Accessibility links

Қазақстан заңдарында бұрын журналистердің жауапкершілігі күшейтіліп келді, енді журналистерді қорғауды және көптеген мүмкіндіктер беруді көздейтін жаңа заң жобасы бірінші рет дайындалды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Тамыздың 18-і күні Ақпарат Министрі Алтынбек Сәрсенбаев осылай деп мәлімдеп, журналистерді «Қазақстан Республикасындағы сөз бостандығының кепілдіктері туралы» жаңа заң жобасының концепциясымен таныстырды.

Министрдің айтуынша, мұндай жоба біріншіден, қоғамдық-саяси дамудың қазіргі дәрежесінде, екіншіден, билік пен баспасөздің арасында соңғы жылдары көптеген қақтығыстардың болуына байланысты қажет. Өйткені, мұндай қақтығыстарды реттеудің мүмкіндіктері мен тетіктері болған жоқ. Ал, жаңа жоба сол күнделікті өмір тәжірибесінен алынып жасалынған, дейді.

Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, бірінші рет журналистерге көптеген мүмкіншіліктер берудің бірнеше себебі бар. Өйткені, егер баспасөзге ауыздық салып отыратын болса, баспасөз қоғамдық шындықты халыққа толық жеткізу мүмкіндігінен айырылады. Кез-келген уақытта тізгінді тартатын адам табылады, дейді.

Жобада газеттерді тіркеу тәртібін ақпарат министрлігінен әділет органдарының құзырына беру қаралған. Өйткені, газет ашу үшін екі рет тіркеуден өтеді. Бірі заңды тұлға ретінде әділет органдарында, екіншісі ақпарат ақпарат министрлігінде. Бұл газет шығарам немесе телерадио хабарлар таратам деушілерге жеңілдік береді, дейді министр.

Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, заң жобасында атқарушы билік органдарының бұқаралық ақпарат құралдарынан 50 пайыздан артық акцияға ие болмауы қаралған.

Жобада журналистерді қылмыстық жауапкершілікке тарту, қайта қарау принциптері жазылған. Журналист қызметінде қате жіберген күнде оны қылмыскер етуге болмайды, Оған айыпұл салса жеткілікті, бірақ оның шегі болуы керек. Қазір аспандаған баға қойып жүр. 10 миллион доллар, тіпті 777 миллиард теңге айыпұл ұсынуда, дейді министр Сәрсенбаев.

Жобада журналистер жұмысына кедергі жасаушыларды жауапқа тарту ісі де қаралыпты.

Алтынбек Сәрсенбаев:

-Журналистердің кейде камерасын лақтырып жібереді. Диктафонын сындырып тастайды. Немесе белгілі бір шараларға қатыспауға кедергі жасайды. Егер мемлекеттік лауазымды қызмет атқару барысында істесе үлкен айыппұл салумен қатар үш жылға дейін сотталып кету мүмкіндігі қаралған.

Баспасөзде сыналған мемлекеттік органдардан баспасөз де қоғам да жауап алмайды, керісінше көп сыналған адамдардың қызметі тез өсіп жатады. Мұндай жағдай болмас үшін жобада бірқатар норма қаралған, дейді ақпарат министрі.

Министрдің айтуынша, басқа қайнар көздерден келіп түскен хабарды таратқан кезде бұқаралық ақпарат құралдарын жауапқа тартпау жайы қаралған. Депутаттың басқа лауазым иесінің сөзін немесе жарнамалық, ақпараттық агенттіктіктің материалдарын пайдаланса журналистер жауапкершіліктен босатылуға тиіс, дейді.

Жобада ақпараттық дамуда манополияға жол бермеу жағы қаралыпты. Егер Қазақстанда жеке немесе заңды тұлғаның республика бойынша бір телекомпаниясы болса онда ол адамның екінші компания ашу мүмкіндігі жоқ болмақ екен.

Жобаға қатысты журналистер пікірін білгенімізде «Хабар» агенттігінің тілшісі Жанахмет Ағыбаев: -Маған ұнаған жері журналистердің қателігіне байланысты шектеу қоюдың көзделуі.

Ал, «Астана хабары» газетінің тілшісі Амангелді Құрмет:

- Қандайда болмасын ақпарат құралының иесі болу мүмкіндігін беруі 50 пайыз болса да біз үшін тиімді болатын шығар деп ойлаймын. Әкімдікке қарасты газетте істегендіктен көп жағдайда шектеулер болады.

Тағы бір журналист Аманхан Әлімұлының пікірінше:

-

Ой еркіндігі де сөз бостандығы да жақсы. Бірақ әр нәрсенің шегі болуы керек.

Ал, «Аргументы и факты» газетінің Қазақстан бойынша парақшасының меншікті тілшісі Николай Жоров мұндай заң жобасының қабылдануы парламентке жаңадан өтетін депутаттарға байланысты, бірақ президент сайлау қарсаңында бұндай жобадан шегіну қауіпті, дейді.

Ақпарат министрінің айтуынша, заң жобасы 2005 жылды қаңтарында парламентке ұсынылуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Басшысы парламенттегі өз жолдауында елдің бүгінгі даму дәрежесіне сай жаңа заң жобасын жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Бірақ ол заң жобасын Конституциялық Кеңес Конституция негіздеріне қайшы деп танып, Президент заң жобасына қол қоймай кері қайтарған болатын.
XS
SM
MD
LG