Accessibility links

Қазақстанның Отаншыл жастар одағы оқу ақысының қымбаттауына орай шеру ұйымдастырғалы отыр

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев студенттердің оқу ақысын екі-үш есеге дейін қымбаттату жөнінде бастама көтерген болатын. Осыған орай Қазақстанның Отаншыл жастар одағы наразылық білдіріп, министрмен де кездескен екен. Жастар одағының мүшесі Жанбота Қарашолақов «Біздің ойымызша 3900 доллар төлейтіндей халықтың жағдайы жоқ, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Орташа жалақының өзі 100 доллардан аспайды, сондықтан Үкімет мүшелері ең алдымен халықтың жағдайын жақсартуды көздеулері керек, ал олар болса басқаша жасап отыр. Осыған байланысты біз наразылық білдіріп министрмен кездескенімізде, «біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, өмірдің ережелерінің өзі қатал, кімде ақша бар сол оқиды, ақшасы жоқтар қандай оқу орны болса да оқи алмайды» деген жауап қайтарды», - дейді.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев «егер осылай жасамасақ, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын жаңартуға, педагог мамандарға қаражат төлеуге мүмкіншіліктері болмай қалады. Жалпы білімнің сапасын арттыру үшін де, білікті мамандар тарту үшін де бір жылдық оқу құнын арттыру міндет, оны біртіндеп шешуіміз керек», - дейді.

Осы мәселеге байланысты ата-аналарды да сөзге тартқан едік. Жұмагүл есімді ауыл тұрғынының қызы биыл 11-ші сыныпты бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмағандықтан колледжге тапсырып жатыр екен. «Жыл сайын 60 мың төлейміз. Оны бірдеңе қылып төлерміз-ау, бірақ алда оқу ақысы тағы қымбаттайтын болса қалай төлейтінімізді білмейміз. Өсіп келе жатқан басқа да балалар бар. Жалақы болса аз, сондықтан бұл мәселені қайта қарау керек», - дейді. Ал Сапариден Нұртазин ол шешіммен мүлдем келіспейтіндігін білдірді.

Қазақстанның Жастар одағының мүшесі Жанбота Қарашолақов «Егер Үкіметте осы жоба қабылданатын болса, қоғамдық ұйым өкілдеріне хат жолдап, солардың қолдауымен шеру ұйымдастырамыз. Алайда 1-қыркүйекке дейін әлі уақыт бар», - дейді.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев «Егер оқу ақысы қымбаттайтын болса, қаржы саласы мамандарымен бірлесіп ата-аналарға балама механизм ұсыну жағын қарастырып жатырмыз», - деген болатын. Ал Отаншыл жастар одағы егер дұрыс шешім қабылданбайтын болса, министрдің қызметтен кетуін талап етеміз дегенді айтуда.
XS
SM
MD
LG