Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08-19-2004


Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның” басты ерекшеліктерін тілге тиек етіпті, сондай-ақ Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың төңірегіндегі қалыптасқан ахуал да тәуелсіз басылымдардың баса назар аударған тақырыбына айналыпты.

Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев бейсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың басты қаһарманына айналды десе де болады. Бейсенбі күні жарық көрген “Время”, “Айқын” және “Жас алаш” сынды үш бірдей басылымға Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев сұхбат беріп, Қазақстандағы сайлау науқаны барысында болып жатқан саяси оқиғаларға қатысты өз ойын білдіріпті.

“Время” газетінің тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасы” туралы айта келіп, оның басты ерекшеліктеріне де тоқталып өткен. Ақпарат министрінің айтуынша, қайтадан дайындалған “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасында” тәуелсіз басылымдардың жұмыс істеуіне кеңінен жол ашатын тұстар көп. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбаев “Время” газетінің тілшісіне берген сұхбатында соңғы кездері азаматтардың ар-ожданын қорғау деген желеумен тәуелсіз басылымдарды ауыздықтаудың тым қатты белең алып кеткендігіне де кеңінен тоқталып өтіпті. Ал, президент әкімшілігі тарапынан жауапқа тартылу арқасында жабылып қалған “Ассанди таимс” газетіне байланысты Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев “егер де құқық қорғау орындары жалған “Ассанди таимс” газетін шығарғандарды тауып алып дер кезінде жауапқа тартса, бұл ар-ожданды қорғаудың ең үздік үлгісі болар еді” дегенді айтыпты.

Ал, “Айқын” басылымының бейсенбілік санына берген сұхбатында Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” жаңа заң іске асса, ендігі уақытта тек екі жағдайда ғана, яғни Бұқаралық Ақпарат Құралы иесінің шешімімен және сол ақпарат құралы Конституция нормаларын бұзған кезде сот үкімімен өз қызметін тоқтататындығын тілге тиек етіпті. Сонымен қатар Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев заң жобасында жаңадан ашылатын ақпарат құралының министрлікте тіркелуін жоюды ұсынып отыр. Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, министрлікте тіркелу Қазақстанда ақпараттық нарық енді-енді қалыптасып жатқан кезде қажет болған. “Жаңа басылым шығаруға бел буғандарға бұдан былай тек Әділет органында тіркелсе жетеді” дейді Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев.

“Жас алаш” газетіне берген сұхбатында да Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев осы жайттарды айта келіп, “сөз еркіндігіне шектеу қоюға, қоғамдық дамудың барысына қолдан кедергі жасауға болмайтындығына тоқталып өтеді. Ақпарат министрінің айтуынша, жаңа заң жобасы Қазақстандағы саяси партиялардың, “Әділ сөз” қорының, “Интерньюс” және “Артикль 19” халықаралық ұйымдарының, өзге де қоғамдық құрылымдардың ұсыныстарын қорытындылау негізінде жасалған.

Ал, бейсенбі күнгі жарық көрген оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың төңірегінде болып жатқан оқиғаларға айрықша назар аударыпты. “Азат” газетінің бірінше бетінде “Ғалымжан Жақиянов бостандыққа бет алды” деп аталатын редакциялық мақалада 7 жыл түрме жазасына кесілген Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың түрме жазасының жеңілдейтіндігі айтылыпты. “Азат” газетінің айтуынша, 7 жылдық жазаның үштен бірі біткен соң Ғалымжан Жақияновты түзету лагерінен босатып, Павлодар не Алматы қаласында полиция бақылауы астында ұстайды.

Ал, “Сөз” газетінің бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада, Қазақстандағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының Ғалымжан Жақиянов жеңілдетілген түрмеге көшірілді деп мерзімінен бұрын босқа қуанғандығы айтылыпты. “Билік халықаралық қоғамдастық пен Ғалымжан Жақияновтың бостандыққа шығуын сұраған миллиондаған қазақстандықтарды алдап кетті” дейді мақала авторы. “Сөз” газетінің айтуынша, Ғалымжан Жақиянов құсмұрын түрмесінен еш айырмасы жоқ, басқа түрмеге ауыстырылған.

“Сөз” газетінің 3 бетінде осыған орай Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақияновпен жүргізілген сұхбат жарық көріпті. Ғалымжан Жақиянов газет тілшісіне берген түсініктемесінде жаңа түрмеде оған ұялы телефонмен сөйлесуге тиым салғанын және оған қоғамдық қорғаушылардың жіберілмегендігін айтыпты.

Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов таңғы сағат сегіз кезінде Қостанай қаласындағы түрмеден алып шыққанын, Көкшетау қаласының маңында шет елдік қызыл машинаның шығып, бір-бірінің нөмірлерін ауыстырғанын тілге тиек етіпті. Ғалымжан Жақиянов “мен ешқандай аса қауіпті террорист болмағандықтан, олардың бұл әрекеттерінің бәрі де заңсыз болды” дегенді айтыпты.

Сондай-ақ “Сөз” газетінің бейсенбілік санында Алматы қаласында Ғалымжан Жақияновтың төңірегінде қалыптасқан ахуалға байлансты баспасөз мәжілісінің өткендігі хабарланыпты. Адам құқын қорғау жөніндегі Бюроның директоры Евгений Жовтистің пікірінше, билік Ғалымжан Жақияновтың құқын бұзып отыр. Ал, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Гүлжан Ерғалиева биліктің бұл әрекетін саяси қуғындау деп бағалапты.
XS
SM
MD
LG