Accessibility links

Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғындары Көктөбеге шығатын тас жолды жауып тастаймыз деп отыр.


Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғындары Көктөбеге көтерілетін маңдағы тас жолды жауып тастаймыз деп отыр. Бұған осы жолмен күндіз-түні түрлі құрылыс материалдарының қалдықтары мен топырақ таситын ауыр жүк көліктерінің әрекеті себеп болыпты. Сенбі, тамыздың 7-сі күні аталған аудан тұрғындары билік өкілдеріне соңғы ескерту іспетті жиын өткізді. Оған экологиялық «Табиғат» қозғалысының өкілдері де қатысты. Аудан тұрғындарының айтуынша, Алматыда салынып жатқан зәулім ғимараттар орнынан шыққан керексіз топырақ пен түрлі қоқыс Көктебе бөктеріндегі экологиялық ахуалға залалын тигізуде. «Ластанған ауамен дем алатын бала-шағамыз түрлі ауруларға шалдығуда» дейді тас жолды жауып тастауға бекінген тұрғындар.

Экологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанына алаңдаушылық білдірген тұрғындар тас жолды жауып тастауға бұған дейін де 3 рет әрекеттеніпті. «Топырақ тиеген ауыр жүк көліктері өрге көтерілгенде, залалды газ бөліп шығарады, одан денсаулығымызға зиян келуде» дейді Алматы қаласы Медеу ауданының Яблочноя көшесінің тұрғыны Вильдан Рахимов:

- Мына жерде таза ауамен тыныстау еш мүмкін емес.

Көршісінің бұл сөзін осы көшенің тұрғыны Елубай Құлыбаев та қуаттап отыр. «Табиғаты әп-әдемі тау бөктерінде тұрып жатыр едік. Енді лас ауамен дем алған балаларымыз жаппай кеуде дертіне шалдығуда» дейді Елубай Құлыбаев:

- Мына жолмен жүруге болмайды. Бұны жабу керек. Міне қазір мына жоғарғы жақтан Камаз, Краз деген бәлелер шықты. Күні-түні тыныштық жоқ. Демалғанымыз қап-қара түтін. Балалардың бәрі ауырып жатыр. Не үйге тыныштық жоқ. Тау бөктерінде орналасқасын, үлкен жүк көліктері жүргенде, үйдің бәрі селкілдейді. Жақында құлап қалатын шығар үйіміз. Бұл дегеніңіз сұмдық қой. Талай айттық. Ешкім құлақ салмайды. Біз ешкімге керексіз сияқтымыз. Қара түитінмен демалған балалардың бәрі демікпе болып бітті. Соларды күнде ауруханаға алып барамыз.

Біз осы сауалдарға қатысты түсінік алу мақсатымен Алматы қаласы Медеу ауданының әкімшілігіне хабарластық. Хатшы қыз аудан әкімі Владимир Васильев мырзаның маңызды жиналыс өткізіп жатқанын айтып, бізді әкімнің көмекшісіне қосты. Ол кісі бұл мәселеге түсінік беру оның өкілеттілігіне кірмейтінін айтып, сәл кейінірек хабарласуымызды өтінді:

- Аудан тұғындары қоқыс тасымалданып жатқанына наразылық білдіріп жатыр ғой?.. Мен бұл мәселеге қатысты түсінік бере алмаймын. 10-15 минуттан кейін хабарласыңызшы.

Біз әкім көмекшісіне 15 минуттан кейін телефон соққанымызда Медеу ауданы әкімшілігіндегі хатшы қыздан: «біз сенбі күні түске дейін ғана жұмыс істейміз, ол кісілер кетіп қалды, енді болмайды» деген жауап алдық. Ал, наразылық жиынын өткізіп жатқан тұрғындарға кеңес беруге келген «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэльс Елеусізов: «мәселенің ақ-қарасын анықтап алған соң, сотқа жүгініп, әділдік талап етуге болады» дейді:

- Енді қазір барып көреміз. Заңды ма, заңсыз ба. Заңсыз болса, оны тоқтату керек. Тіпті болмай бара жатса, бұл жерге сол құрылыс материалдарының қалдығын әкеліп төгіп жатқан «Элит Строй» тағы сол сияқты мекемелерді сотқа береміз.

Ал осы «Табиғат» экологиялық қозғалысы төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқтай бұрындары мұндай жағдайдың болмағанын айтады. «Өйткені, ол кезде жер - мемлекет меншігінде болатын. Қазір олай емес, жер қожайындары ойларына келгенін істеп, халықтың мұң-мұқтажын құлағына ілмей отыр» дейді Қуаныш Мұқтай:

- Бұрын бұлай болған жоқ еді. Мынау жер кодексіне қалай қол қойылды, солай басталды. Ақшасы барлар қала орталығынан әдемі-әдемі деген жерлерді сатып алып, маңайындағы ағашын отап, керек емес ғимараттарын қиратуға кірісті. Ол жерлерден зәулдім мейрамхана, қонақ үйлер салып жатыр. Ал, шыққан топырақ, күл-қоқысты міне мына Көктөбенің баурайына әкеліп төгуде.

Наразылық акциясын ұйымдастырушы тұрғындар: «егер билік өкілдері талап-тілектерімізге мән бермей, тағы да таскереңдік танытатын болса, алдағы уақытта Көктөбеге көтерілетін тас жолды міндетті түрде жауып тастаймыз» деп уағдаласып, үй-үйлеріне тарқасты.
XS
SM
MD
LG