Accessibility links

Қазақстандағы балаларға арналған басылымдар жаппай жабылып қалудың алдында тұр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған бұқаралық ақпарат құралдарының саны күн өткен сайын қысқарып, олар тіпті мүлдем жойылып кетудің алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан Қазақстандық жас журналистер және балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдардың басшылары тығырықтан шығудың жолдарын іздестіруде.

Жекелеген журналистер балаларға арналған газет-журналдар қызықтырақ болу үшін онда көтерілетін тақырыптар аясын кеңейтсек, мәселен басылым бетінде жастарға таңсық секс мәселесін жазсақ қалай болады деген бастама көтеріп отыр. Республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы тиражды көбейту мәселесін басқа жолдармен де шешуге болады. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарды қосымша құн салығынан босатса, біраз проблемалар өздігінен шешілер еді дейді.

«Балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдардың мәселелерін оңтайлы шешу үшін заңдық тұрғыдан қолдау қажет. Ол үшін ең алдымен жастар Үкімет қайта әзірлеп жатқан заң жобасының талқылауына белсенді түрде ат салысуға тиіс» дейді Американдық Заңгерлер қауымдастығының жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау орталығының заңгері Сергей Власенко. Ал жастар үшін шығарылып жатқан газет-журналдар тиражының күннен күнге азайып бара жатқандығы тұрғысында Қазақстан баспасөз-клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев: «кейбір басылым басшылары көбінде өзімбілемдікке салып, жастарға қызық емес тақырыптарды қаузап кетеді, бұл мәселенің туындауына соның да әсері болуы мүмкін» деп отыр:

- Жұрт Ресейдің журналдарын оқиды. Ол жерде түрлі қызықты тақырыптар көтеріледі. Тек қана музыка, секс мәселесі ғана емес Ресейлік журналистер саясат, экономика тақырыптарында да жақсы-жақсы материалдар басады. Меніңше, бұл - газетті басқарып отырған адамдардың арқасы. Біздегі редакторлар, менеджерлер көбінесе жастардың не оқығысы келетінін білмей, өзінше бірдеңелер жаза береді. Ал оны сосын кім оқиды.

Ал республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы жастар басылымдары тиражының күрт азайып кетуінің себебін басқаша түсіндірді. «Қазір жұрттың бәрі балалар журналдарының мәселесін ойлағыш болып алды, ал шын мәнісінде солардың көбісінің көкейінде басылымға бөлінетін қаржы тұрады» дейді «Ұлан» басшысы:

- Қазір барлық жерде жұрттың бәрі жаппай балалардың қамын ойлағыш болып кетті. Ал негізінде оларды мазалап жүрген әлгі қаржы мәселесі меніңше. Мәселен аудандық газеттер қазір басқа амалға көшіпті. Бүгінде бұрынғыдай колхоз-савхоздар жоқ. Аудандық газеттерге кім жазылады? Олар қазір мектеп оқушыларына: «мынаған жазыл, бұл сенің де газетің» деп ішінен 1 бет беріп қояды. Осылайша балалардың арқасында үлкендердің газеті күн көріп жатыр.

Жастар басылымдары туралы сөз қозғалғанда, жас журналистердің қоғамдық өмірге бейімделуі, университет бітірген соң тәжірибе алу, жұмысқа орналасу мәселелері де балалар мен жасөспірімдерге арналған газет-журналдар санының азаюына әкеліп соқтырады деген пікірлер айтылды. Республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы, Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі Сұлтан Қалиұлы жастар басылымдарын құтқарып қалу үшін мемлекет қол ұшын созуға тиіс дейді:

- Ресейде естиміз әлгі басылымдарға салынатын қосымша құн салығы алынып тасталған деп. Бізде соны ең құрымаса, балалар басылымынан алып тастаса ғой. Әйтпесе, міне темір жол тарифтері өскелі жатыр дейді. Соған байланысты қазір газеттердің жазылу құны анықталмай тұр. Егер темір жол тасымалының бағасы қыбаттаса, газет құны да қымбаттайды. Ал ол - газет таралымының азаюуына әкеліп соқтырады.

Ал, «Teenager» жастар газетінің редакторы Светлана Познякова алдымен жас журналистер басындағы қат-қабат қиындық шешілмей, жастарға арналған басылымдардың проблемасын талқылау қисынға келмейді дегенді айтты. «Газет-журналдарға нені қалай жазу керек екендігін біліп барған жас маман болашақта сол басылымның өркендеуі үшін қызмет істейтін болады. Ол жұмысқа тұрған басылымда қазіргідей мәселелер кездеспеуге тиіс» дейді Светлана Познякова.
XS
SM
MD
LG