Accessibility links

Ұлттық зерттеулер институтының өкілдері депутаттыққа үміткер азаматтарға арнап кітап шығарды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, тамыздың 24-і күні Алматы қаласында Ұлттық зерттеулер институтының өкілдері Қазақстан республикасы Парламентінің мәжілісі депутаттығына үміткер азаматтарға арналған кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Институт директоры Бөріхан Нұрмұмедовтың айтуынша, жаңа туындыда сайлауға түсетін үміткердің барлық құқықтары, сондай-ақ сайлау барысына қатысты орталық сайлау комиссиясының қаулы-қарарлары толығымен қамтылған.

Жаңа кітапты жазып шығуға 2 айға жуық уақыт жұмсалыпты. «Фридрих Эберт атындағы қордың қаржыландыруымен 600 дана болып басылып шыққан кітап негізінен парламент мәжілісі депутаттығына сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде заңдық тұрғыдан көмек көрсетуді көздеген» дейді Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов:

- Алда келе жатқан сайлауға байланысты әр кандидатқа, сосын саяси партияларға арнап осындай әдістемелік құрал шығардық. Біздің институт мамандары ақылдаса келе, осындай кітап керек деген тұжырым жасадық. Өйткені, сайлауға түсіп жатқан адам бар жағынан сауатты болуы керек. Біз бұл ретте мына кітапты ешқандай саяси партияның тапсырысымен, болмаса қолдауымен емес, өз күшімізбен, өз бастамамызбен шығарып отырмыз.

Жаңа кітап сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге тегін таратылып берілмек. Кітап авторларының бірі, Ұлттық зерттеулер институтының үйлестірушісі Андрей Чеботарев: «кітапты жазу барысында үстіміздегі жылдың сәуір айында өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңы мен Орталық сайлау комиссиясының шілде-тамыз айларында қабылдаған қаулылары негізге алынды» дейді. Андрей Чеботаревтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы бұл жолғы сайлауға заңдық тұрғыдан тиісті деңгейде дайын болмай шығыпты. «Комиссия өкілдері үміткерлерге қатысты қаулыларды әлі күнге шейін шығарып жатыр, біз оның бәрін қамтып отырсақ, кітапты таяу күндері шығара алмас едік» дейді Ұлттық зерттеулер институтының үйлестірушісі Андрей Чеботарев:

- Маған Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлауға дайын емес сияқты болып көрінді. Комиссия өкілдері заң жағынан алып қарағанда заман талабынан едәуір артта қалып қойған секілді.

Осы кітапты шығарушы авторлық ұжым мүшесі, заңгер Жиенбек Бұлжанов Қазақстаннан өзге елде мұндай әдісдемелік құрал шығарылмағанын айтады. «Кітапты жазғанда біз барлық заң талаптарын орындап жұмыс істедік, қажет жерінде Орталық сайлау комисиясымен де ақылдасып отырдық» дейді Жиенбек Бұлжанов:

- Біз Орталық сайлау комиссиясымен телефон арқылы байланысып тұрдық. Ол кісілерге сұрақ жібердік. Ол кісілер бізге жауап берді. Алайда, мына Конституциялық заңды ешкімнің түсіндіруге, талқылауға құқығы жоқ. Оны тек заңды шығарған Парламент өкілдері мен Конституциялық Кеңес мамандары ғана талдап, түсіндіре алады. Сондықтан бізге Орталық сайлау комиссиясы заңның 2 түрлі түсіндірілетін нормаларына өздерінше түсіндірме берді. Оны біз қағаз жүзінде сақтап қойдық. Кейін қажет болып жатса, шығарамыз.

Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов енді мұндай кітапты араға жарты жыл салып, қайта басып шығару жоспарланып отырғанын жеткізді. «Күздегі сайлаудың артық-кем тұстарын саралап, сосын тиісті заңдық құжаттардың өзгеруіне байланысты 6 айдан кейін шығарылатын кітап келесі парламент сайлауына қатысушыларға ерте бастан үлестіріліп берілетін болады» дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.
XS
SM
MD
LG