Accessibility links

Астананың Есiлдiң сол жағалауындағы жаңа бөлiгiнде археологиялық мұражай салынбақ


Есiлдiң сол жағалауына қанат жайған жаңа астананың ғимараттарын салу барысында жер астынан алып мамонттың сүйектерi мен тағы аңдардың қаңқалары, ежелгi халықтар қолданған тұрмыстық құралдардың табылуы Қазақстан ғана емес шетелдiк археологтарды да қызықтырып отыр. Астана қалалық мәдениет департаментiнiң тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғау инспекциясының бас маманы Сәния Ахметованың айтуынша, құрылыс кезiнде ескерткiштердi қорғау жөнiндегi заңның бұзылуы жиi қайталануда. Ал, Президенттiк мәдени орталықтың мамандары жыл аяғына дейiн Есiлдiң сол жағалауында археологиялық мұражайдың iргетасы қаланатындығын айтады.

Астана қалалық мәдениет департаментiнiң тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғау инспекциясының бас маманы Сәния Ахметова Есiлдiң сол жағалауындағы ғимараттарды тұрғызу кезiнде археологиялық сараптама қорытындысы шығарылған жоқ. “Соның салдарынан өте көп археологиялық ескерткiштер жойылып кетiп жатыр.

Құрылысышылардың мамонттың тiсi, жолбарыстың бас сүйегiн сатып жүрген оқиғалары кездестi. Бұл “Ескерткiштердi қорғау туралы” заңға қайшы әрекеттер болып табылады”,-дейдi Сәния Ахметова.

Сәния Ахметова археологиялық мұражай ашу оңай еместiгiн, даладағы балбал тастарды орнынан қозғауға болмайтындығын айтып отыр. Бұл пiкiрдi Сарыарқа археологиялық мұражайының директоры Жұман Смайыл да қуаттайды.

Еуразия университетiнiң оқытушысы Төкей Тәлиев қалай болғанда да республика орталығында елдiң ежелгi тарихын көрсететiн ашық аспан астындағы мұражай ашу қажет екендiгiн айтады.

Қазақстан Президентiнiң Астанадағы мәдениет орталығының мамандары жыл аяғына дейiн Есiлдiң сол жағалауынан археологиялық мұражайдың iргетасын қалау мәселесiн көтерiп отыр. Осы орталықтың бас маманы Алма Қадырбаева ашық аспан астында мұражай жасауға қарсы. Өйткенi, археологиялық ескерткiштер сақтауға келмейдi деген пiкiрде. Астанадағы “Атамекен” ашық аспан астындағы этнографиялық кешенiнiң жетекшi маманы Сәкен Зәкiржан мұндай өте шағын және тым қораш мұражайларға жұртшылықтың аз келетiндiгiн, қаржы үнемдемей үлкен жай салу қажеттiгiн айтып отыр. Қала iргесiндегi “Бозақ” қалашығына да шетел ғалымдары жоғары назар аударып отыр. Ресейлiк ахеолог Сергей Баталов” Бұл археологиялық қазбалар мен табылған жәдiгерлер Қазақстанның аумағында мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгi қалалардың болғандығын көрсетедi. “Бозоқ” қалашығы оғыз бен орта ғасыр мәдениетiне жатады,-“ дейдi.

Бiрқатар археологтар қала iргесiндегi ежелгi “Бозоқ” қалашығы жанынан мұражай тұрғызу бастамасын қолдайды. Ресейлiк археолог Сергей Баталов сияқты ғалымдардың пiкiрiнше, “Бозоқ” қалашығы орнынан қолөнершiлер қалашығы, археологиялық зертхана ашқан жөн. Олар археологиялық мұражайдың Есiлдiң сол жағалауынан бөлек салынуына мүдделiлiк танытуда.
XS
SM
MD
LG