Accessibility links

«Туған жер» қоғамдық бірлестігін құрушылар Жер кодексінің баптарын халыққа түсіндіру қажет деп отыр


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Отан» партиясының мүшелері Қуаныш Алпысбеков, Хамит Әмірғожин және Коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косаревтер «Туған жер» қоғамдық бірлестігінің әділет министрлігінен ресми тіркелгендігін мәлімдеді. Олар осыдан бір ай бұрын аталмыш қоғамдық бірлестікті құру туралы шешім шығардық деп ресми жариялаған еді. Бірлестік өкілдерінің айтуынша, өткен жылы қабылданған Жер кодексінің баптарын шаруа қожалықтарына, жерді жалға алып еңбек етіп жүргендерге таныстырып, оларды алдын-ала сақтандыру жұмыстарын жүргізу.

Себебі, – дейді «Туған жер» бірлестігін құрғандар, – аталмыш Жер кодексінде жерді игеріп отырғандарға қиыншылық әкелетін баптар бар.



«Туған жер» қоғамдық бірлестігін құрушылар жерді еміп күн көріп отырған ауылдағы шаруалармен жаңа жылға дейін бірлесіп жұмыс істеп, оларға заңдық көмек көрсету қажеттігін айтып отыр. Өйткені, олардың айтуынша, ауылдағы азаматтарға заңды түсіндіру жұмысы жүргізілмесе, олардың өз жер үлестерін жоғалтып алу қаупі туып тұр. Сондықтан дейді, – Мәжіліс депутаты, «Отан» партиясының мүшесі Қуаныш Алпысбеков, – «Туған жер» қоғамдық бірлесігі алдына мынадай мақсаттар қойып отыр: «Жер кодексіне сәйкес, шартты жер үлесіне құқығы бар және оны жалға берген адам 2005 жылғы 1-қаңтарға дейін өзінің жер учаскесін алу құқығын іске асырмаса, оның шартты жер үлесіне құқығы күшін жояды, шартты жер үлестері арнайы жер қорына өтеді. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз, ауылдағы адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, өз жер үлестерін сақтап қалудағы заңды құқықтарын іске асыруда көмек көрсету».



Сонымен қатар Қуаныш Алпысбековтің пікірінше, «Туған жер» қоғамдық бірлестігі тек Жер кодексін түсіндіру жұмыстарымен айналыспайды, ауыл бағдарламасына сәйкес оның орындалуын бақылауға алады. «Мысалы, биыл республикалық бюджеттен ауылдық жерлерге ауыз су, ауруханалар мен мектептер салу және жөндеу мәселелерін шешуге 15 млрд. теңге бөлініпті. Алайда ол қаражаттың қалай жұмсалып жатқандығын ешкім білмейді, – дейді Мәжіліс депутаты Қуаныш Алпысбеков.



Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік ауылдағы жерді игеріп, күн көріп отырғандарға – өздерінің жерлерін сақтап қалу үшін, жер үлесін мүліктік пай ретінде Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кіру жолын ұсынып отыр. Алайда аталған қоғамдық бірлестіктің тағы бір мүшесі, Коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев шаруаларға серіктестікке, акционерлік қоғамдарға кірмеуін сұрап отыр. Өйткені Владислав Косаревтің айтуынша, олар банкроттыққа әкеліп, жер үлестерінен мүлдем айрылып қалуы мүмкін.



Айта кету керек, «Туған жер» қоғамдық бірлестігін құрушы депутаттардың көпшілігі Парламентте Жер кодексі талқыланғанда, Үкіметтің ұсынған жобасын қолдап дауыс берген.



«Туған жер» қоғамдық бірлестігін құрған депутаттардың әріптесі, Павлодар қаласы бойынша, Парламент депутаттығынан үміткер Серікбай Әлібаев бұл қоғамдық бірлестіктің шаруаларға пайдасы болмайтындығын айтады. «Ең бірінші осы азаматтар жер туралы референдум өткізіп, референдумнан кейін Жер кодексін қарайық дегенде, қолдаған жоқ, Сосын осы заңды қабылдағанда жалғыз субарендаға емес, басқа қайшы нормаларды қодап дауыс берді. Бұлардың барлығы менің ойымша, сайлаудың алдындағы ауылдағы сайлаушылардың даусын жинаудың бір тәсілі», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Әлібаев.



Ал Астана қаласы бойынша, екінші сайлау округінен Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Кенесары Қаптағаевтың пікірі төмендегіше: «Бұл ата-бабамыздан қалған жер. Бұл жердің қожасы қазақтың халқы. Қазақ халқының үш млн.ы шетелде. Оларға да еншілерін сақтап қою керек. Бұл жердегі әрбір үйсіз-күйсіз қазаққа қаланың шетінен жер тегін беруі керек. Бұл менің ұстанымым».



«Туған жер» қоғамдық бірлестігі енді жоғарыда көтерген мәселелерді алға тартып, Қазақстанның аймақтарын аралап, өкілдіктерін ашпақ.
XS
SM
MD
LG