Accessibility links

АҚШ-та қаржылық ұйымдарды лаңкестік әрекеттерден қорғау ісі жоғарғы әзірлік деңгейіне жеткізілді.


АҚШ-та қаржылық ұйымдарды лаңкестік әрекеттерден қорғау ісі жоғарғы әзірлік деңгейіне жеткізілді. Барлау мәліметтеріне қарағанда әл-Қайда ұйымы Әлемдік Банк және Халықаралық қаржы қоры сияқты ұйым ғимараттарын нысанаға айналдырмақшы.

Уашингтондағы және Нью-Йорктағы қаржылық ұйымдар ғимараттарына әл-Қайда ұйымы шабуыл жасауды жоспарлауда, деген барлау мәліметтерін Құрама Штаттарының ресми өкілдері мұқият түрде сүзгіден өткізуде. Жексенбі күні Уашингтонда баспасөз мәслихатын өткізген АҚШ ішкі қауіпсіздік басшысы Том Ридж мырза аталған қаржылық ұйымдардағы қауіпсіздік шаралары жоғарғы сатыға көтерілгендігін хабарлады. Ридж мырза басқаратын департамент белгілеген қауіпсіздік түстері тілінде айтар болсақ, қазіргі әзірлік дәрежесі қызылдан төменгі қызғылт, яғни екінші сатыдағы деңгейге жеткізілген. Мұндай шешімді қабылдауға мұқият түрде жинақталған мәліметтер түрткі болғандығын ол айтты.

Қауіп астында қалып отырған ұйымдар қатарында Ридж мырза Халықаралық қаржы қоры, Уашингтондағы Әлемдік банк және Нью-Йорктегі Қор биржасы мен бірнеше ірі банкілер және сақтандыру топтарын атап өтті. Ондай шабуылдар жасау әл-Қайда үшін табысты қадам ретінде есептелуі мүмкін, дейді сарапшылар. Ол шабуылдар көліктегі немесе жүк машинасындағы бомбалық жарылыстар түрінде жүзеге асуы мүмкін, деген болжам бар. Сондықтан да, дүйсенбі күні ресми өкілдер Холланд тунелінен шығатын жолдарды жауып тастаған болатын. Себебі, бұл тунель Манхеттн аймағын Нью-Жерси жағалауымен жалғастырып жатады. Дәл сол аймақтарға жақын маңда жоғарыда аты аталған қаржылық ұйымдар орналасқан. Бұл ғимараттарда жұмыс істейтіндер мен келушілерге қатаң қауіпсіздік шаралары мұқият түрде түсіндірілуде. Жол қозғалысын үстеме түрде тексеру, көліктер қоятын жерлерді қысқарту сияқты шаралар жүргізілуде.

Бұл барлау мәліметтерінің қандай бұлақтардан келіп түскендігін Ридж мырза айта қойған жоқ. Дей тұрғанмен ол Пәкістанмен арадағы байланысты тұспалдай еске салып өтті. “Пәрменді барлау қызметі мен шетелдердегі әскери іс-қимылдар, сондай-ақ әлемдегі Пәкістан сияқты одақтастарымызбен орнатқан әріптестіктеріміз осы дабылдың қағылуына әкелген хабар болып отыр”,-деді Ридж мырза. “Уашингтон пост” газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, Пәкістан мен АҚШ күштерінің Пәкістандағы әл-Қайда бөлімдеріне қарсы өткен аптада жасаған бірлескен рейдтері туралы құжаттарда осындай ақпараттар бар сияқты.

Түрлі сарапшылардың пікірінше, әл-Қайда қазіргі кезде бір орталыққа бағынған, тұтас ұйым емес. Сондықтан барлау ұйымдары мұқият түрде мәлімет жинағанымен, ол бәрібір осы ұйымның әрекеттері жөніндегі тұтас көріністі бейнелеп бере алмас еді. Осы себепті де барлау қызметкерлері, жоғарыда айтылған ықтимал шабуылдардың дәл уақытын айта алмайтындығын Ридж мырза еске салып өтті. Дей тұрғанмен сақтық, әзірлік шараларын жүргізу аса маңызды деді ол.
XS
SM
MD
LG