Accessibility links

Сайлау алдында тікелей эфирден өткізілетін теле сайыс саяси партиялар арасында пікір-талас туғызып отыр


Тамыздың 18-күні Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлерді тіркеуді аяқтады. Саяси партиялардың ішінен бүгін ең соңғы болып Заң Академиясының ректоры Масұт Нәрікбаев жетекшілік ететін Қазақстанның демократиялық партиясы тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша, 681 үміткердің 592 - сі тіркелген, ал 30 адам өзінің кандидатурасын қайтарып алған.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясында сайлауға түсетін партиялардың реттік нөмірін анықтау үшін жеребе өткізілді. Жеребе нәтижесі бойынша, сайлау бюллетендеріне ең бірінші болып, Владислав Косарев жетекшілік ететін Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы жазылатын болады. Одан кейін «Ауыл» партиясы. Үшінші нөмір «Отан» саяси партиясына бұйырды. Сайлау бюллетенінде төртінші болып Коммунистер және Қазақстанның Демократиялық таңдауы оппозициялық халықтық одағының блогы жазылатын болды.Бесінші болып, «Ақ жол» демократиялық партиясы. Алтыншы нөмір «Асар» партиясына бұйырса, жетінші нөмірді «АИСТ» блогы иеленді. Ал сегізінші болып, Патриоттар партиясы болса, тоғызыншы болып Қазақстанның демократиялық таңдауы мен оныншы «Руханият» партиясы болды. Орталық сайлау комиссиясында саяси партиялардың арасында келіспеушілік туғызған телевизиялық пікір-сайыс мәселесі болды.



Тамыздың 19-нан бастап Қазақстаннан таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталады. Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырып отырған телевизиялық пікір-сайыс тікелей эфир арқылы «Хабар» және Қазақстан ұлттық арналарынан тамыз айының 21-22-сі күндері және тамыз айының 27-28 күндері өткізілетін болды. Теле сайыс Астана уақытмен кешкі сағат 19.00-да басталады. Тікелей эфирдің ұзақтығы 50 минөтке созылады да, ол екі тілде – мемлекеттік тіл қазақ тілінде және ресми орыс тілінде жүргізіледі.

«Хабар» агенттігі арқылы экономикалық және жастар тақырыбы қамтылатын теле сайыс өткізіледі екен де, Қазақстан Ұлттық арнасынан әлеуметтік және Парламенттің рөлі деген тақырыпта пікір-сайыс жүретін болады. Бұл телевизиялық пікір-сайысқа тек ғана саяси партиялардың өкілдері ғана қатыса алады. Телевизиялық пікір-сайысқа қатысты Орталық сайлау комиссиясының жоғарыдағы шешімімен «Ақ жол» демократиялық партиясы келіспейтіндіктерін білдіріп, Орталық сайлау комиссиясының төрайымына арнайы хат жазды.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, тамыз айының аяғы – көпшіліктің демалыс алатын уақыты. Сонымен қатар мыңдаған азаматтар жаңа оқу жылына дайындалады. Бұл уақытта сайлаушылардың теледидар алдында отыруларына уақыттары болмайды.

«Ақ жол» партиясы телевизиялық пікір-сайыс қыркүйек айының 11-12-сі және 16-17 аралығында болуын сұрап отыр. Сонымен қатар Әлихан Бәйменовтің пікірінше, пікір-сайыстың көрсетілу уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 20:00 ден кейін берілуі керек және телевизиялық пікір-сайыс екі сағатқа созылып, ол екі тілде қатар жүрмеуі тиіс.



«Ақ жол» саяси партиясының жоғарыдағы ұсынысын «Отан», «Асар» партиялары мен «АИСТ» блогынан басқасы қолдап отыр. «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанованың айтуынша, пікір-сайыс екі тілде қатар жүрсе оның орысшасы басым болады.



Ал «Аграрлық Қазақстан» мен Азаматтық партияларының бірлескен «АИСТ» блогының жетекшісі Ромин Мадинов «Ақ жол» партиясының көтерген мәселесіне қарсы пікірін білдірді. Оның айтуынша, қыркүйек айында да егін ору науқаны басталады. Өткен 1999 жылы сайлауда нағыз егін науқаны кезінде де жеңіп шыққанбыз. Саяси технологиямен емес, таза жұмыспен айналысу керек, – дейді Ромин Мадинов.



«Отан» партиясының төраға орынбасары Амангелді Ермегияев болса, телевизиялық пікір-сайыстың екі тілде қатар жүруін орынды деп санайды.



Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның айтуынша, телевизиялық пікір-таласқа республикалық бюджеттен 1 млн. 600 мың теңге қаражат бөлінген. Ал, ол қаржы әрбір партияның талап-тілектерін орындауға жетпейді дейді, – Зағипа Балиева.





Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева «Ендігі жұмыс – сайлау бюллетендерін әзірлеп оны облыстарға тарату», – дейді.
XS
SM
MD
LG