Accessibility links

Алматы ипподромында жүлде қоры 13000000 теңгені құрайтын ат жарысы болып өтті


Жексенбі, тамыздың 8-і күні Алматы ипподромында жалпы жүлде қоры 13 миллион теңгені құрайтын ат жарысы болып өтті. Ипподромның баспасөз хатшысы Ахат Разақ дүбірлі бәйгіге Қазақстан мен Қырғызстан республикаларынан 200-ге жуық ат қатысқанын айтып отыр. 13 миллион теңге 10 түрлі ат шабысының жүлдегерлеріне өзара бөлініп берілді дейді ипподром баспасөз хатшысы. Ахат Разақтың айтуынша, ипподромның биылғы маусымдық жүлде қоры 450 мың долларға жуық қаржыны құрайды екен.

Жексенбі, тамыздың 8-і күнгі ат жарысындағы басты жүлде – «Қазақстандық Дерби», яғни 2400 метрге шабатын 3 жасар қылқұйрықтар еншісіне тиіпті. Алматы ипподромының баспасөз хатшысы Ахат Разақтың айтуынша, бұл жүйедегі бәйгіде топ жарған сәйгүлікке 3 жарым миллион теңге берілген. Ипподромның жылдық жүлде қоры 450 мың долларды шамалайды деген Ахат Разақ ол қаржының қайдан келеті жайында былай баяндап берді:

- Бұл ипподромды 12 адам қосылып мемлекеттен сатып алған. Сөйтіп Акционерлік қоғам құрған. Жаңағы жүлде қоры осы кісілердің қалтасынан шығады. Ол кісілерге ешқандай пайда жоқ. Олар сол осы Қазақстандағы ат спортын дамытсақ деп жүрген азаматтар. Барлығының да үлкен-үлкен ат зауыттары бар.

1991-ші жылдан 2000-ші жылға дейін Алматы ипподромында ешқандай ат жарысы өткізілмепті. Ахат Разақ: «қазір Қазақстанда ат спорты қайта жандана бастады. Дәл бүгінгі таңда ат спортының дамуы жағынан Қазақстанмен бұрынғы Кеңестік республикалар құрамында болған мемлекеттердің ешқайсысы тайталаса алмайды» дейді:

- Біз ат спорты жағынан ТМД аумағында қатты дамып келе жатырмыз. Біздегідей жүлде қоры бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының ешқайсысында жоқ. Олардың ешқайсысында мұндай ат жарыстары болмайды.

Ипподромның жыл сайынғы жүлде қоры қатты қарқынмен көбеюде. Мәселен былтырғы жүлде қоры 150 мың АҚШ доллары болса, биыл бұл көрсеткіш 3 есеге өскен. Ипподром басшылығы осындай өсіммен таяу жылдарда әлемдік ат спортына қосылуға құлықты екенін хабарлап отыр. Кейбір атбегілер жылқы шаруашылығының соңғы жылдары қарқынды дамуының себебін бұл салаға жоғары лауазымды шенеуніктердің де көңіл бөле бастағанымен байланыстыруда. «Қазақстан-тудей» ақпарат агенттігі Алматы ипподромының құрылтайшыларының арасында Қазақстан республикасының премьер-министрі Даниял Ахметов пен президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтардың аты-жөндері бар екенін жариялапты.
XS
SM
MD
LG