Accessibility links

В.Рушайло: «Қазақстанда қолданысқа енгізілгелі отырған электронды дауыс беру жүйесінің көңілге қонымды тұстары жетерлік»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сәрсенбі, тамыздың 25-сі күні Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атқару комитетінің төрағасы Владимир Рушайлоны қабылдады. «Екеуара әңгімеге Қазақстанда қыркүйек айының 19-ында өткелі отырған мәжіліс сайлауы сосын ТМД атқару комитетінің осыған дейін атқарған қызметтері мен алдағы жоспарлары тұрғысындағы мәселелер арқау болды» деді Владимир Рушайло. Оның айтуынша, ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілгелі отырған электронды дауыс беру жүйесінен шошуға еш негіз жоқ. «Оған Қазақстан республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиевамен болған кездесуден соң көз жеткіздім» деді Владимир Рушайло.

«Мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атқару комитетінің төрағасы қызметіне кіріскенннен кейін осы мемлекеттерге жасаған сапарларым тұрғысында мәлімет бердім. Қыркүйек айының орта шенінде Астана қаласында Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтпекші. Нұрсұлтан Назарбаевқа осы саммитте көтерілетін мәселелерге қатысты жекелеген сауалдар төңірегіндегі бірқатар жайттарды баяндадым» деді президент қабылдауынан шыққан Владимир Рушайло. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекет басшыларының барлығы дерлік экономикалық интеграция мәселесін басты назарда ұстап отыр:

- Бүгінде ТМД мемлекеттері басшыларының барлығы да, соның ішінде Н.Назарбаев та экономикалық интеграция мәселесіне қатты көңіл бөліп отыр.

Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы атқару комитетінің төрағасы Владимир Рушайло президент Нұрсұлтан Назарбаевпен талқыланған мәселелердің кезекті бір топтамасы Қазақстанда күзде өткелі отырған мәжіліс сайлауы туралы болғанын жеткізді. Дүйсенбі, тамыздың 23-і күні Владимир Рушайломен кездескен Қазақстан республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан алдағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысатын топты тіркеуден өткізген болатын. Владимир Рушайло мұның алдында Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Вишняковпен кездескенін, Қазақстандағы мәжіліс сайлауының ойдағыдай өтуіне Ресей Федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Бұл ретте ол Белорусь мамандары даярлап ТМД аумағында тұңғыш рет Қазақстан республикасында қолданысқа түскелі отырған электронды дауыс беру жүйесіне оң баға берді:

- Біз бұл жүйенің бірнеше жақсы жақтарын байқадық. Біріншіден: сайлау қорытындысы туралы ақпарат өте жылдам жинақталады. Екіншіден: электронды дауыс беру кезінде ақпаратты бұрмалауға мүлдем жол берілмейді.

Бұл ретте Владимир Рушайло тек қана Орталық сайлау комиссиясы өкілдерімен ғана кездесіп қоймағанын, сайлау учаскелерінің біріне барып, электронды дауыс беру жүйесінің жай-жапсарына да қаныққанын айтты. Сондай-ақ ол: «біз Қазақстандағы Парламент мәжілісінің сайлауын бақылау барысында барлық халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз» деді:

- Біз басқа да халықаралық бақылаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен де жұмыс істеуге дайынбыз.

Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы атқару комитетінің төрағасы Владимир Рушайло оң баға берген электронды дауыс беру жүйесіне қатысты біз Алматы жұртшылығының пікірін білген едік:

- Маған бұрыннан үйреніп қалған бюллетень дұрыс. Ал мына электронды дауыс беруді теледидардан көрсетіп жатыр ғой. Соны шынымды айтсам, әлі күнге дейін жөндеп ұға алмай жүрмін. Оның түпкілікті технологиясын біле қоймадым. Бірақ, жұрттың көбі соған сенімсіздік білдіріп жатыр емес пе осы.

- Меніңше, электронды дауыс берген дұрыс. Бәрі оңай. Қағаз, қалам қажет емес. Жақсы емес пе?..

- Электронды дауыс берген дұрыс емес. Өйткені қазір компьютерді екінің бірі біле бермейді ғой. Жарайды жастар біледі-ақ дейік. Ал кемпір-шалдар қайдан біледі. Сондықтан, мен үшін бұрыннан үйреніп қалған жүйеден артығы жоқ.

Қазақстандағы 3 күндік сапары кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, премьер-министр Даниал Ахметовпен, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиевамен және сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтармен кездесулер өткізген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атқару комитетінің төрағасы Владимир Рушайло сәрсенбі, тамыздың 25-сі күні кешкісін Кишиневқа аттанатынын айтты. «Енді Қазақстанға қыркүйек айының 13-14-терінде келіп, содан мәжіліс сайлауы аяқталғанша осында боламыз» деді Владимир Рушайло.
XS
SM
MD
LG