Accessibility links

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанаға көшірілуі қарсылыққа тап болып отыр


Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бұған дейін Түркістан қаласына көшірілсе деген ұсыныстар айтылып келген болатын. Алайда бұл мәселеге тиянақты жауап болмай аяқсыз қалған. Енді Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы басшылығы орталық кеңсені Астана қаласына көшіруге ниет білдіріп отыр. Бірақ та діни басқарманың бұл бастамасы түрліше қарсылықтарға тап болуда.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына орталық кеңсенің Астанаға көшуі мәселесі турасында хабарласқанымызда ондағылар бұл жайтқа орай нақты жауап беретін адам - Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі демалыста жүр дегенді айтты. Алайда діни басқарманың қызметкері Төлеби Оспанов есімді азамат бұл мәселенің жақынарада шешіліп, діни басқарма ертең көшкелі отырған жоқ деген ойын білдірді.

Енді осы мәселеге орай Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, композитор Шәміл Әбілтай Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бұған дейін айтылып келген Түркістан қаласына көшірілсе деген ұсынысты толық қолдайтындығын жеткізді. Себебі ол Түркістан қаласы Қазақстанның ресми түрде астанасы болуға тиіс деген ойда екенін білдірді.

Алайда “Қазақстан қажылары” атты қоғамдық-діни бірлестіктің төрағасы Бақтыбай Айнабеков мәселе діни басқарманың көшуінде емес, өз көшінің түзелуінде дейді ол. Әсіресе Астанаға көшкеннен ештеңе ұтпаймыз, бар жайт діни басқаманың қызметін дұрыстауында дейді. Оның ойынша діни басқарма шын мәнінде қызмет етіп отырған жоқ.

Сонымен ресми деректер бойынша, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының орталық кеңсесінің Астанаға көшуі мәселесін Үкімет басшысы шешіп қойған. Көшу мәселесі келесі жылдың еншісінде қалып тұр.
XS
SM
MD
LG