Accessibility links

Қарапайым жолаушылар: «Ташкендегі жарылыс қазақ-өзбек шекарасынан өтуді қиындатып жіберді» дейді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Тәшкен қаласында орын алған жарылыс зардабын ең алдымен қарапайым халық тартады дейді Өзбекстан мен Қазақстан арасына жиі қатынап жүрген екі елдің азаматтары. Олар, бұл жарылыстардан соң енді Қазақ-Өзбек шекарасындағы ресми жолдар қатаң бақылауға алынып, шекараны заңсыз айналма жолдармен өту бағасы шарықтап кетеді дегенді айтады. Өзбекстанның кейбір азаматтары Тәшкендегі жұма күнгі жарылыстарға ресми биліктің жүргізіп отырған саясатының салдары деп баға береді.

Жолаушылар тасымалдайтын автобустың жүргізушісі Дастан Алматыға Ташкеннен сенбі, шілденің 31-і күні таңертеңгі 10-дар шамасында келді. Өзбекстан астанасындағы лаңкестік оқиғалар туралы жол-жөнекей естіп біліпті:

- Біз шыққаннан кейін болыпты ғой. Енді жарылыс болса, әдеттегідей шекараны жауып тастайды ғой. Ал біз осы екі араға адам тасып жүрген адамбыз, бізге ақша керек. Қазір нағыз кісі көп жүретін жақсы маусым басталып еді. Жұмыс тоқтап қалатын болды. Сол алдымен өзбек жағы жабады шекараны. Сосын қазақтар да жауып тастайды.

Дастан енді екі ел арасындағы шекара жабылып, жолаушы тасымалдап тауып жүрген азын-аулақ нәпақамнан қағылатын болдым деп наразы. Ал, Өзбекстанға Қазақстаннан тауар тасып, сауда жасап жүрген өзін Гуля деп таныстырған Өзбекстан азаматшасы орын алған жарылыс кесірінен шекарадағы айналма жасырын өткелдердегі баға шарықтап кететін болды дейді:

- Ақша төлесең, әлгі өздерінің басқа жасырын жолдары бар, сонымен өткізіп жібереді. Ол енді мына жарылыстан кейін қатты қымбаттап кететін болды онысы. Мәселен бұрын 100 теңге төлесе, енді 1 мың, 2 мың теңге сұрайтын болады. Енді шекарадағылар басында өткізбей тастауы мүмкін. Бірақ халық қарап отырмайды ғой. Әркімнің бала-шағасы бар, тіршілігі бар. Сол ақшасын төлейді де, қалаған жағына өте береді. Мына жарылыс жаңағы айналма жолдағылар үшін ақша жасауға өте бір қолайлы болған сияқты.

Ал екі ел арасына қатынайтын автобуста билет тексеруші болып қызмет істейтін Ақмарал есімді бойжеткен: «бұған дейін де шекарашылардың әрі-бері өткен азаматтардан ақша алатынын естігенбіз, мынандай оқиғадан кейін ол кәсіп түрі еселене түспек» дегенді айтты. «Бәрінен де әскери борышын өтеуге жақында ғана кіріскен сарбаздарға обал, олар енді сол жерден парақорлыққа үйреніп қайтады» дейді Ақмарал:

- Жарылыс кеше кешке болыпты. Меніңше, жолдағы қиындық бүгіннен басталып кетті. Оның бәрін көріп жүрміз ғой. Әр жарылыс болғанда осындай қиындық болады. Қазіргі Өзбекстанның жағдайы өте нашар. Жұмыс жоқ. Халқы жұмыс іздеп Қазақстанға, Ресейге барады. Солар енді мына жағдайға да қарамастан, амалдап бәрібір өтіп кетеді шекарадан. Ал ондағы сарбаздар ақша алып үйренеді. Ақша үшін жұмыс істеп кетеді енді көбісі.

Ал аты-жөнін атамауды жөн санаған тағы бір көлік жүргізушісі Өзбекстанда жиіліп кеткен лаңкестік оқиғалардың себебін өзінше түсіндірді. Оның айтуынша, өзбек жерінде орын алған жарылыстардың бәріне ел басшылығының жүргізіп отырған саясаты себеп болып отырған көрінеді:

- Өйткені, Өзбекстан соңғы кездері Американы көп қолдап кетті. Сол үшін жарып жатыр.

Өзбекстанға Қазақстаннан тауар тасып сауда жасап жүрген Юля есімді бойжеткен де Өзбекстан азаматшасы. Оның айтуынша, мына жарылыстар халықтың мемлекет басындағы шенеуніктерге деген наразылығын көрсетеді. «Лаңкестік оқиғалардың орын алуына елдегі экономикалық жағдай себепкер» дейді Юля:

- Тәшкенде қиыншылық болып жатыр ғой. Тауардың бәрін, қыл аяғы темекіге шейін осы Қазақстаннан тасимыз. Халықтың көбі жоғарыдағыларға наразы. Теледидардан тек қана бәрі жақсы деп көрсетеді. Ал жылап-сықтаған жұртты қуып жібереді. Мен өзім көше-көшеде жүріп сатамын тауарымды

Автобусқа Өзбекстаннан жұма күні сағат 3 жарымда отырған Қасым атты азамат Алматыға сенбі күні таңертеңгілік жетті. Ол кісі ел астанасында болған жарылыстар туралы естіп, туған жерге қайта алмай қаламын ба деп қауіп білдіріп отыр. Өзбек азаматы: «қайтар жолда қазақ шекарасынан өткенде үлкен қиындықтарға кездесемін-ау» дейді:

- Екеуінде де қиындықтар болады. Қазір енді Қазақстанның шекарасынан өту қиын болып бара жатыр күннен-күнге. Олар Өзбекстандық шекарашылардан қалай пара алу керектігін үйреніп алған сияқты.

Осылайша, біз пікір сұраған екі ел азаматтарының қай-қайсысы болмасын, Өзбекстан астанасында орын алған жарылыс жайында әңгіме қозғалғанда ең алдымен екі ортадағы ендігі қатынас жағдайына қатты алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, сауданы кәсіп қылған Өзбекстан азаматтары осындай қиын-қыстау күндерде халықтың үстінен күн көрген шекарадағы шенділер теріс пиғылдарынан бір сәтке болса да арылса ғой деген өтініш білдірді.
XS
SM
MD
LG