Accessibility links

Алматы қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай поэзия күні болып өтті

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, тамыздың 10-күні Алматы қаласындағы Абай, Жамбыл, Шоқан, Мұқағали ескерткіштері мен тәуелсіздік монументі маңында «қазақтың бас ақыны» Абай Құнанбайұлының туған күніне орайластырылған «Азамат» поэзия күні болып өтті. Бұл шараға Абайтанушы ғалымдар, ақындар және Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтқан мектеп оқушылары қатысты.

«Азамат» поэзия күні шарасына ат салысушылардың бірі ақын Асқар Егеубаев: «биылғы жылды толығымен Абай жылы деп атауға болады» дейді:

- Биылғы жылдың өзін «Абай жылы» десек болады. Абайдың дүние салуына 100 жыл толуы сонау Семейдегі Жидебайдан басталып, 2-3 айдан бері аталып өтіліп жатыр. Абай күндерінің арқасында әртүрлі кездесулерге қатысып жатырмыз. Әр кездесудің өзінің жаңалығы бар. Әр кездесу сайын соны ойлар, жаңа пікірлер айтылып жатады. Яғни, қазір Абай рухы биіктеп барады.

Аз уақыттардан соң «Азамат» поэзия күніне келген қауымға арнап Асқар Егеубаев Абайдың 159 жылдық мерейтойына байланысты мынандай жыр шумақтарын ағытты:

Жидебай, Ақшоқының арасында Керуен, керуен көш жатыр, нанасың ба? Бұйдасы қара нардың бабасында Бұйдасы желмаяның анасында. Ортасында сел кешіп, самал кешіп Абай бастап барады заман көшін. Шуағын шашып жатыр көк-шаңырақ Ұлы көштен аясын ғалам несін.

Абайдың туған күніне орай өлең жазған, онысын Абай ескерткішінің түбінде оқығысы келгендер санында есеп жоқ. Солардың бірі - 6-шы сынып оқушысы Самат Құпаров балалығына қарамай, жыр шумақтарын Абайшалап жазғанын айтады:

Абай бабам, рухыңмен сырласам, Мұңымды шертем, көңілдегі тыңдасаң Ойсыздарға айтуға еш қимаған Жан сырымды саған ашпай, кімге ашам. Сөз жоқ бүгін «қалың елім» өрлеуде Үкілі үміт маздаған күйі сөнбеуде Көншімей қойды жас жаным бірақ жабырқап, Ғажап тілім, қазақ тілім өнбеуде. Қатал тағдыр кесімін еш біле алмай Дал болдық біз бишара өмір сүре алмай Мір оғындай сөзі өткір, өтімді Керек-ақ мына заманға да бір Абай.

6-шы сынып оқушысы Самат Құпаров өзі шығарған өлеңді тарту етсе, оның тұстастары Абай өлеңдерінен үзінді оқуға қаумалады:

- Мен Артықбаев Рауан, №41-ші мектептің, 8-ші сынып оқушысымын. Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»: Жасымда ғылым бар деп ескермедім Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма Қолымды мезгілінен кеш сермедім...

- Мен Сыдықова Айданамын, №41-ші мектептің 7-ші сынып оқушысымын. Абай: «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын»: Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын. Ақылдылар арланып, ұялған соң, Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын... ... Адасып, алаңдама жол таба алмай, Берірек, түзу жолға шық қамалмай, Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

Халықаралық «Абай» қорының ғылыми қызметкері Тілеухан әл-Мәжени: «біз Абай мұрасын өз деңгейінде зерттеп болған жоқпыз. Бұл ретте Абай түпсіз тұңғиық іспетті» дейді:

- Мен ескі қолжазба мұраларды зерттейтін, мұрағаттанушы, текстолог ретінде Абай мен Шәкәрім қажының көптеген қолжазба мұраларының орталық ғылыми кітапханада, басқа да ғылыми қорларда жатқанын өз көзіммен көрдім. Меніңше, әлі де Абайдың түрлі адамдармен сұхбатына, кездесуіне, әзіл-қалжыңына, оспағына қатысты 30-ға жуық мұра бар. Мұны зерттеп, кейінгі ұрпаққа таныстыру уақыт талабы.

Абай Құнанбайұлының туған күніне орайластырып өткізілген «Азамат» поэзия күнінде Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин: «кейінгі ұрпақ Абайды ұмытып барады, қазіргі балалардан Абай кім деп сұрасаң, саясаткер, тағы да сол сияқты ызы мен күлкі шақырар жауаптар естисің» дегенді айтты. Осыған орай, «10 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Абай күндерін» алдағы уақыттары да бұдан да кең көлемде ұйымдастырып тұруға тиістіміз» деді ақын Нұрлан Оразалин.
XS
SM
MD
LG