Accessibility links

Қазақстандағы оппозициялық бағыттағы кейбір интернет сайттар неге ашылмайды?


Қазақстанда интернет желісіндегі оппозициялық бағыттағы кейбір сайттарды ашу көптеген инетернет желісін пайдаланушылар үшін мүмкін емес болып тұр. Оның себебін Қазақстандағы билік орындарына оппозициялық бағыт ұстанған “Навигатор” интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов, жекелеген саяси күштердің, Қазақстандағы қазіргі билікке қарсы мазмұндағы материалдар жариялайтын кейбір интернет беттерін құлыптап ұстап отырғандығымен түсіндіреді.

Әр апта сайын, навигатор газеті Қазақстанда қандай сайттардың құлыпталатынын немесе оның жұмысының баяулайтынын анықтау мақсатында, бірнеше сайттарға мониторинг жүргізіп отырады.

Қазір оппозициялық бағыттағы сайттардың көпшілігін интернет желісінде ашып көруге болады, дегенмен әлі құлыптаулы күйінде- дейді Навигатор интернет газетінің редакторы Юрий Мизинов - “КУБ” аталатын сайт қайта ашылғанымен, Евразия-Центр ақпаратты-талдамалы орталығының сайты әлі жабық күйінде тұр.

Сонымен қатар, Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының төрағасы, мемлекеттік лауазымда жүргенде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотталып, қазір түрмеде отырған Ғалымжан Жақияновтың интернет желісіндегі сайты да, көптеген интернет желісін пайдаланушылар үшін, белгісіз себептермен жабық тұр.

Азаттық радиосы жоғарыда аталған Евразия-Центр ақпаратты-талдамалы орталығы мен Ғалымжан Жақияновтың интернеттегі сайттарын ашып көруге талпыныс, жасаған болатын, алайда олар ашылмады. Аталған сайттардың неге ашылмай тұрғаны туралы, интернет қызметін көрсететін Қазақстандық Нұрсат компаниясына хабарласқанымызда, техникалық қызмет бөлімінің қызметкері, аталған сайттардың Қазақтелеком тарапынан құлыптаулы екенін және оларды тек қана прокси-серверлер арқылы ғана ашуға болатынын хабарлады.

- Оларды прокси-сервер арқылы ғана ашуға болады, ал кәдімгі провайдерлер арқылы ашуға мүмкіндік жоқ.

“Қазақтелеком” компаниясына хабарласқанымызда, интернет қызметінің операторы Қазақтеллеком тарапынан интернеттегі ешқандай сайттың құлыптанбайтынын, ал кейбір сайттардың ашылмауы сол сайттардың құрастырушыларының кінәсінен болуы мүмкін деген жауап алдық.

-

“Қазақтелеком” ешқашан, ешбір сайтты құлыптап көрген емес. Ондай ақпаратты қайдан алып жүрсіздер.

Қазақстанның “Демократиялық таңдауы партиясының” халықаралық бөлімінің қызметкері Наталья Малярчук: партияның төрағасы Ғалымжан Жақияновтың сайты қазір жұмыс істеп тұр, бірақ оған Қазақтелеком тарапынан құлып салынғандықтан прокси-серверсіз кіруге мүмкіндік жоқ - деді.

-

“Қазақтелеком” сайттардың құлыптанғаны туралы ақпаратты әрқашан жоққа шығарып келеді, ал шындығында сайт “Қазақтелеком” тарапынан жабылып отыр.

Халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының мониторинг бөлімінің жетекшісі Наталья Стеблюк: “Қазақстанда кейбір сайттардың құлыптаулы екені жасырын емес, біз өзіміз қатардағы интерент желісін пайдаланушылар ретінде Евразия-Центр ақпаратты-талдамалы орталығының, Ғалымжан Жақияновтың сайттарын және кейде КУБ деп аталатын оппозициялық бағыттағы сайтты да аша алмаймыз дейді”.

Навигатор интернет газетінің редакторы Юрий Мизинов: сайттарды құлыптау жолдарын біз білеміз, дегенмен мұнымен біз ешкімге ештеңе дәлелдей алмаймыз дегенді айтады.

-

Бұл істің қалай жасалатынын бүге-шігесіне дейін білемін, бірақ оны жариялағаннан бірдеңені өзгерту мүмкін емес.

Халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының қызметкері Наталья Стеблюк: “Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары туралы қазіргі кездегі заң бойынша, интернет бұқаралық ақпарат құралының қатарына енген, халықаралық ұйым мұны заңдылық тұрғысынан алғанда дұрыс емес - деп есептейді” - деп мәлімдеді.

Қазақстанда интернет жүйесі арқылы порнографиялық сипаттағы немесе фашистік мазмұндағы кез-келген сайттарды ашып қарауға болады. Мұның жанында саяси мазмұндағы кейбір интернет сайттарының ұзақ уақыт бойы жабық болуы немесе нашар істеуі, Халықаралық “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда билікке ие саяси күштер, қазақстандық оппозицияға қарсы жасырын виртуалды күрес жүргізіп жатыр деген ойға жетелейді.
XS
SM
MD
LG