Accessibility links

Хакерлер электрондық жүйенің майын тамызамыз деген Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының веб-сайтын бұзды


Дүйсенбі күні хакерлер Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының веб-сайтын бұзды.

Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиева журналиcтерге берген түсініктемесінде бұл жерде үлкен шу шығарудың қажеті жоқ деді. Сондай-ақ ол бір-екі күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясы өзінің жаңа веб-сайтын ашатынын және қазіргі сайттағы барлық ақпараттар жаңа сайтқа көшірілетінін хабарлады:

-Орталық сайлау комиссиясы ашық түрде жұмыс істейді. Біздің сайтымыз қорғалмаған, интернет жүйесінде жұмыс істейміз. Сол себепті сайттардың бұзылмайтынына кепілдік жоқ. Енді жаңа сайтты қорғауға аламыз, оны ешкім бұза алмайды.

Компьютер саласының маманы Мұраттың айтуынша, сайттарды ешкім бұзып кіре алмайтынына кепілдік беру қиын:

-Сайттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен қаржы керек, одан кейін жақсы мамандарды тарту қажет. Сайтты үнемі жаңартып отыру керек. Өйткені уақыт өте келе оның бәрі ескіреді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай көптеген ірі фирмалар мен банктердің сайттарын бұзып кіріп жатыр. Менің ойымша, қанша жерден қауіпсіздік сақталғанымен сайтты ешкім бұза алмайтынына кепілдік беру қиын.

Осы күні Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен “Руханият” партиясы мен “Қазақстандағы Коммунистік Халықтық” партиясы өтті. Ал “Ауыл”, “Ақ жол”және сайлауға бір блокпен түсетін “Аграрлық” пен “Азаматтық” партиялар тіркеуден өтуге қажетті құжаттарын тапсырды. “Азаматтық” партияның серкесі Азат Перуашев өз партиясының “Аграрлық” партиямен сайлау алдында бір блокқа бірігуін былай түсіндірді:

-Осы блок тек сайлау науқаны кезінде ғана жұмыс жасайды. Ал сайлау өткеннен кейін 20-дан астам депутатымыз болса деген үміт бар, екі фракция құрайық деп отырмыз.

Аталмыш блоктың партиялық тізімі Мәжіліс депутаты, “Aграрлық” партияның төрағасы Ромин Мадиновпен басталады.Ал “Руханият” партиясының тізімінде алғашқы болып Алтыншаш Жағанова тұр. “Ақ жол” партиясының тізімін Әлихан Бәйменов бастайды:

-Біздің қоғамдағы ең ауыр, бәріміз бірігіп емдейтін дерт жемқорлықпен,сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сондықтан біз жемқорлықпен күресті бағдарламамыздағы ең басты мәселе деп отырмыз. Бағдарламамыздың тағы бір үлкен бөлігі билікті халыққа жұмыс жасататын тетіктер іздестіру.Сол бағытта саяси жүйені жетілдіру.

Жалпы осы күнге дейін Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен төрт партия өтті.
XS
SM
MD
LG