Accessibility links

Шағын және орта бизнес өкілдері осы салаға қатысты Қазақстанның билік орындары қабылдаған заңнамалық жүйе елдегі шағын және орта бизнестің дамуына тұсау болып отыр деп есептейді


Алматы қаласы кәсіпкерлерінің бірлестігінің президенті Виктор Ямбиевтің айтуынша, бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің қызметіне, 57 мемлекеттік тексеру органдары бақылау жасайды екен. “Мұның сыртында, шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысына қолбайлау болатын, заңнамалық жағынан бекітілген, 60 қа жуық әкімшілік кедергілер бар” - дейді Виктор Ямбиев -

Қазақстанда 60 тан аса кедергі келтіретін әкімшілік заңдар бар жерде, сөз жоқ жемқорлық пайда болады. Ал жеке кәсіпкер Марал Тампиев жергілікті жерлерде аталған 57 мемлекеттік тексеру орындарының саны бірнеше есе өсіп кетеді деп отыр:

- Бұл санды 3 есе көбейтсеңіз, 160 тан аса тексеруші органдардың санын аласыз. Жоғарыда тұрған бақылау органдарынан өзге, облыстық, аудандық тексеру орындары тағы бар.

Кәсіпкерлердің қызметін бақылау орындарына жататын, Алматы қаласының санэпидбақылау басқармасына хабарласқанымызда, осы мекеменің ұйымдастыру мәселелері жөніндегі бастығының орныбасары, Вахит Сейдуәлиев: “кәсіпорындарды тексеру тек 3 айда бір рет жүреді және оларды тек қалалық және аудандық санэпидбақылау қызметі ғана тексереді” – деп, мәлімет берді.

-Біз 1 тоқсанда бір рет қана тексереміз. Бізде қалада аудандық санэпидстанция мен қалалық басқарма тексереді. Ал республикалық санэпидбақылау қызметі қазір тексерумен айналыспайды.

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің бірлестігінің президенті, қазіргі таңда шағын және орта бизнестің қызметіне бақылау жасау үшін, 20 мыңнан артық нормативті-құқықтық актілер қабылданған деген деректер келтіріп отыр. Виктор Ямбиев мырза: “көп жағдайда, тексеруші орган саған өз ісіңді бастамай жатып, құжат сұрап жетіп келеді” - дегенді айтады.

-

Бейнелеп айтсақ, қолыңа балға ұстасаң болды, бақылаушы орындар тиісті құжаттарың қайда тексереміз деп жаныңды алады.

Ал автокөлік жөндеу және құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкер Марал Тампиев, ондай көп заңды білу мүмкін емес деп отыр.

-

Ол заңдардың бәрін білу үшін юрист болуың керек. Әйтпесе күнің тек осы заңдарды жаттаумен өтпей ме. Заңдардың көптігінен кәсіпкерлер оларды біле бермейді. Алматы қаласының шағын кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Серік Тұржанов, Қазақстандағы экономикалық салада жұмыс істеп жатқан халықтың 5,5 миллионы, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады деген деректер келтіреді. Серік Тұржанов: “елдегі әкімшілік және қызмет көрсету саласындағы 1 миллионнан артық адам, тікелей немесе түрде, шағын және орта кәсіпкерлікті бақылау ісімен айналысады, былайша айтқанда, бюджетке де кәсіпкерлерге де жүк болып отыр, әр министрлік өзінше жеке заң шығарады, бұл проблеманың алдын, тек кәсіпкерлік қызметке қатысы бар барлық заңдарға өзгертулер енгізу арқылы ғана алуға болады”- деп есептейді.

- Біріншіден салық кодексі, әкімшілік кодексі, кеден және еңбек кодекстерін реттеп, оларда қандай әкімшілік кемшіліктер бар, соны қарап, соған орай, тиісті өзгерістер енгізу қажет

Ал кәсіпкерлер бірлестігі заңнамалық жағынан көмек сұраған Қазақ Мемлекеттік заң академиясының ректоры Мақсұт Нәрікбаев:”шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын тежеуші, әкімшілдік жүйенің қалыптасуына негіз болған Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 5-ші бабын алып тастау керек”- деген пікірде. Ол бапта, атқарушы билік органдарының өздері, кез-келген нормативтік заңнамалар шығара алады деп көрсетілген. “Мұның орнына, парламентте қаралатын шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты жаңа заңдар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қабылдануы керек” - дейді Мақсұт Нәрікбаев.

-

Өйткені, құқықтық құжаттарды яғни заңдарды жасап жатқан адамдар, шағын және орта кәсіпті дамытуға тұсау болып отырған қазіргі заңның авторлары.

Шағын және орта кәсіп иелерінің мүддесін қорғайтын орындар, әзірге мемлекеттік органдардың өздері кәсіпкерлерді қыспаққа алып отырғандықтан, бұл мәселені шешу үшін, парламентке шағын және орта кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын адамдарды сайлау керек деп отыр. Олар үкіметте, шағын және орта кәсіпкерлік ісімен айналысатын арнаулы министрлік құрылса тіпті жақсы болатын еді, ондай жағдайда, кәсіпкерлердің ісімен айналысатын бірнеше министрліктердің орнына бір ғана мекеме бар сұрағымызға жауап берер еді дейді.
XS
SM
MD
LG