Accessibility links

Болат Әбілов қандай жағдайда болмасын Парламент Мәжілісі сайлауына үміткер ретінде қатысады


Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлермен өткізген кезекті семинары үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысына арналды. Көптеген үміткерлер өздерінің бәсекелестерінің лауазымдарын пайдаланып ақпарат құралдарында үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткендігін айтып, Орталық сайлау комиссиясына шағымданып отыр. Мәселен, Аграрлық Қазақстан мен Азаматтық партиясының біріккен «АИСТ» деп аталатын блогы «Аграрлық Қазақстан» газетінде өздерінің сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізіп те кеткен көрінеді. Сонымен қатар үміткерлер телеарналардан «Отан» және «Асар» партиясының жеке округтан түсетін азаматтарын да жиі көрсететіндігін айтуда. Алайда Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, «Отан» және «Асар» партияларының жарнамалары ешқандай заңдылықты бұзып отырған жоқ.



Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер 681 азаматтың елуі Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаттары. Сондықтан олардың сайлаушыларының алдында есеп беруі, үгіт-насихат жұмыстарына жатпайды. Егерде есеп беру алдында үгіт-насихат жұмыстарының элементтері болса, онда олар сайлау заңын бұзды деп танылып, үміткер қатарынан сызылып тастауы мүмкін дейді, – Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова.



Алайда Мәжіліс депутаттығына басқа да үміткерлер үйлеріндегі пошта жәшіктеріне жекелеген үміткерлердің фотосуреті жапсырылған үгіт-парақшалары таратылғандығын айтуда.



Өзін Кенесары Қаптағаев деп таныстырған үміткер электронды ақпарат құралдарында да үгіт-насихат жұмыстарының көрініс тауып отырғандығын айтады. Мәселен оның айтуынша, депутаттыққа үміткер «Хабар» агенттігінің Астанадағы филиалының басшысы Роза Темірғалиеваны телеарналардан көрсетіп жатты.



Бұл мәселеге Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова депутаттыққа үміткер ретінде қатысып отырған «Хабар» агенттігінің Астанадағы бөлімінің директоры Роза Темірғалиева «Асар» партиясының мүшесі екендігін, ал саяси партиялар Қазақстан азаматтарына өздерінің мақсаттары мен міндеттерін жеткізу үшін имидждік жарнама беруге мүмкіндіктері бар деп жауап берді.



Үміткер Кенесары Қаптағаев сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының үміткерлерге арнап әр жұмада жүргізетін семинар сабақтарының мемлекеттік тілде өтпейтіндігін айтуда.



Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер электронды дауыс беретін жерлерде қағаз бюлетенмен дауыс беру қатар жүріп отыру керектігін, әйтпеген жағдайда Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей азаматтардың дауыс беру құқығы бұзылатындығын айтып отыр. Алайда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова электронды дауыс беретін аймақтарда қағаз бюллетендердің болмайтындығын ескертті. Оның айтуынша, тамыз айының 15-нен бастап Астана, Алматы және бірқатар аймақтарда электронды дауыс беру тәжірибесі жүреді.



Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтің қандай жағдайда болмасын сайлауға үміткер ретінде қатысатындығын айтты. Өйткені Сайлау туралы заңға сәйкес, депутаттыққа үміткерлерді олар тіркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейін, сондай-ақ оларды депутат ретінде тіркегенге дейін Орталық сайлау комиссиясының келісімінсіз тұтқынға алуға, әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Егер Болат Әбілов сайлауда жеңіске жетсе оның тағдырын Мәжіліс депутаттары шешеді екен.



Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев «мен туралы жалған ақпарат таратты»,– деп «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбіловті сотқа бергеннен кейін, соттың үкімімен ол бір жарым жыл шартты түрде бас бостандығынан айрылған болатын.
XS
SM
MD
LG