Accessibility links

Предгорное ауылының оқушылары жаңа оқу жылын тозығы жеткен мектепте бастауға мәжбүр

  • Айнагүл САҒДИ

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы 228 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Жаңа оқу жылының басталуына орай білім ұйымдарының 97 пайызына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде оқушыларды қабылдауға дайын. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 4 миллиардтан астам теңге бөлінсе, ал бюджеттен тыс 533 миллион теңге қаржы жұмсалған. Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова «биыл 74 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 35-і республикалық бюджеттен, 39-ы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондай-ақ, тамыз айының ортасына дейінгі есеп бойынша 1600-ден астам жас маман қабылданған. Олардың 1 мыңнан астамы ауылдық мектепте жұмыс істейтін болады», - дейді.

Алайда Шығыс Қазақстан облысының Предгорное ауылындағы нөмірі екінші мектептке жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен де жағдай өте күрделі, - дейді оқу ісінің меңгерушісі Зүлфия Қадырова. Оның айтуынша мектеп ХIХ ғасырда салынған. Мұнда спорт залы, акт залы, ән-күй бөлмесі, асхана деген мүлдем жоқ. Ауыз су бірде бар, бірде жоқ. 300-ге таман оқушы осындай жағдайда екі ауысымда оқуға мәжбүр болып отыр. Біздің де жаңа оқу жылын барлық жағдай қарастырылған жаңа мектепте бастағымыз келеді, - дейді Зүлфия Қадырова.

Предгорное ауылында жаңа мектептің салынып жатқанына екі жыл болған. Жоспар бойынша жоба жеті айда салынып бітуі тиіс еді. Алайда құрылысшылар жыл сайын 1-қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп уәде бергендерімен, қаржы тапшылығына байланысты құрылыс биыл да жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалған. «Глубокое» аудандық білім беру бөлімінің жетекшісі Мұрат Асанбаев «Мектепті 1-қыркүйекте емес, желтоқсан айының соңында пайдалануға бермек ойдамыз, қазір жалпы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді.

Оқу ісінің меңгерушісі Зүлфия Қадырова 2005-ші жылдан бастап сабақты жаңа мектепте жалғастыру жоспарланып отыр деген сөзге сенімсіздік танытып отыр. Жалпы биылғы жылы спорт залының, ер балаларға арналған шеберхананың жұмыс істемеуіне қатысты жөнді сабақ та өтпейтін шығар, - дейді.

Ал білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, жалпы 2000-нан астам мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, биылғы жылы оның 800-іне жөндеу жұмыстары жүргізіледі, ал қалған кезегін күтіп тұрған мектептерде 2005-2006 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары өткізіледі. Жалпы бұның барлығы қаржыға байланысты дүние, - дейді.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде жергілікті жерлерге жаңа оқу жылын өткізу туралы әдістемелік нұсқама хаттар жіберіліп, «Білім туралы» Заңға байланысты оқу жылын бастау жөніндегі министрдің бұйрығы барлық білім беру ұйымдарына жеткізілген.
XS
SM
MD
LG