Accessibility links

Мемлекеттік білім беру гранты мен несие иегерлері анықталды


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік білім гранттары мен несиелерін беру жөніндегі конкурстық комиссия грант пен несие иегерлерін анықтады. Қазақстанда жалпы 177 жоғары оқу орны болса, Білім және ғылым министрлігінің жүргізген іріктеу жұмысының нәтижесінде мемлекеттік білім грантымен дайындауға болады деген 97 оқу орны анықталған. Ал биылғы жылғы талапкерлер болса, іріктелген 97 оқу орнының 70-інде ғана білім алуға ниет білдірген. Министрлік мәліметінше, қалған оқу орындары қазіргі заман талабына сай бәсекелестікке шыдай алатын болса, жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын болады, талап деңгейінен көріне алмаған жағдайда одан әрі не істеу керек екенін оқу орындары басшыларының өзі шешеді.

«Биылғы жылы мемлекеттік білім гранты мен несиелерін беру конкурсына 105 мыңға жуық талапкер қатысып, олардың 12 мың 773-і грант, 10 мың 155-і кредитке ие болды. Сонымен қоса, Қазақстан-Британ техникалық университетіне 200, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына 150, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына 150, Қазақ ұлттық музыка академиясына 150 адам мемлекеттік білім гранты бойынша іріктелді және 1400 орын дайындық курсына бөлінді. Грант пен кредиттің жалпы саны 25 мыңға жуықтайды», - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім департаментінің директоры Болатбек Серікбайұлы.

Талапкерлердің дені Аймақтану, Ақпараттық жүйелер, Емдеу ісі, Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету, Аударма ісі мамандықтары бойынша оқуға ниет білдірген. Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры Такир Балықбаевтың айтуынша, іріктеу нәтижесі бойынша 40-қа жуық мамандыққа өту балдары 90 және одан да жоғары болған. Ал теңіз техникасы мен технологиялары, жеңіл және тоқу өнеркісәбі тауарлары мен бұйымдарының технологиясы, Филология, оның ішінде француз тілі мамандығына өту балы 40-48 балды құраған.

Мемлекеттік білім граттары иегерлерінің арасында Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ең таңдаулы жоғары оқу орындары болып есептелген. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым бірінші вице-министрі Геннадий Гамарник талапкерлердің мемлекеттік білім грантымен дайындауға болады деген 97 оқу орнының кейбіреуін мүлдем таңдамағанын айтады.

Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры Такир Балықбаев «Бұл бір жағынан талапкерлердің арасында сол жоғары оқу орнына деген көзқарастырын, білім беру сапасының қандай екендігін көрсетіп отыр»,- дегенді айтты.

Мемлекеттік білім гранты мен несие иегерлерінің 57 пайыздан астамы қала мектептерін, ал 43 пайызға жуығы ауыл мектебін бітіргендер. Ауыл квотасы бойынша мемлекеттік білім гранты 3 мыңға жуықтаса, 2 мың 300-ден астамы несиеге ие болған. Сондай ақ, мемлекеттік білім грантының 301-і жетім балаларға берілген, оның ішінде 200-і Қазақстан республикасы Үкіметінің жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы бойынша, 683 грант қазақ диаспорасының өкілдеріне, оның ішінде 250 талапкерге көзделген квота бойынша бөлінген.
XS
SM
MD
LG