Accessibility links

Жоғары оқу орындарында білім алу ақысы екі-үш есеге қымбаттайды


Қазақстанның жоғары оқу орындарының ақылы бөлімінде оқитын студенттер жыл сайын орта есеппен 80-90 мың теңге төлейтін болса, алдағы уақытта бұл сан екі-үш есеге қымбаттағалы отыр. Білім және ғылым министрі оқу ақысын көбейту арқылы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартамыз, білім сапасын арттырамыз, ал ата-аналарға балама механизм ұсынуымыз керек, қазіргі кезде бұл мәселе қарастырылу үстінде дейді.

Алдағы уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін студенттер жылына 1 500- 2 000 АҚШ доллары көлемінде ақша төлеуге тиіс. «Осы арқылы оқу орындарының жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады, ал егер ақысын көтермесек материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жақсы педагог профессорларға қаржы төлеуге жағдай болмайды, сол себептен де бағаны көтеруге тиістіміз. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде де бар, біздің мамандар Венгрияға барып осындай тәжірибемен танысып, оқып келді», - дейді Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев.

Ал Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев оқу ақысының қымбаттауына қарсылық білдіре отырып, бірінші кезекте ауыл балаларының білім алуына қатты ықпал ететіндігін айтты. «Ауыл балалары көбінесе мұғалімдік мамандықтарды таңдайды, сол себептен осы мамандықтардың бағасын түсіруге тырысамыз. Көп жылдардан бері осындай әдіспен жұмыс істеп келген болатынбыз, қазір әрине қиындау, дегенмен де жеңілдіктер жасамақпыз. Ал оқу ақысының қымбаттауына өзім қарсымын», - дейді.

Осыған байланысты жұртшылық өкілдерінің пікірін білгенімізде Күлиша есімді зейнеткер «Қазіргі кезде бала оқыту қиындап кетті, бүгінде тек зейнетақыға қарап отырмыз. Айналдырған 5-6 мың теңгені қалай жеткіземіз. Ақысы тым қымбат болмай, сәл төменірек болса бірнәрсе қылып оқытамыз ғой», - десе, Салтанат «Мектепті биыл бітірдім, менің де оқып, білім алғым келеді. Алайда оқу ақысының қымбат болуына байланысты жағдайымның келетін-келмейтіндігін білмеймін. Әке-шешем маған көмек көрсете алмайды», - деді.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев «Егер оқу ақысы қымбаттайтын болса, ата-аналардың балаларын оқыта алмайтынын түсінемін. Сол себептен де қаржы саласы мамандарымен бірлесіп ата-аналарға балама механизм ұсыну жағын қарастырып жатырмыз, дайын болғаннан кейін барып бағаны көтереміз. Біздің мақсатымыздың өзі ата-аналардың балаларын оқытуға деген мүмкіндігін арттыру», - дейді.

Бұл мәселелер 2010 – шы жылға дейін білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасында қарастырылған. Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, 2010-шы жылға дейінгі бағдарламада қарастырылған қосымша шараларға 2 миллиард 300 миллионға жуық қаржы жұмсау көзделген. Бұл қаражат оқулықтармен қамтамасыз етуге, магистр және докторлық бағдарламалар дайындау, жыл сайын 2500 адамды магистратураға, 100 адамды доктарантураға, 3000 студентті Ресей және Шығыс Еуропаның жоғары оқу орындарында оқыту үшін қарастырылып отыр. Сондай-ақ, алда 250-ден астам білім беру ұйымдарының құрылысын салу, 6 мыңдай лингофондық және мультимедиялық кабинеттер ашу, мектептердің 75 пайызын Интернет жүйесіне қосу, білім сапасын бағалаудың ұлттық орталығын құру да көзделген екен.
XS
SM
MD
LG