Accessibility links

“Дала қыраны” атты қазақстан-британ бірлескен әскери жаттығуы басталды


Тамыздың 18-і күні қазақстандық “ҚазБат” бітімгершілік батальоны орналасқан Қапшағайдағы аэромобильді әскерилер десанттық-шабуылдаушы бригадасы базасында “Дала қыраны – 2004” халықаралық жаттығуы басталды. Алматы маңындағы полигондарда өтіп жатқан бұл тактикалық-арнайы жаттығуға британдық және қазақстандық әскерилер қатысуда.

“Дала қыраны” атты қазақстан-британ бірлескен әскери жаттығуының басты мақсаты – Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайту және арнайы операциялар өткізу кезінде бірлесіп дайындық жасау болып табылады. Штаб және дала жағдайында өтетін жаттығуларға Ұлыбритания жағынан – Уэльс ханшайымы Корольдік полкы үшінші мото-жаяу әскерлер батальонының 164 әскери қызметшісі, Қазақстан жағынан – аэроикемді әскер , десанттардың шабуылдаушы бригадасы мен ҚазБат бітімгершілік батальоны қатысады дейді Қорғаныс министрлігі аппараты баспасөз қызметінің бастығы Сапарғали Жағыпаров.

Сондай-ақ екі ел қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастығы бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын бұл бағдарламаға сонымен бірге, орта және жоғарғы буын офицерлерін дайындау , әскери қызметшілерге ағылшын тілін үйрету, арнайы бөлімшелердің бітімгершілік операцияларын өткізу саласындағы дайындығы сияқты бірқатар жобалар кіреді.

Ал “Дала қыраны” жаттығуының Қазақстанда екінші рет өткізіліп, дәстүрге айналып отырғанына орай мұны запастағы әскерилер одағы төрағасының орынбасары Кеңесбай Жанпейсов Қазақстан қарулы күштерінің әлемдік деңгейде бедел жинай бастағанынан деп түсіндіреді.

Алайда әскери ғылымдар профессоры Ким Серікбаев халықаралық жаттығулар өткізіп жатыр екен деп, Қазақстан қарулы күштерін дамыған деп айтуға әлі ерте дейді.

Осындай түрліше пікірлер туындатқан “Дала қыраны” атты қазақстан-британ бірлескен әскери жаттығуы өз жұмысын тамыздың 27-де аяқтайды.
XS
SM
MD
LG