Accessibility links

Қазақстанда әділет полковнигі жазасын өтеуші азаматтың қолынан қаза тапты

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Ақтау қаласында тамыздың 3-і күні қастандықпен өлтірілген әділет полковнигі Геннадий Ковганға қол жұмсаған азаматқа қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Алтай Бошанов тамыздың 5-і күні қарақшылықпен айналысқаны үшін жазасын өтеп жатқан Виктор Блохин деген азаматтың полковник Ковганды өлтірген күдікті ретінде қамауға алынғанын, қазір ол азаматтың өз кінәсін мойындап отырғанын хабарлады. Естеріңізге сала кетсек, бұрынғы ішкі істер қызметкері Геннадий Ковган өз саяжайында сейсенбі күні кісі қолынан қаза тапқан болатын. Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы тергеу басқармасының тергеушісі Сергей Москаленько қазір жазасын өтеп жатқан азаматтың әділет полковнигі Геннадий Ковганның саяжайында жұмыс істеп жүрген әрекетінің қаншалықты заңға сыйымдылығын анықтап жатырмыз дейді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Алтай Бошанов осы оқиғаға қатысты «Азаттық» радиосына сұхбат берген кезде, әділет полковнигі Геннадий Ковганға қол жұмсаған Виктор Блохин деген азаматтың дер уағында қамауға алынып, тиісті орындарға табысталғанын жеткізді:

- Ол кісі қазір ұсталынды. Өзі айтып отыр өлтіргенін, солай жасадым деп. Қылмысты аштық. Өлтірген кісі ұсталынды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алтай Бошановтың айтуынша, әділет полковнигінің қанын мойнына жүктеген Виктор Блохин деген азамат 2002-ші жылы Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 179-шы бабының 2-ші тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айрылған екен. Бүгінде Өзбекстан республикасының Самарқанд қаласында туған 44 жастағы жазасын өтеп жатқан азаматтың бұрынғы ішкі істер қызметкері Геннадий Ковганның саяжайында жұмыс істеп жүргендігінің заңғы сыйымдылығы тексерілуде дейді Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Алтай Бошанов. Оның айтуынша, жалпы қоныстандыру мекемесінде жазасын өтеуші азаматтардың бостандыққа шығып еңбек етуге құқысы бар:

- Оларға заң бойынша рұқсат етілген. Яғни, онда жазасын өтеушілерге сыртқа шығып та жұмыс істеуге болады.

Осыдан 1 ай бұрын ғана зейнетке шыққан Геннадий Ковган 2004-ші жылдың шілдесіне дейін Маңғыстаудағы қылмыстық атқару жүйесін басқарған еді. Бейсенбі, тамыздың 5-і күні осы оқиғаға қатысты тергеу жұмысын жүргізіп жатқан Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы тергеу басқармасының тергеушісі Сергей Москаленько күдікті Виктор Блохинға қылмыстық кодекстің 96-шы бабының 1-ші тармағы бойынша, яғни ешқандай салдарсыз кісі өлтірген деп айып тағылатынын хабарлады. Полиция қызметкерлерінің белсенді жұмыстарының арқасында бас-аяғы 2 күннің ішінде оның барлық кінәсі мойнына қойылды дейді тергеуші Сергей Москаленько:

- Барлық айғақтар жиналды. Қазір тек күдіктінің қылмысты мойындауын күтіп отырмыз.

Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы таратқан мәліметтерге қарағанда, жазасын өтеуші Виктор Блохин сол қылмыстық оқиға орын алған күні әділет полковнигі Геннадий Ковганның саяжайында көлік жөндеп жүріпті. Алдын-ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол бұрынғы ішкі істер қызметкеріне мастықпен пышақ жұмсаған көрінеді. Тергеуші Сергей Москаленько: «Біз қазір Блохиннің саяжайда заңды жолмен жұмыс істеген-істемегенін анықтауға күш салып жатырмыз. Жалпы жазасын өтеуші бостандықтағы шаруашылық қызметке қылмыстық атқару жүйесі мен жеке кәсіпкер арасында жасалынған келісім-шарт негізінде шығыпты. Осы құжаттардың ақ-қарасын анықтаған соң, барлық күдік сейіледі» дейді:

- Заң бойынша рұқсат берілген. Тек маған енді барлық құжаттарды әкелуге тиіс. Сол келісім-шарт құжаттары дұрыс болса, онда бұл жерде ешқандай мәселе туындамайды.

Ал егер жазасын өтеушінің келісім-шарт жүйесімен бостандықта жұмыс істеу құжаттарынан шикілік шығып жатса, бұл іске әділет министрлігінің мамандары да жұмылдырылатын болады дейді, Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы тергеу басқармасының тергеушісі, полиция майоры Сергей Москаленько.
XS
SM
MD
LG