Accessibility links

Семей қаласындағы қоғамдық ұйымдардың бірінің төрағасы Семей қаласы әкімінің орынбасарын бірнеше қоғамдық ұйымға жиын өткізуге мүмкіндік бермеді деген айыппен сотқа берген.

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Семей облысында болған ядролық сынақтарға қатысушылардың әлеуметтік құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымының төрағасы Ерғазы Мұхамеджановтың айтуынша, қалалық әкімшіліктің, өздеріне Семей ядролық сынақ орнында алғашқы ядролық сынақтардың басталғанына 55 жыл толуына орай өткізбек болған шеруге рұқсат бермей отырғанының себебі, шеруде қойылатын талаптардың мазмұнында жатқан көрінеді. “Шеруде біз, Кеңес одағы заманында 40 жылдан астам уақыт бойы ядролық жарылыстар жүргізілген Семей аймағындағы осы сынақтардан зардап шеккен 400 мыңға таяу халыққа әлеуметтік көмек берілмей отырғаны туралы, Семей қаласы тұрғындарының жылу үшін төлейтін ақысының қымбаттығы және Семей облысындағы зейнеткерлерге берілетін зейнетақы көлемінің төмендігі сияқты мәселелерді көтермекші болғанбыз” - дейді Ерғазы Мұхаметжанов,

- Біз 1992 жылғы Қазақстан Республикасының әлеуметтік жеңілдіктер туралы заңының бұрынғы мәтінін қайта қалпына келтіріп, сол арқылы ядролық сынақтардан жапа шеккен 400 мың халыққа әлеуметтік көмек беруді талап етпекпіз.

“Семей облысында болған ядролық сынақтарға қатысушылардың әлеуметтік құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым, “Шаңырақ” және “Көмек” қоғамдық қорлары бастаған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясы, “Қазақстан Республикасының коммунистік партиясының” Семейдегі ұйымдары қолдаған шеруді өткізу туралы өтінішті әкімшілікке алғаш шілденің 28 жазған болатынбыз, онда біз шеру өткізуге Семей қаласындағы орталық алаңды сұрадық, оған әкімшілік 6 тамызда жауап берді” - дейді Ерғазы Мұхаметжанов.

-

Ол алаңды тамыздың 29-ы күні жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп жауап берді.

Ерғазы Мұхамеджанов: “екінші рет, тамыздың 10 күні жазған хатымызда, біз шеру өткізу үшін, Семей қаласындағы Полковниктер алаңындағы Семей облысында болған ядролық сынағының құрбандарына арнап соғылған “Өлімнен де күшті” деп аталатын ескерткіштің жанын сұраған едік, оған да бізге қалалық әкімшілік бас тартып, мынандай жауап жазды” - дегенді айтады.

-

Хатында, сіздердің өтініштеріңіз қанағаттандырылмайды деп жазыпты, астына қала әкімінің орынбасары Мүсәпірбеков қол қойған. Семей қаласының әкімшілігіне хабарласқанымызда, өзін әкімшілік маманы деп танысытрған Асан Дүйсенбаев: “әкімшілік оларға шеру өткізуге ешқандай шек қойған жоқ, бар болғаны әкімшілік өткізетін шараларға бірге қатысыңыздар дегенбіз” - деп жауап берді.

-

Біз, тамыздың 29-ы күні жиын өткіземіз, соған бірге қатысыңыздар дегенбіз, оған олар: “жоқ біз жеке өткіземіз”- дейді. Жеке өткізетіндей олар жеке мемлекет емес қой.

Асан Дүйсенбаев: Ерғазы Мұхамеджановқа шеру өткізуге тиым салу туралы жауапты алдында қала әкімшілігінің құқық бөлімі берген екен дегенді айтады. Семей қаласы әкімшілігінің құқық бөлімі бастығы Еркін Ұранхаев бұл мәселеге мынадай түсінік берді:

-- Біз жауап бергенде айтқанбыз бір күнде екі митинг өтпейді ғой, сондықтан біздің жиынға қатысыңдар дегенбіз.

Ал Интерлигал халықаралық ұйымының Қазақстандағы саяси-құқықтық зерттеулер жөніндегі қоғамдық қорының төрайымы Элина Силаньтева: бұл тарапта билік орындары қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар шеруді өткізуіне кедергі жасап отыр деп есептейді.

- Семей облысында болған ядролық сынақтарға қатысушылардың әлеуметтік құқығын қорғай қоғамдық ұйымының төрағасы, 64 жасар Ерғазы Мұхамеджанов шеру өткізуге орын бермей, әдейі кедергі жасағаны үшін деген айыппен семей қаласы әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбековті сәрсенбі, тамыздың 25 күні қалалық сотқа бергенін айтады. Мұның сыртында Ерғазы Мұхамеджанов: Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жолдадым дейді.

- Ол хатта, егер мені қолдамасаңыздар, мен тамыздың 26 күні таңғы сағат жетіден алғаш ядролық бомба жарылған тамыздың 29-ы күнгі таңғы жетіге дейін, Семейдегі ядролық сынақ құрбандарына арналған ескертікштің түбінде аштық акциясын өткіземін дедім. Бұған саяси-құқықтық зерттеулер жөніндегі қоғамдық қорының төрайымы Элина Силаньтева: “қала әкімін шеру өткізуге кедергі жасады деген айыппен сотқа беру, Ерғазы Мұхамеджановтың конституциялық құқығы” - деген түсініктеме берді.
XS
SM
MD
LG