Accessibility links

Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы бақылаушыларының алғашқылары қызметіне кірісті

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Тамыздың 16 күні Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы Сайлауды бақылау уәкілдігі өзінің Қазақстанда 19 қыркүйек күні өтетін парламенттік сайлауды бақылау жұмысын бастады. Бұл турасында сайлауды бақылау уәкілдігінің басшысы, АҚШ азаматы елші Роберт Бэрри мәлімдеген болатын. Және де ол өз қызметтерінің аясы мен бақылаушыларының міндеттері жайымен де толық таныстырып, түсініктеме берді.

Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы парламенттік сайлауды алдын-ала назарға алған Сайлауды бақылау уәкілдігінің 12 қызметкері Алматы мен Астана қалаларында қызметіне кіріскен. Бұған қоса 16 халықаралық бақылаушы ұзақ мерзім бойынша Қазақстан аймақтарында жұмыс істеп, сайлау науқанын түгелдей бақылайды. Олардың міндетіне БАҚ пен үгіт-насихат жұмыстарын бақылау, жергілікті органдардың сайлауды ұйымдастыруы мен партиялардың ісін саралау кіреді. Ал бақылаушылардың ішіне тұңғыш рет электрондық дауыс беру жүйесінің мамандары тартылып отыр. Ал Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы Сайлауды бақылау уәкілдігінің басшысы Роберт Бэрри өз қызметтерін ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығының жұмысынан тәуелсіз жүргізетіндігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Роберт Бэри электрондық дауыс беру мәселесіне бұл жүйе ЕҚЫҰ елдеріндегідей біртіндеп енгізілуі қажет деген пікірін білдірді.

Және де Роберт Бэри елдегі кейбір оппозициялық партиялардың сайлауға байкот жариялау мүмкіндігіне орай бұл қадамды біз қолдай қоймаймыз. Себебі бұл демократия жолы емес деген көзқарасын білдірді.

Сонымен қатар Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы сайлауды бақылау мен сайлау нәтижелерін тексеру үшін 400-ге тарта халықаралық бақылаушыларды шақырп отыр дейді Роберт Бэри мырза. Бұл бұрынғы болған бақылаушылар санынан екі есеге артып кетеді екен. Енді осыншалықты қызығушылық туып отырғандықтың сырын саясаткерлерден сұрап көрген едік. Саясаттанушы Камал Бурханов мұның сырын Қазақстандағы демократияның деңгейі өсіп келе жатқанынан іздейтіндігін білдірді.

Алайда саясаткер Дос Көшім ЕҚЫҰ-ның бұған дейінгі талаптарын орындауға ықылас таныта қоймаушылыққа жасалып отырған ескерпе болуы мүмкін дейді.

Сөйтіп тамыздың 16 күні Қазақстандағы өз жұмысын бастаған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы Сайлауды бақылау уәкілдігі қыркүйектің 20 күні сайлауды бақылау нәтижесінің алғашқы қорытындысымен таныстырып, негізгі есепті одан кейінгі бір айдан соң шығаратындықтарын білдірді.
XS
SM
MD
LG