмайды ғой. Сол сияқты эфирде айтылған ғайбат сөздер үшін де телеарна жауапты емес пе» дейді.

Бұған дейін «Рика ТВ» телеарнасы мен «Эврика» газеттерінен талап етілген моральдық шығын көлемі 550 миллион теңге деп көрсетілген еді. Осы сот процесіне қатысты пікір білу мақсатымен жұма, шілденің 30-ы күні Ақтөбе қаласындағы «Рика ТВ» телеарнасына хабарласқанымызда, телеарнаның заңгері Борис Потудин ол соманың 700 миллионға жеткенін айтты. «Сотқа бұған дейін жеке тұлға есебінде шағым түсіріп, 150 миллион теңе айыппұл талап еткен Владимир Михайлов, бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы тағы бір сотқа өзі басқаратын «Рифма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан енді заңды тұлға есебінде рет саны бойынша 6-шы шағым түсіріп, тағы 150 миллион теңе айыппұл талап етіп отыр», - дейді телеарна заңгері Борис Потудин. Оның айтуынша, мұндай көп мөлшердегі қаражатты телеарна мен газет ешқашан төлей алмайды. Мұның астарында саясат жатыр дейді заңгер Борис Потудин:

- Меніңше, олар осылайша сөз бостандығына шектеу қоймақ.

Борис Потудиннің айтуынша, даудың бәрі маусым айының 29-ы күні Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе» қонақүйінде «Шындық» қоғамдық комитетінің басшысы Қайрат Баймұратов деген азаматтың баспасөз мәслихатын өткізуінен басталыпты. Аталған комитет бұрынғы облыс әкімі Ермек Имантаевты қорғау мақсатында құрылған екен. Естеріңізге сала кетсек, жуырда осы облыстан шыққан бір топ азамат әкім Ермек Имантаевтың қызметтен кетуін талап етіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдаған болатын. Ол талаптары қанағаттандырылып, әкім қызметінен босатылған еді. «Рика ТВ» телеарнасының заңгері Борис Потудин әлгі Қайрат Баймұратов деген азаматтың баспасөз мәслихатында облыстағы біраз азаматтарға сауал жолдағанын айтады. «Біз бар болғаны соны өзіміздің көзқарасымызды қоспастан эфирден көрсеттік. Енді келіп неліктен сот алдында жауапты болуымыз керек» дейді Борис Потудин. Ал заңгердің бұл ұстанымымен телеарнаны сотқа беруші Ақтөбеден шығатын «Алтын орда» газетінің бас редакторы Мейірхан Ақдәулет мүлдем келіспейтінін айтады:

- Әрқайсысына сұрақ берген ғой әлгі баспасөз-мәслихатында. Сонда: «Жасарыл Қуанышәліге сауалым бар» деп, былай дейі: «Сіз шизофрониямен ауырасыз ғой?» Мені де сол Жасаралдың туысқаны деп, сол сіздің туысқаныңыз «Алтын орда» газетінің редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы екеуіңіз неге емделмейсіздер дейді. Осындай сауалдар бар. Ия, түсінемін бір жағынан сөз бостандығы, демократия дейміз. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасамаса, Қазақстанда тұратын бар-жоғы 15 миллион халықты өстіп, түп-тұқиянына тиіп масқаралап кетпей ме. Жаңағы «Рика ТВ»-да Ақтөбедегі ең жетекші басылым «Диапазон» газетінің басшысы Владимир Михайловты «сен гейсің» деп кінәлапты. Осы дұрыс па. Мысалы маған «Бондровская жәләп, дүниежүзінің бәрімен ұйықтаған» деп біреу мақала әкелсе, мен басамын ба?.. Баспаймын. Өйткені, менің қарамағымдағы бұқаралық ақпарат құралында кеткен мәлімет үшін мен жауап бермеймін бе.

Жуырда сот орындаушылары «Рика ТВ» телеарнасының бар мүлкін хаттап, бүгінде банктегі есеп-шотын тұтқындау мәселесін талқылап жатқан көрінеді. Осы мәселеге қатысты Қазақстан журналистер конгресінің атқару комитеті бейсенбі күні өз алаңдаушылықтарын білдірген мәлімдеме таратты. Конгрес құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұқаралық ақпарат құралына онда жарияланған материалды теріске шығаруға мүмкіндік бермей, бірден айыппұл талап еткен жағдай Қазақстанда бұрын болмаған дейді:

- Бізге бәрібір. Ол әкімнің газеті ме, жоқ әлде басқаның газеті ме. Бізге Ақтөбеден осындай хат келгеннен кейін біз кеше осындай мәлімдемені жарияладық. Біз «Эврика» газеті мен «Рика ТВ» телеарнасына болысамыз. Кеше сөйлестік олармен. Керек болса адвокат, заңгер жағынан көмектесеміз. Сосын олар айтып жатыр қазір: «керек болса, біз кешірім сұрайық» деп. Бірақ мыналар көнбей отыр. Бұрын мұндай оқиға болмаған.

Журналист Мейірхан Ақдәулет: «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі, эфирге бірдеңе шығармас бұрын ойлану керек еді. Енді ешқандай кешірімнің керегі жоқ. Өзім басқарып отырған газет ұжымы да талай рет жұртқа моральдық шығын ретінде айыппұл төлегенбіз. Мынау да сондай сот ісі деп есептеймін. Оны дабырайтын қолдан саясат жасауға еш негіз жоқ» дейді.
XS
SM
MD
LG