Accessibility links

Қазақтың «Көшпенділер» атты фильмін американдықтар бастап, орыстар аяқтамақ.

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақ киносының тарихындағы ең ірі жоба – «Көшпенділер» фильмі турасындағы әңгіме әлі толастар емес. Тұтастай алғанда аталған кино түсіріліп бітер тұста яғни, картинаның 40 проценті қалғанда фильмнің режиссері Иван Пассер өзінің американдық кино түсіруші тобымен жұмыстарын одан әрі жалғастырмайтындықтарын айтып, елдеріне қайтып кеткен. Бұған дейін бұл жобаға Қазақстан үкіметі 25 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Сөйтіп, осынша қаржы игеріліп, аяқсыз қала жаздаған фильмге дереу тегі ресейлік, қазірде Голливудта бағын сынап жүрген Сергей Бодров режиссер ретінде тартылып отыр.

«Көшпенділер» фильмінің шығармашылық тобының айтуынша, аталған кино түсіріліп бітер тұста фильмнің режиссері, голливудтық кино маман Иван Пассердің өзінің американдық кино түсіруші тобымен жұмыстарын тоқтатуына басты түрткі болған жайт қаржы мәселесі екен.

Алайда бұл мәселеге орай осы жобаға жауап беретін ресми органдар мен «Қазақфилъм» киностудиясының басшылығы қандайда бір мәлімет беруге асығар емес. Тіпті жобаның Қазақстан жағының үйлестірушісі, режиссер Талғат Теменов бұл бойынша дерегінің аз екенін айтады.

Алайда осы фильмге түсіп жатқан артист Досқан Жолжақсынов ендігі кезде картинаны толық аяқтап шығу үшін американдық режиссер Иван Пассердің 15 миллион АҚШ долларын сұрағанын, оған қазақстан жағы мұндай қаржыны тауып бере алмайтындықтан хош айтысқандықтарын «Азаттық» радиосына берген сұхбатында бүкпесіз айтып берді.

Кинотанушы Назира Рахманқызы мұндай тығырыққа тірелудің себебін Қазақстанда киноны саясиландырудың салдарынан іздейді.

Ал режиссер Кенжебай Дүйсенбайұлы қазақ киногерлерінің мұндай күтпеген жағдайға тап болуының себебі елдегі өнер саласын басқарып отырған шенеуніктердің жауапсыздығынан дейді.

Сөйтіп, көптеген әңгімелер мен тығырықтарға тап болған «Көшпенділер» фильмі қалай болғанда да алдағы күзде көрермендеріне жол тартпақ екен.
XS
SM
MD
LG