Accessibility links

Семей қаласының әкімшілігі қоғамдық ұйым өкілдеріне ядролық сынақтың басталғанына 55 жыл толуына орай шеру өткізуге рұқсат берді


Бейсенбі, тамыздың 27-сі күні Семей облысындағы ядролық сынаққа қатынасушылардың әлеуметтік құқығын қорғау комитетінің төрағасы Ерғазы Мұхамеджанов «Азаттық» радиосына қала әкімшілігінің тамыздың 29-ы күні Семей облысында ядролық сынақтардың басталғанына 55 жыл толуына орай шеру өткізуге рұқсат бергенін хабарлады. Бұған дейінгі хабарларымызда әкімшіліктің Ерғазы Мұхамеджановтың шеру өткізу туралы талабын екі рет қабылдамай, нәтижесінде Мұхамеджановтың Семей қаласындағы «Өлімнен де күшті» ескерткішінің түбінде аштық жариялайтынын мәлімдегені жайында айтқан болатынбыз. Комитет өкілдері жексенбі, тамыздың 29-ы күнгі шеруде негізінен 4 мәселе көтерілмекші деп отыр.

«Тамыздың 29-ы күні Семей қаласындағы «Өлімнен де күшті» деп аталатын ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіштің маңында өтетін шеруде көтерілетін 4 мәселенің негізгісі - Семей өңіріндегі полигон зардабын тартқан халыққа тиесілі әлеуметтік жеңілдіктерді қайтарып алу» дейді Ерғазы Мұхамеджанов. Естеріңізге сала кетсек, қала әкімшілігі бұған дейін облыстағы ядролық сынаққа қатынасушылардың әлеуметтік құқығын қорғау комитетінің өңірде ядролық сынақтардың басталғанына 55 жыл толуына байланысты шеру өткізбек болған ұсынысын қанағаттандырмай тастаған болатын. Сол кезде комитет төрағасы Ерғазы Мұхамеджанов билік өкілдері шеру өткізуге орын бермесе өзінің аштық жариялайтының мәлімдеген еді. «Біз негізінен 1992 жылы қабылданып, белгісіз себептермен 1997-99 жылдары уақытша тоқтатылған Семей облысындағы ядролық сынаққа қатынасушыларға арналған әлеуметтік жеңілдіктер туралы заңның қайтадан жұмыс істеуін талап етпекшіміз» дейді Ерғазы Мұхамеджанов:

- Біздің мына шеруде қоятын 4 тілегіміз бар: Оның біріншісі – 1992 жылғы заңды қайтадан орнына қойыңыздар демекпіз. Өйткені, ол заң жойылған жоқ. Әшейін уақытша ақша жоқтықтан тоқтатып тастап отыр. Ал қазір Үкіметте ақша бар. Одан кейін екінші қоятын мәселеміз – мына біздің 1997 жылдың нөмірі 136-шы зейнетақы туралы заңында зейнетақы мөлшері айлық есептегіш көрсеткіштің 75 пайызынан аспауы керек дейді. Ол дегеніңіз 17230 теңге. Соны орнына қойса дейміз. Үшіншіден - мынау Семейде жылу бағасы Өскемен мен Павлодармен салыстырғанда екі есе қымбат. Соны реттесе деген тілек айтпақшымыз. Сосын соңғы төртінші талабымыз – Семей облысын қайтадан бұрынғы қалпына келтіріп беріңіз деп президентке, парламентке; үкіметке сондай талап қоймақшымыз. 29-ы күні қоямыз осы талаптарды.

Бұл ретте осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы басшылығының ұстанымы да Ерғазы Мұхамеджанов айтқан пікірлермен ұштасып жатыр екен. «Невада-Семей» қозғалысы төрағасының орынбасары Майдан Әбішев мырза: «бұл мәселелерді біз ертеректен бері көтеріп келе жатырмыз. Ал қазіргі уақытта сайлау алдындағы науқанмен жүгіріп жүрміз. Ядролық сынақтың басталғанына 55, оның жабылғанына 13 және біздің қозғалыстың құрылғанына биыл 15 жыл толатынынан жақсы білеміз. Тек соларды атап өту шараларына атсалысуға сайлау науқаны мойын бұрғызар емес» деп ағынан жарылды:

- Газет беттерінде, сосын мына қазіргі сайлау алдындағы шаралардың бәрінде мен өз басым осы Семей проблемасын, ондағы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесін көтеріп жүрмін. Жалпы биыл мына біздің ұйымның құрылғанына 15 жыл толады ғой. Осыны атап өтсек пе дегенбіз. Үкімет басшылары: «келесі жылы Жапонияның Хиросима, Нагасаки қаларындағы атом бомбасының қасіретіне 60 жыл толады. Сонымен бірге атап өтесіңдер. Қазақстанда үлкен конференция өткіземіз» деді. Сол біздің жағдайымыз.

Бейсенбі күні шеру өткізуге рұқсат алғанын жеткізген Ерғазы Мұхамбетжанов қала әкімшілігінің енді Мақпал Жүнісованың концерт қоюына жағдай жасамай отырғанын хабарлады. Мақпал Жүнісова Семей қаласына тамыздың 30-ы күні барады екен. «Ол кісі қазір Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясына мүше емес пе. Билік өкілдері мүмкін сол үшін де рұқсат бермей жатқан шығар. Мен Мақпал Жүнісованың концертіне орын берілмесе де аштық жариялаймын» деді Ерғазы Мұхамеджанов.
XS
SM
MD
LG