Accessibility links

Жазасы жеңілденеді-ау деген Жақияновқа қарсы жаңа айыптар тағылды


Қостанай облысындағы Құсмұрын түрмесінде жазасын өтеп жатқан Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтың зайыбы Қарлығаш бейсенбі күні радиомызға берген сұхбатында биылғы жылдың шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздігі комитеті тарапынан Ғалымжанға қарсы жаңадан екі қылмыстық істің қозғалғаны жайлы хабарлаған болатын. Бұл ақпаратты жұма күні радиомыздың тілшісіне жауабында аталмыш комитет өкілі растады. Ал Жақияновтың пікірлестері бұл қылмыстық істердің ашылуының астарында Ғалымжанды қамауда ұстау мерзімін ұзарту мақсаты жатыр деп санайды.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров жұма күні «Азаттық» радиосына Ғ.Жақияновқа байланысты мынадай жайттарды хабарлады:

- Расында шілденің 21-інде Ғ.Жақияновқа қарсы екі қылмыстық іс қозғалды. Нақты қандай айыптардың тағылып отырғаны туралы ештеңе айта алмаймын. Тек бір нәрсені атап айтқым келеді - бұл істердің саясатқа ешқандай қатысы жоқ, олар анықталған жаңа фактілер бойынша қозғалып отырған қылмыстық істер. Бұл істер тергеу істері 1-2 айға жалғасуы мүмкін, ал қосымша жайттарды анықтау қажет болса, бәлкім, тағы да ұзартылуы ықтимал.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамаудағы Ғ.Жақияновқа қарсы жаңадан қандай қылмыстық істерді қозғап отырғаны жөніндегі деректерді жұма күні Алматыда Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин жария етті. Оппозициялық саясаткердің қолындағы құжат көшірмелерінде Ғ.Жақиянов Павлодар облысында әкім болып тұрған кезде Павлодар қаласының әкімі қызметінде істеген Чмых есімді және кәсіпкер Богомазов деген азаматтарға қоққан-лоққы жасап, олардың меншігіндегі «Ирбис» телерадиокешені жабық акционерлік қоғамының акцияларын басқа адамдарға сатуға мәжбүрлеген деген айыппен Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 181-бабының 2-ші және 3-ші тармақтары бойынша қылмыстық істердің қозғалғаны туралы қаулы жазылыпты. Шілде айының 21-күнімен белгіленген бұл қаулыға Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел-тергеу тобының тергеушісі, әділет подполковнигі Жорабаев есімді адам қол қойыпты. Алайда С.Әбділдин бұл істердің саяси астары, мұндағы мақсат – Жақияновты қамауда ұстау мерзімін ұзарту деп санайды:

- Біз Ғ.Жақиянов тамыз айында жартылай бостандыққа шығып қалар деп үміттеніп отырғанбыз. Әрине, заң бойынша бұл қаулылардың Жақияновтың тамызда бостандыққа шығына еш бөгеті жоқ. Бірақ, бұл істер Жақияновты заңды бұзған адам ретінде көрсетіп, оның қамауда қалуы тиіс деген ұғым туғызу үшін жасалған болар.

2002 жылы тамыз айының 2-күні Павлодар қалалық соты Ғ.Жақияновты қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекетке 13 мың АҚШ долларға жуық зиян келтірген деп тауып, оны 7 жыл мерзімге бас еркіндігінен айырғаннан соң, Ғ.Жақиянов Қостанай облысындағы Құсмұрын түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ал оның қамауға алынған мерзімі 2002 жылдың көктемінен бастап есептелетіндіктен, биылғы жылдың тамыз айында Жақияновқа жеңілдетілген жаза өтеу тәртібі белгіленіп, ол қамау орнынан еркін қонысқа ауыстырылуы мүмкін екендігі айтылып жүрген.

Заңгер Саян Мейірбеков жаңадан қылмыстық істердің қозғалуы Ғ.Жақияновты әлгіндей жеңілдетілген тәртіпке ауыстыруға бөгет бола алмайды, бірақ, прокурор қажет деп тапса ол қайтадан абақтыға отырғызылуы мүмкін дегенді айтады:

- «Еркін қоныстану» - бұл жазасын өтеу режимінің бір түрі, яғни адам бәрібір күндіз-түні қадағалауда жүреді. Бірақ, заңға сәйкес, прокурордың санкциясы бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде ол адамды қайтадан абақтыда қамауда ұстау қарастырылған. Алайда ол үшін прокурор ондай шешімді негіздеуі тиіс, мәселен, жаңағы адам бой тасалап, қашып кетуі мүмкін деген.

Ал Қазақстан парламентінің депутаты Төлен Тоқтасынов болса Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығу-шықпауы Қазақстандағы бір ғана адамның ерік-жігеріне байланысты дегенді айтады:

- Біздің елде оның бәрін шешетін бір-ақ адам – Нұрсұлтан Назарбаев. Ал ол тек қана қысыммен ғана шешеді – сырттан болсын, елдің ішінен болсын. Сондықтан, халықаралық ұйымдар бар, ішкі оппозиция бар, бірігіп қимылдайтын болса, Ғалымжанның жағдайын аздап болсын жақсартамыз.

2002 жылы жазда Павлодар қалалық соты Ғ.Жақияновты жеті жыл мерзімге бас еркіндігінен айырып, түрмеге отырғызғаннан бері халықаралық демократиялық ұйымдар мен бірқатар батыс елдері Ғ.Жақияновты бостандыққа шығару мәселесін Қазақстанның ресми билігі алдында үнемі көтеріп келеді.
XS
SM
MD
LG