Accessibility links

Ирақтағы көтерілісшілер христиандардың бес шіркеуін нысанаға алды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирақтағы шабуылшылар бес Христиан шіркеулерінде жарылыс жасады. Жексенбі күнгі сыйыну кезінде болған бұл оқиға кесірінен 10 адам қаза болған. Шабуылшылардың мақсаты елді одан әрі бөле түсу еді, дейді сарапшылар.

Бағдаттағы төрт және Мосулдағы бір шіркеу үйі нысанаға алынған болатын. Олардың ішінде ассириялықтар мен армяндардың, халдейліктердің шіркеулері де бар екен. Бұл бомбалық шабуыл кесірінен АҚШ әскери өкілдерінің айтуынша, 10 адам қаза болған. Ал, шіркеу өкілдері болса, аталған шығынды 15 адам деп көрсетіп отыр. Саддам Хусейн тақтан кетірілгелі бері християн шіркеулеріне қарсы жүзеге асып отырған бұл-алғашқы бомбалық жарылыстар болуда.

Ирақ ішкі істер министрі Фалах әл-Нақиб дүйсенбі күні бұл шабуылдарды бейбіт халыққа қарсы бағытталған деп айыптады. “Бұл-ирақтық азаматтарға қарсы, бұл Ирақ еліне қарсы соғыс. Сондықтан оған біз нүкте қоймақшымыз”-, деді министр. Сондай-ақ Ирақ ресми өкілдері осы шабуылдарды қарапайым ирақтықтарды бір-біріне қарсы қою үшін жасалған қадамдар, деп бағаласты. Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Моуаффақ әл-Рубайдің пікірінше, бұл шабуылдар Абу Мұсаб әл-Зарқауидің қолтаңбасын қайталауда. Әл-Зарқауи бұдан бұрын шиилер мен сүннілердің арасына жік салу үшін шиилердің қасиетті орындарына қарсы шабуылдар ұйымдастырған болатын, дейді талдаушылар. Ал, АҚШ әскерилерінің өкілі, полковник Майк Муррейдің айтуынша, қарапайым халыққа бағытталған мұндай шабуылдар халықтың пікірін шабуылшыларға қарсы қалыптастыратын болады.

Бағдаттағы ассириялықтар шіркеуінің дін қызметкері Башар Мунтиборда бұл қанды оқиғалар тұсында адамдар өмірін сақтап қалуға барынша тырысқандарын, сұмдық көріністердің орын алғандығы жөніндегі әсерін тілшілермен бөліскен болатын. Христиандар ел халқының 3 пайызын құрап, яғни 800 мыңдай болған екен. Саддам Хусейн билігі кезінде ол християн өкілдері мінажаттарын еркін түрде атқарған болатын. Тіпті осы қауымдастықтың бір өкілі Тарик Азиздің Саддам өкіметіндегі ең ықпалды тұлға, яғни Сыртқы істер министрі болғандығын мақала ауторы, "Азаттық" радиосының тілшісі Чарлз Рекнейгл еске салып отыр.

Кейбір християн діни басшылары Саддам билігінен кейінгі дәуірде өз діндеріне деген мұндай төзімділік сезімі төмендей түсетін шығар, деп қауіп ойлауда. Себебі, АҚШ-тың бастауындағы коалиция күштері негізінен християн елдерінен келгендіктен де, кейбір мұсылман өкілдері коалициялық күштер мен жергілікті християндар арасында байланыс бар сияқты пікірде қалуы мүмкін, дейді елдегі християн діни өкілдері.
XS
SM
MD
LG