Accessibility links

Адам ұрлап, құлдықта ұстағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.


Бұрын мектепте ағылшын пәнінен сабақ берген, қазіргі “Нұрлы таң” деп аталатын шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Сайлыбаевты адам ұрлап, құлдықта ұстағаны үшін деген айыппен тамыздың 5-күні Алматы облысы Ескелді ауданының соты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сот үкімі бойынша, қылмыскер жазасын қатаң тәртіпті түзеу мекемесінде өтейді. Үкім Қазақстан Республикасының 125-бабының 3-тармағына сәйкес шығарылды.

Талдықорған қаласында орналасқан “Механикаландырылған жұмыстар” серіктестігінің Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылындағы қосалқы шаруашылығының жұмысшысы, 48 жастағы Александр Степенко 2002 жылы тамыздың 6-сында Бақытжан Сайлыбаевтың осы ауылда тұратын күйеу баласы, орта мектептің директоры Марат Ахметбековтың үйіне қонаққа барғаннан кейін кері қайтпай қалады. Ескелді ауданының прокуроры Әбдіқажым Рысдәулетовтың айтуынша, Бақытжан Сайлыбаев пен күйеу баласы екеуі сол күні Александр Степенконы ұрлауға сөз байласқан:

- Бақытжан Сайлыбаевтың күйеу баласы Марат Ахметбеков А.Степенконы моншаға түсуге шақырады. Моншадан соң арақ беріп мас қылған соң, жәбірленушіні мәшинеге салып алып кетеді.

А.Степенко 20 ай бойы Бақытжан Сайлыбаевтың елді мекеннен жырақтағы шаруа қожалығында мал баққан. «Үй иелерінен қалған тамақ қалдықтарымен қоректенген Александрды Б.Сайлыбаев «қашсаң ұстап алып, өлтіремін» деп, үнемі қорқытып отырған” дейді Ескелді аудандық тергеу бөлімінің бастығы Тұрсынбек Дауытқұлов:

- Қылмыскердің жәбірленушіні ұрып-соғу фактілері дәлелденбеді. Алайда Сайлыбаев үнемі «сені қашсаң атып тастаймын, сені іздейтін де ешкім болмайды, ит-құсқа жем боп қаласың» деп қорқытып отырған.

Ескелді ауданының прокуроры радиомызға берген сұхбатында А.Степенко құлдықтан биылғы жылғы мамыр айының 1-күні қашып кеткен деп мәлімдеді. Аудандық прокуратураның мәліметі бойынша еріксіз құл болған жанға өзі істейтін серіктестіктегі әріптесі Қажымұқан Жамалов көмектескен дейді прокурор:

- Қажымұқан Жамалов жаз бойы аңдып жүріп, өзінің “УАЗ” маркалы мәшинесімен Степенконы мал бағып жүрген жерінен құтқарып, алып қашқан.

Б.Сайлыбаевтан зәбір көрген бір Степенко болмаған. «Тергеу барысында біз Сайлыбаевтың тағы екі адамға ақысын бермей, қара жұмысқа салғанын анықтадық» деп отыр Ескелді ауданының прокуроры Әбдіқажым Рысдәулетов:

- Байжікенов Жұмабай деген кісі жұмыс істеген. Сол адамға үш жыл бойы жұмыс істетіп ақшасын бермеген. Резина етік киіп, қыста жеңіл киіммен жүрген, үнемі тойып тамақ ішпеген оның ақыр соңында көзі көрмей қалған. Хмелев Владимир деген ақыл-есі кемістеу тағы бір адам болған. Өзі жарымжан адамды одан әрі жынды қылып жіберген. Оған үш жылғы еңбегі үшін берген ақысы 5 мың теңге мен 1 қой болған.

Бас бостандығынан айырылған Бақытжан Сайлыбаевтың тамыз айының 15-іне дейін аппеляциялық шағым беруіне құқы бар. Аудан прокурорының айтуынша, қылмыстық істе сыбайлас болды деген күдікпен қылмыскердің күйеу баласы Марат Ахметбековтің үстінен жеке қылмыстық іс ашылған. Ал екі жылға жуық құлдықта болған Александр Степенко Ескелді аудандық прокуратурасыдан берген мәлімет бойынша бұрынғы жұмыс орынан қайта оралған. Қазақстанда адам ұрлап, оның еңбегін қанау оқиғалары бірнеше мәрте қайталанып отыр. «Азаттық» радиосы үстіміздегі жылдың шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы Түйетас ауылының тұрғындары ағайынды Халитовтардың екі адамды ұрлап, құлдықта ұстағаны туралы хабарлаған еді. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы адам саудасына қарсы бағдарламасының үйлестірушісі Екатерина Бадикова мұндай оқиғалар жиі кездеседі дейді.

- Айта кететін жайт, көп жағдайда құлдыққа түскен адамдар толық кіріптарлыққа түседі. Олар қожайындарына тікелей тәуелді болып қалады. “Және көп жағдайда адамдардың ұзақ уақыт құлдықта болуына, олардың қорқып, ешқайда шағымданбауы себепші болады. Полицияға хабарласқан жағдайда құжат жоқтықтан сөзімді ешкім тыңдамай қоя ма - деп ойлайды” – дейді, халықаралық ұйымның өкілі Екатерина Бадикова.
XS
SM
MD
LG