Accessibility links

Алматы облысындағы сайлау комиссияларына мүшелiкке партиялардан сайланған 50 адам бұл қызметтi атқарудан бас тартты

  • Ескендір ЕРТАЙ

Орталық сайлау комиссияларының мүшелерi Қазақстанның облыс орталықтарын аралап, алдағы Парламент Мәжiлiсiне депутаттар сайлауына дайындық барысын тексеруден өткiзуде. Олар алдымен Алматы облыстық сайлау комиссиясының жұмысын тексерген кезде сайлау комиссиясының 50-ден астам мүшелерi бұл қызмет түрiмен айналысудан бас тартатындықтарын айтып, жергiлiктi, аудандық, округтiк комиссия төрағаларына арыз жазғандықтары анықталды. Олардың 32-сi өз өтiнiштерi бойынша босатылған.

Алматы облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерiк Әбитовтың айтуынша, облыста 920 сайлау учаскесi бар. Олардың барлығы да тиiстi жабдықтармен жарақтандырылған. Сайлау комиссияларының тiзiмi БАҚ-ы арқылы таныстырылған. «Бастапқыда партия мүшесi болғандықтан келiсiм бергенiмен сайлау комиссиясының 50-ден астам мүшесi бұл қызмет түрiнiң оңай еместiгiн байқады»,-дейдi Ерiк Әбитов.

«Ал, сайлау үрдiсiн ұйымдастыруға қатысқан жергiлiктi халық өкiлдерi қыруар қаржыдан қамтып қалғысы келедi. Олай ету мүмкiн емес. Кей адамдардың жалақыға байланысты кетiп жатуы да мүмкiн”, дейдi Орталық сайлау комиссиясы жалпы бөлiмiнiң бастығы Баян Дәрмурзина.

«800 мыңнан астам сайлаушысы бар өңiрде қызмет ету оңай шаруа емес.Оған бюджеттiң бөлген қаржысы толық жете бермейдi. Саяси партиялар өз қорларынан жұмсалған қаражат туралы Орталық сайлау комиссиясы алдында есеп бередi. Негiзiнен, әрбiр партия өз мүшесiнiң толыққанды жұмыс жасауына қаржы бөлуiне рұхсат бергенi дұрыс болар едi. Бiрақ бiздiң қазiргi заңымыз бұған жол бергiзбейдi»,-дейдi Баян Дәрмұрзина.

Орталық сайлау комиссиясының қаржы-бақылау бөлiмiнiң бастығы Қарлығаш Сыдықованың айтуынша, сайлау науқаны кезiнде жұмсалатын қаржы белгiленген шектен аспауы тиiс. «Алматы облысындағы сайлауды өткiзуге жалпы көлемi 107 миллион 803 мың теңге бюджеттен бөлiндi. Депутаттықтан үмiткерлер 11 миллион, саяси партиялар 99 миллион теңгесiн тек көрсетiлген мақсаттарға ғана жұмсай алады. Ол қаржының қалай жұмсалғандығы соңынан тексерiледi»-дейдi ол.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметiнiң мәлiметiне қарағанда қазiр республика бойынша 9480 сайлау учаскелерiнде партиялық тiзiммен сайланған 52360 адам комиссия мүшесi ретiнде Парламент Мәжiлiсiне депутаттар сайлауын өткiзуге жұмылдырылған.
XS
SM
MD
LG