Accessibility links

Алматы қалалық ІІББ қызметкерлері З.Нұрқаділовтің қорғаушысының үстінен қылмыстық іс қозғады

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы Заманбек Нұрқаділовтың адвокаты Серік Сәрсеновтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Сәрсеновке қорғауындағы 23 жасар Ердәулетов деген азаматқа өтірік ақыл-кеңес беріп, өз-өзін жаралап, сол ішін полиция қызметкерлерін айыпты қылып, түсінік беруге көндірген деген айып тағылуда. Адвокат Серік Сәрсенов бұл істің астарында саяси сарын бар деп отыр.

Адвокат Серік Сәрсеновтың айтуынша, Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының тергеу басқармасы қылмыстық істі тамыздың 3-і күні қозғапты. «Бір қызығы мен үстімнен қылмыстық іс қозғалғаны туралы қаулымен араға 2 апта салып, яғни тамыздың 17-сі күні бір-ақ таныстым» дейді Серік Сәрсенов. Адвокаттың пікірінше, бұл жолғы қылмыстық істен саяси қудалаудың иісі шығып тұрған көрінеді:

- Менің ойымша, бұл- саяси қудалаудың бір түрі. Өйткені, мен С. Дуванов пен З. Нұрқаділовтарды қорғаумен айналысқанмын.

Біз осы қозғалған қылмыстық іске қатысты түсінік алу мақсатымен Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының тергеу басқармасына хабарластық. Тергеу басқармасының бастығы Берік Қожамбердиев бұл істің құпиялығын алға тартып, әзірге ешқандай түсінік бер алмайтынын айтты:

- Бұл құпия тергеу болғандықтан, мен сізге тап қазір ешқандай мәлімет бере алмаймын. Ол үшін сәл кейінірек, 2-3 аптадан кейін хабарласыңызшы.

Адвокат Серік Сәрсенов болса, өзінің бұған дейін 19-шы шілде күні Алматы қаласының прокуроры мен Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы бастығының атына басқарма тергеушісі Әбеновтың үстінен қылмыстық іс қозғау туралы шағым-арыз жолдағанын айтады. Ол шағым-арызында өзінің қорғауындағы мамыр айында Алматы қаласының орталығында орын алған жарылыстарға қатысы бар деп тұтқынға алынған бұрынғы бокс федерациясының вице-президенті Серік Қалиевтің ісінен заңсыз шеттетілгенін жазыпты. «Менің үстімнен қылмыстық іс қозғатып отырған тергеуші де әлгі Әбеновпен бірге жұмыс істейді екен. Бұл жерде полиция қызметкерлері заңды аяқ асты етіп отыр» дейді Серік Сәрсенов. Сондай-ақ адвокат өзіне бұған дейін де түрліше үркітіп-қорқыту әрекеттері жасалынғанын жеткізді:

- Жоғарыда аталған кісілерді қорғап жүрген кезімде көптеген қорқыту-үркітулер болды. Көбінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, сосын полиция қызметкерлері телефон шалатын.

Адвокат Серік Сәрсенов телефон арқылы тілдескен әңгімелері мен қорғауындағы азаматтармен болған екеуара сұхбаттар полиция қызметкерлері тарапынан мұқият тыңдалатынына да қынжылыс білдірді. Сейсенбі, тамыздың 24-і күні Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотында Сәрсеновтың шағым-арызы бойынша осы әрекеттерге рұқсат берген прокурор санкциясының қаншалықты заңға сыйымдылығы сараланбақ. Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Жеміс Тұрмағамбетова Сәрсеновке қарсы бағытталған қылмыстық іс пен жалпы адвокаттық құпия тұрғысында мынандай түсінік берді:

- Ол негізінде заңға сәйкес емес, дұрыс емес. Өйткені «адвокаттық құпия» деген болады. Олардың өзінің қорғауындағы кісімен арада болған әңгімесі тыңдалмауы керек. Серік Сәрсеновке бағытталған қылмыстық іс Қазақстанның орындауды міндет етіп алған халықаралық заңдылықтарға да, сосын Қазақстан заңдарына да қайшы келеді. Жалпы Серік өте күшті адвокат. Соңғы кездері полиция қызметкерлерінің асыра сілтеушілік әрекеттерін әшкере қылып жүрді. Сол біреуге ұнамай қалса керек.

Соңғы кездері саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың адвокаты болып, Нұрқаділовтың Ахметов пен Бижановтардың үстінен шағымданғанған талабын Астана қаласындағы Сары-Арқа аудандық сотында жарым-жартылай болса да қанағаттандырып қайтқан Серік Сәрсенов: «егер менің үстімнен қозғалған қылмыстық істе сот тергеушілердің пайдасына шешілсе, адвокаттық лицензиямнан да айрылып қалуым ғажап емес» деп отыр.
XS
SM
MD
LG