Accessibility links

Астанада “Сайлау” автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң сынағы өткiзiлдi

  • Ескендір ЕРТАЙ

Тамыздың 16-сында Астанада Орталық сайлау комиссиясы “Сайлау” автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн Мемлекеттiк қабылдау қарсаңында сынағын өткiздi. Дауыс беруге 50 адам қатыстырылды. Сынақ барысын бақылаушылардың пiкiрi әрқилы. Олардың бiрқатары электрондық дауыс берудiң автоматтандырылған жүйесiн енгiзу барлық деңгейлердегi сайлау комиссиялары жұмысының тиiмдiлiгiн арттыруға әсер етедi десе, ендi бiреулерi оны Қазақстанда сынақ түрiнде енгiзуге де қарсы.

“Қазiр Астанадағы екi сайлау округiнде Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығынан үмiткер ретiнде 32 адам тiркелдi. Қалада сынақ ретiндегi электронды дауыс беру өткiзiледi. Бұның ерекшелiгi сонда, әр адам жасырын дауыс беруi сақталады. Оған ешкiм араласа алмайды,-” дейдi Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қаршыға Құлмаханов.

Бүгiнгi “Сайлау” автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн Мемлекеттiк қабылдау қарсаңындағы сынаққа қатысушылар мен бақылаушылардың жұртшылықтың пiкiрi әрқилы. Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова болса, электронды сайлау жүйесi әр адамның құпия дауыс беруiне кедергi келтiредi,-” дейдi. Заң ғылымдарының докторы Марат Башимовтың айтуынша, бұл жерде құқықтық тұрғыдағы екi сұрақ бар. Оның бiрi әр сайлаушының Конституциялық жасырын дауыс беруiнiң сақталуы және электронды автоматтандырылған сайлау жүйесiнiң хакерлерден қауiпсiз сақталуы жұртшылықты алаңдатады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесi Татьяна Охлопкова электронды сайлау жүйесiнiң қауiпсiздiгi жоғары екендiгiн айтады. Ол:”Электронды сайлау бағдарламасына мәлiметтер қорының әкiмшiлiгi де ене алмайды. Өйткенi, электрондық қол қою үлгiсi құжаттардың сақталуына кепiлдiк бередi. Мәлiметтер қоры әкiмшiлiгiнiң кiлттi жасауға, ашуға ешқандай қатысы жоқ,-“ дейдi.

“Электронды дауыс беру мәселесi бойынша мәлiмдеме жариялағанбыз. Ендi соған байланысты арнайы акция өткiзетiн шығармыз,-” дейдi Қазақстанның тәуелсiз бақылаушылар ұйымының төрағасы Дос Көшiм. “Қазiр Астана мен Алматы қалаларындағы және Ақмола облысындағы 177 сайлау учаскесiне сынақ түрiндегi электронды дауыс беруге дайындық қызу жүргiзiлуде,-” дейдi Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиева.

Қазақстанның тәуелсiз бақылаушылар ұйымының төрағасы Дос Көшiмнiң айтуынша, сынақ ретiндегi электронды дауыс беру мен қағаз арқылы бюллетен толтыру iсi де қатар атқарылғаны жөн. Өйткенi бұл жүйеге әлi халықаралық ұйымдар да сарапшылар да толық сараптама жасамаған көрiнедi.
XS
SM
MD
LG