Accessibility links

Жол ақысының қымбаттауына наразылық білдірген Алматылық зейнеткерлер қалалық әкімшілік алдында пикет өткізді


Дүйсенбі, тамыздың 9-ы күні бір топ зейнеткер Алматы қаласының әкімшілігі ғимаратының алдында пикет ұйымдастыды. Олар тамыз айынан бастап қаладағы қоғамдық көліктердегі жол ақысының қымбаттауына наразылық білдіріп отыр. Пикет ұйымдастырушы топтың белсендісі, зейнеткер Нина Талакина Астана мен тағы да 11 қаланың зейнеткерлері қоғамдық көліктерде тегін жүретінін айтты.

Тамыз айынан бастап Алматы қаласындағы кейбір бағыттарға жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердегі жол ақысы қымбаттаған болатын. «Бұрын 10 теңге төлеуші едік, қазір 15 теңге төлейтін болдық. Ол - тиын санаған зейнеткерлер қалтасына қосымша салмақ болып отыр» дейді зейнеткер Нина Талакина:

- Бұл біз үшін үлкен ақша. Зейнеткерлер онсыз да әрең күн көріп жатыр. Сондықтан да біз тек өзімізге тиесілі жәрдемақыларды талап етіп отырмыз.

«Біз билік өкілдерінен өзімізге тиесілі жеңілдіктерді ғана сұрап отырмыз. Ол ұстанымымыздан танбаймыз» деген Нина Талакинаның пікірін келесі зейнеткер Нина Яковина да қуаттап отыр. 48 жыл зауытта еңбек еттім деген Нина Яковина: «жығылған үстіне жұдырық, жол ақысымен қатар азық-түлік бағасы да шарықтап барады» дейді:

- Бізге қазір өте қиын болып кетті. Міне, жақында нанның бағасы 5 теңгеге өсті. Ол басқа біреу үшін түк емес шығар, ал зейнеткер үшін 5 теңге деген біраз қаржы.

Біз осы мәселеге қатысты Алматы қалалық көлік және коммуникация департаментіне хабарластық. Департамент төрағасының орынбасары Серік Жұмабеков зейнеткерлердің наразылығына байланысты: «жол ақысы тиісті заңдарға сүйеніп қымбаттатылды. Бұл ретте ешкімнің де құқығы бұзылған жоқ» деп түсінік берді:

- Заң бойынша біз ешкімге де тыйым сала алмаймыз. Жолаушылар тасымалшылаушы 4-5 компанияның өкілдері сол заңдарға сүйеніп, өздерінің бағыттарына жол ақысын көтерді. Біздің департамент қызметкерлері қазір жағдайды бақылап отыр.

Ал Алматы қалалық мәслихатының бас маманы Нәбиболла Жүнісбай «жол ақысы негізсіз қымбаттаған сияқты» деген пікір білдірді. Оның айтуынша, алдағы жұма, тамыздың 13-і күні қалалық мәслихат осы мәселеге қатысты арнайы жиын өткізбек. «Онда көлік компанияларының басшыларына зейнеткерлерге қатысты жол ақысы бұрынғы мөлшермен қалсын деген ұсыныс айтпақшымыз» дейді Алматы қалалық мәслихатының бас маманы Нәбиболла Жүнісбай:

- Біз жұма күні мәслихатқа көлік басшыларын шақырып жиналыс өткіземіз. Ол жерде «бағаны не себептен көтердіңіздер, қайтадан бұрынғы қалпына қалдырыңыздар» деген өтініш айтпақшымыз. Әрине, бұл қымбаттаушылық зейнеткерлерге қиын тиеді. Сондықтан да біздің депутаттар бұл әрекетке ренжіп жатыр. Сол жұма күні барлық жағдайды анықтаймыз.

Ал әкімшілік ғимаратының алдында пикет ұйымдастырған зейнеткерлер: «жол ақысының қымбаттауына жанар-жағар май бағасының көтерілуі себеп болды деген сылтауға сене алмаймыз» дегенді айтады. Зейнеткер Нина Талакина наразылық білдірген қарттар алдына шығып, баға өзгерісінің мән-жайын түсіндірген департамент өкілінің сөзі «шындыққа жанаспайды» деп отыр:

- Бұлардың ылғи да айтатыны: «ойбай, бензин бағасы қымбаттап кетті» деген емес пе?..

Зейнеткер Нина Талакина:

«Қазақстанда Алматыдан басқа қалаларда тұратын зейнеткерлер қоғамдық көліктерге көк тиын төлемей, тегін жүреді. Ал біз төлеп жүрген 10 теңгені азсынған билік өкілдері ол бағаны тағы да 15 теңгеге қымбаттатты» деп наразылық білдірді. Осыған орай Алматы қалалық мәслихатының бас маманы Нәбиболла Жүнісбай:

«Pеспублика бойынша зейнеткерлердің 4-тен 1-і Алматыда тұрып жатыр. Осыған байланысты Оңтүстік Астанадағы зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұра алмайды» дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG