Accessibility links

Сейіткерім Қожаназар: «Ел президентінің ар-намысына тіл тигізген З.Нұрқаділов Қазақстан халқынан кешірім сұрауға тиіс»


Еңбек ардагері, зейнеткер Сейіткерім Қожаназар Заманбек Нұрқаділовты сотқа бермек. «Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты журналист Асхат Шәріпжановты қасақана өлтірді деп айыптап отыр. Заңдық тұрғыдан дәлелденбеген мұндай ақпаратты ол бірсыпыра бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Мен Қазақстан республикасының азаматы ретінде Нұрқаділовтің ел президентінің ар-намысына тіл тигізгені үшін барлық республика халқынан кешірім сұрауын талап етемін. Ол талабым қанағаттандырылмаса, сотқа жүгінемін» дейді зейнеткер Сейіткерім Қожаназар. Ал, саясаткер Заманбек Нұрқаділов болса, мұны «атың шықпаса, жер өрте» деген әрекетке балап отыр.

Зейнеткер Сейіткерім Қажаназар: «Заманбек Нұрқаділовтің «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтар кісі өлтірді» деп жалпақ жұрқа жар салуы ешқандай заң шеңберіне сыймайды. Мен Қазақстан республикасының бас прокурорынан Заманбек Нұрқаділовты жазаға тартуды сұранамын» деп отыр:

- Мен Бас прокуратураға З.Нұрқаділовтың мемлекет халқынан кешірім сұрауын талап етемін дедім. Және Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 318-ші, 320-шы баптарына сай Заманбек Нұрқаділовті жазаға тартуды Қазақстан республикасының бас прокурорынан сұранамын дедім. Егер оны жүзеге асырмайтын болса, мен де халықаралық сотқа, болмаса, өзіміздің соттарға жазамын. Мысалы бәріміз адамбыз. Егер де әкемізді біреу: «адам өлтірді» деп айыптап жатса, қол қусырып қарап отыра аламыз ба? Ал, президен бүкіл Қазақстанның елбасы. Оны Заманбек Нұрқаділов «адам өлтірді» деп айыптап отыр. Жақауратып жазған емес, «әсері болды» деген сөз емес, «қасақана өлтірді» деп жазған. Ал енді бұл айыптауға сәйкес, не ол өлтіргенін дәлелдеу керек, дәлелдей алмаса, сотталуы керек.

Естеріңізге сала кетсек, саясаткер Заманбек Нұрқаділов «Қазақстан» қоғамдық-саяси апталығының 22-ші шілде күні жарыққа шыққан нөмірінде шілденің 20-сы күні көз жұмған журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына президент пен президент әкімшілігінің қатысы бар деген мағынада мақала бастырған болатын. Нақтырақ айтсақ, Заманбек Нұрқаділов газет бетінде: «мен аталған оқиғаға президент Назарбаевты, президент әкімшілігін және оның басшысы Иманғали Тасмағамбетовты айыпты деп санаймын, өйткені олар демократиялық құндылықтарды бағалай білетін, өткір жазатын журналист Асхат Шәріпжановты қасақана өлтірді» дегенді айтқан еді. Сейіткерім Қожаназардың өзін сотқа беремін деген пікіріне қатысты Заманбек Нұрқаділов былай түсінік берді:

- Берсін енді, не істейміз. «Атың шықпаса, жер өрте» демеуші ме еді қазақта. Егер біздің соттар ақымақ болса, оның арызын алады да қарайды.

Бұл ретте Заманбек Нұрқаділов биылғы жылдың көктемінде қоғамға үлкен қозғалыс тудырған аты шулы мәлімдемесін жасап, қызметтен босаған тұста, өзіне тіл тигізді деп Қазақстан республикасының премьер-министрі Даниал Ахметовты, бұрынғы орынбасары, қазіргі төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы Нұрахмет Бижановты және сол лауазымды шенеуніктердің сөзін қаз-қалпында таратқан Хабар агенттігін сотқа бергені туралы баяндады. «Жарты жылға жуық уақыттан соң, яғни тамыздың 11-і күні ғана Астана қаласындағы Сары-Арқа аудандық соты өз жұмысын аяқтады. Бір қызығы әлі күнге шейін соттың қандай үкім шығарғанын білмей отырмын» дейді саясаткер Заманбек Нұрқаділов:

- Сәрсенбі күні бітті менің сотым. Ахметов, Бижановтарды сотқа бердім ғой көктемде. Соған қатысты. Содан бері міне 3 күн өтті әлі үкім шықпапты. Менің қорқаушым, куәгерлерім қатысты. Қорғаушым «жеңген сияқтымыз» дейді. Білмеймін енді.

Ал Заманбек Нұрқаділовтің халықтан кешірім сұрауын талап етіп отырған зейнеткер Сейіткерім Қожаназар: «Нұрқаділов Назарбаевтың кісі өлтіргенін сотқа жүгініп барып, мойнына қойып берсін. Олай болмаған күнде халық сайлаған кісіге қаралап күйе жағуға еш негіз жоқ. Егер Нұрқаділов Назарбаевтың кісі өлтіргенін дәлелдеп берсе, Назарбаевтың ел басқарып, билікте отыруына еш хақысы жоқ» дейді.
XS
SM
MD
LG