Accessibility links

Қазақстан Үкіметінде 2010 жылға дейінгі мемлекеттік білім беру бағдарламасы мақұлданды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Үкімет басшысы Даниял Ахметов Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің «2010 жылға дейінгі мемлекеттік білім бағдарламасы» жайындағы баяндамасына оң баға беріп, тұтасымен мақұлдауға болады деген пікірін білдірді.



Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, енді бұдан былай бейімді білім деру, тереңдетіп оқыту мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар Қазақстанда білім беру жүйесінің бес деңгейі қалыптасады екен. Ал жоғары оқу орындары дүниежүзілік білім берудің үш деңгейіне – бакалавр, магистр және докторантураға келесі жылдан бастап толығымен көшетін болады дейді. Білім министрі Жақсыбек Күлекеев білім беру бағдарламасына сәйкес жоғары оқу орындарында білім ақысының қымбаттауы шу шығаратын мәселе еместігін айты. Оның айтуынша, есесіне келесі жылдан бастап, мемлекет грант пен несиені көбейтуді жоспарлап отыр екен. «Мемлекет тарапынан керісінше берілетін гранттардың көлемі жыл сайын өсетін болады. Қазір тек 15 пайызы ғана мемлекеттік несие мен грант алып жатыр. Келесі жылдан бастап, бірінші деңгейде жаңа педагогтар дайындауға грантты бес мың адамға өсіреміз. Келесі жылдан бастап грант жиырма бес мыңға дейін көтеріледі», – дейді Білім министрі.



Сонымен қатар Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, оқу ақысын қымбаттата отырып, оқытушылардың білім сапасын да көтереміз дейді. Оның ойынша, жоғары оқу орындарына профессор, оқытушыларды шетелдерден көптеп тартатын көрінеді. Ал Қазақстанның Отаншыл жастар одағының өкілдері Үкімет басшысы біздің үмітімізді ақтамады, енді Даниял Ахметовтің қызметінен кетуін талап етіп, бірінші қыркүейкте алаңға шығамыз деп отыр.



Ал Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова білім реформасына сәйкес, Үкімет тағы да қателік жасады деп есептейді. «Үкімет халықпен ақылдасып, халықтың ой-пікірімен санасқан жоқ. Меніңше оқу білімінің ақысын көтерген қате. Неге десеңіз халықтың тұрмысы қазір нашар екенін бәрі біледі. Әсіресе ауыл халқының жағдайы әлі төмен. Меніңше оқытушылардың жалақысын көтеру ол Үкіметтің міндеті. Оны Үкімет бюджет арқылы шешу керек еді. Ал ата-аналардың арқасында шешкен мүлдем қате», – дейді Зәуреш Батталова.



Білім министрі Жақсыбек Күлекеев келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарында жағдайы орташа адамдарға да несиеге оқуға мүмкіндік берген кезде, бұл мәселе шешімін табады деп ойлайды.
XS
SM
MD
LG