Accessibility links

Бұқаралық пікірсайысқа "Отан" партиясының басшылары сенбейді

  • Айнагүл САҒДИ

Шілденің 30-ы күні Астанада ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанда тұңғыш рет саяси партиялар арасында телеарналар арқылы пікірсайыстар өткізу мүмкіншілігінің туындап отырғандығын айтқан болатын.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, тікелей эфирде өткізілетін теледебатқа саяси партиялардың барлығы шақырылады. Алайда, кей партия өкілдері телесайыс түрлі сылтау табылып, өткізілмеуі де мүмкін және оған барлық партиядан қатысады деп айтудың өзі қиын деп отыр.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменқызы 4 тақырып төңірегінде өткізілетін телесайысқа барлық партиялардан өкілдер шақырылады және тікелей эфирде өткізіледі дегенді айтты. Осыған байланысты бірқатар саяси партия өкілдерін сөзге тартқан едік. Коммунистік партия жетекшісі Серікболсын Әбділдин «Бәлиева 4 рет өткіземін де жариялап отыр. Бірақ ақша болмай қалды немесе тағы да басқа сылтау табылып, өткізбей қоюуы да мүмкін, ал егер ешқандай кедергі болмаса, телесайыс деген жақсы нәрсе, халықтың алдына шығарып, бір-бірлеріне сұрақ қойып, соған дұрыс жауап беріліп жатса, одан ешкім ұтылмайды. Телесайысқа басқа партияларды білмеймін, мен өзім міндетті түрде барамын», - дегенді айтты.

Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясы атқару комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов: "Телесайыс әділетті түрде өтеді ғой деген ойдамын. Алайда оған «Отан», «Асар» партияларының мүшелері қатысады дегенге сенбеймін", - дейді.

«Телеарналардың жұмысы белгілі. Оның үстіне барлық партиялардан қатысатын болса, уақыт шектеулі болғандықтан жарытып ешнәрсе де айта алмайсың, берілген уақыт бір-бірін түртпектеумен-ақ өте шығады және жекелеген саясаткер өзінің ойыменен, түйінді пікірімен өзін көрсетуге мүмкіндігі болар, бірақ жалпы партия туралы айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді «Отан» партиясының мүшесі Қайролла Ережепов.

Телесайыс барысында қамтылатын 4 тақырыптың бірі – жастарға қатысты. Осыған байланысты "Отаншыл жастар" ұйымының мүшесі Махамбет Әбжан жастар тақырыбына арналған пікір-таласта жастардың әлеуметтік жағдайына, әсіресе білім-ғылым, жұмыссыздық және тұрғын үй мәселесіне көбірек назар аудару керек деген ойын білдірді. Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырғалы отырған телесайыс «Хабар» немесе «Қазақстан» ұлттық телеарналарынан» тамыздың 18-нен бастап көрсетілмек.
XS
SM
MD
LG