Accessibility links

Қазақстанда тағы бір «Хизб-ут-Тахрир» ұйымның мүшесі 2 жылға сотталды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сәрсенбі, тамыздың 4-і күні Шымкент қалалық сотының судьясы Шара Бисенбиева 20 жастағы Қуаныш Бекжанов деген азаматты 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бекжановқа «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының парақшаларын таратқаны үшін Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 2 бабы бойынша айып тағылған болатын. Шымкенттегі гуманитарлық университеттің заң факультетінің 4-ші курсында оқитын Қуаныш Бекжанов 2003-ші жылдың қарашасында қаладағы мешіт маңында парақша таратып жүрген жерінен қамауға алынған еді.

20 жастағы студент Қуаныш Бекжанов сот барысында өзінің бар болғаны исламды дәріптеп жүргенін, конституциялық құрылымды өзгерту туралы мүлдем ойланбағанын айтыпты. Қуанышқа үкім шығарған Шымкент қалалық сотының судьясы Шара Бисенбиева сәрсенбі, тамыздың 4-і күні осы мәселеге қатысты «Азаттық» радиосына түсінік бере келе, «ешқандай қылмыскер мен жазықтымын деп айтушы ма еді» дейді:

- Енді ол айта береді де, өзінің басын қорғау үшін. Заң бойынша оған ондай құқық берілген. Ондай қылмыс жасадым деп кім айтады. Бекжановтың қолында өзі таратып жүрген жерінде ұсталған үндеу қағаздары бар. Ол қағаздарда: «Оларды кездескен жерлерде өлтіріңдер және сендерден тартып алған жерлерден оларды қуып шығыңдар» деп жазылыпты. Бұл сөздердің қаншалықты қылмыс екенін тіл мамандары арнайы сараптамалық жұмыс барысында анықтады. Ал біз сол сараптама қорытындысын негізге алып үкім шығардық.

Шара Бисенбиева «Хизб-ут-Тахрир» ізбасларына қатысты осымен екінші рет үкім шығарып отырғанын айтады. Болашақ заңгер Қуаныш Бекжанов қылмыстық кодекстің 164-ші және 337-ші баптарымен айыпталыпты. «Жалпы «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының мүшелері негізінен бірдей баптармен сотталады» дейді Шымкент қалалық сотының судьясы Шара Бисенбиева:

- Ол азаматты Қазақстан республикасының территориясында тіркеуден өтпеген, заңмен белгіленген тәртіппен республика әділет органдарында тіркелмеген ұлттық, рулық, таптық және діни төзбеушілікті, артықшылықты уағыздайтын және оны іс жүзінде жүзеге асыратын «Хизб-ут-Тахрир» діни-саяси бірлестігінің қатарына мүше болып кіргендігі. Адамдар арасындағы діни араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадыр-қасиетін, діни сенімдерін қорлауға бағытталған ислам мемлекеті болып, халифат құруға жария түрде шақыратын үндеулерді таратып, аталған бірлестіктің қызметіне белсене қатысқаны үшін деп айыптап отырмыз.

Шымкент қалалық сотының судьясы Шара Бисенбиева Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының ізбасарлары көптеп көрініс бере бастағанын айтады. Естеріңізге сала кетсек дүйсенбі, тамыздың 2-сі күні Павлодар қалалық сотында дәл осындай 2 айып тағылып отырған, яғни «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының парақшаларын таратқан деп айыпталған Владимир Севастьяновқа қатысты сот ісі басталғанын хабарлағанбыз. Павлодар қалалық соты үстіміздегі жылдың шілдесінде Владимирмен бірге қамауға алынған тағы екі азамат Руслан Ғинатуллин мен Арман Қамзиндерге 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Шымкент қалалық сотының судьясы Шара Бисенбиева: «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы халық арасында аса беделге ие емес, тіпті ол бірлестікке мүше болып кеткен ұлдарын ата-аналары өз қолдарымен ұстап берген жағдайлар да кездескен» дейді:

- Мысалға біздің бір судья қараған бір істі. Сонда баласын өзінің әкесі әкеліп ұстап беріпті. Ол кісі : «міне, баламның көзқарасы өзгеріп, осындай бірдеңе болды, намазды аузынан тастамайды, айтатыны басқа әңгіме» деп өзі ұстап әкеліп берген.

Жуырда ғана Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Тәшкендегі лаңкестік әрекеттерге тап осы Қуаныш Бекжанов парақшаларын таратты деп айыпталып отырған «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы кінәлі деген мәлімдеме жасаған еді. Сол уақыттан бері Қазақстанда айналасы 2-3 күннің ішінде 2 азаматқа сот 2 жылдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
XS
SM
MD
LG