Accessibility links

Алматы қаласында «сайлау» электронды дауыс беру жүйесі тағы бір сыналды


Дүйсенбі, тамыздың 23-і күні Алматы қаласындағы нөмірі 201-ші сайлау учаскесінде «сайлау» деп аталатын электронды дауыс беру жүйесі тағы 1 мәрте сынақтан өтті. Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов: «сайлаушылардың сауаттылығы күн өткен сайын артып келеді, жаңа жүйе де жетіле түсуде. Алдағы уақытта осындай тәжірибе сайлауларды облыс орталықтарында өткізбекшіміз» дейді. Сынақ түріндегі сайлауға 50 азамат қатысты.

Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, тәжірибелік сайлау өткізудегі басты мақсат - техниканы тексеру, онан соң, ақпарат ағыны өтетін арнаның шамасын байқау, яғни, Алматыдан берілген дауыстың дер уағында Астанадағы орталық сайлау комиссиясының есебіне түсіп тұратынын пысықтап алу екен. Дүйсенбі, тамыздың 23-і күні өткізілген сынақ түріндегі электронды дауыс беру жүйесіне жақсы баға берген Қуандық Тұрғанқұлов осының алдында сенбі, тамыздың 21-і күні өткізілген тәжірибе-сайлаудың сынға ұшырауының себебін былай түсіндірді:

- Осыдан 1-2 күн бұрын осындай шара өткізгенбіз. Ол кезде негізінен саясаткерлер қатысты. Саясаткерлер болғасын кішкене шу да болды. Олар сол бір-бірін қолдамай, ақырында біз «мынау дұрыс емес» деген сөздер естідік. Ал кеше әкімшілікте техника мамандарының басын қосып, жиын өткіздік. Олар 2-3 ұсыныс негізінде ортақ келісімге келді.

Сәуле Умарова сынақ түріндегі электронды дауыс беруге ат салысқан 50 азаматтың бірі. «Жаңа жүйенің алып бара жатқан ауырлығы жоқ, қайта жақсы екен» дейді Сәуле:

- Мынау жақсы әрине. Бұрынғы тізіммен дауыс беру у-шу, астаң-кестең болып, біраз жүйкеміз жұқаратын. Тіпті кей кездер ұрсысып қалатынбыз. Ал қазір жақсы. Өз басым осы жүйеге сенемін. Бұл жерде «қолдан депутат жасап шығару» деген болмайды деп ойлаймын. Мынандай техниканың дамып, адамзат баласы ғарышқа ұшып жатқан кезде, анандай тізім бойынша дауыс беру ұят емес пе?.. Мәселен: мына көршілес Еуропа мемлекеттерінің барлығы осыған көшіп болды. Біз де солардан қалмауға тиіспіз ғой.

Сынақ түріндегі электронды дауыс беруге қатысу үшін еңбек демалысында жүрген жерінен келіп, таңертеңнен техниканың қыр-сырын меңгеріп, азаматтық борышымнан құтылдым деген Сембай Мәуленқұлов Сәуле Умарова сияқты өткенге топырақ шашқан жөн емес деген пікірде:

- Бұрынғы да жақсы, мынау да жақсы. Әр нәрсені көрген дұрыс қой. Енді бұл жүйе бізде бұрын-соңды пайдаланылған жоқ. Дұрыс па, бұрыс па сайлау соңында білетін боламыз. Бірақ дәл қазір осы электронды дауыс беру ешқандай қиындық туғызып тұрған жоқ.

Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов енді мұндай сынақ түріндегі сайлаулар облыс орталықтарында өткізілетінін жеткізді:

- Міне, бүгінгі шарамыз жақсы өтті. Өстіп-өстіп түзеліп кетеміз ғой. Мұндай сынақ түріндегі дауыс беру шарасын тамыздың 15-не дейін барлық облыста өткізетін боламыз.

«Облыс орталықтарында өткізілетін сайлауларда ақпарат ағыны өтетін арналардың жұмысын реттеу жүргізілмейтін болады. Өйткені Алматыда өткізілген сынақ түріндегі электронды дауыс беру жүйесі берілген дауыстың дер уағында Астанға түсіп тұратынын көрсетті. Негізгі алаңдаушылық туғызған мәселе осы еді. Қалған ұсақ-түйек қиындықтар алдағы уақытта толық жойылатын болады» дейді орталық сайлау колмиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов.
XS
SM
MD
LG