Accessibility links

Астана қаласының көшелерi үш тiлде жазылады


Астана қаласының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев өз өкiмiмен көшелердiң аттарын ретке келтiрiп, қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiндегi атауларын қатар iлiп қою жөнiндегi жұмыстарды бастап кеттi. Бұған дейiн бұрынғы коммунистiк қызыл жетекшiлерден құтылып, қала көшелерiнiң қазақша есiмдер берiлуiне ендi бойлары үйрене бастаған жұрттың қайтадан тағы да басқаша атауға, оны үш тiлде жасауға қалай қарауы мүмкiн? Бұл сұрақ Астананың зиялы қауымы ғана емес, тұрғындарын да ойландыра бастады.

“Астанада 600-ден астам көше бар. Кенесары даңғылы Абылайхан, сосын Әл-Фараби болып жалғасады. Республика даңғылының жартысы Пушкин көшесi болып соңы Ақжайық болып кете барады”,-дейдi қалалық тiлдер департаментiнiң бас маманы Таңатар Төлеуғалиев.

“Алматыда көше аттарының өзгергенiне он жыл болды. Бiрақ, әлi күнге Кеңес кезiндегi аттарымен атап жүргендер бар. Үш тiлдегi атауларын қалдыруға болады. Егер оның қазақша түпнұсқасы, жазылу мағынасы сақталса”,-дейдi саясаттанушы Мұртаза Бұлұтай.

“Бiздiң көшелерiмiздегi бұрынғы атаулар мен жаңа есiмдер сапырылысып жұрттың есiн тандырып жүргенi аздай, оған келiп үшiншi ағылшын тiлi қосылса онда жетiскен екенбiз,”-дейдi “Юпитер” пәтер иелерi кооперативiнiң төрағасы Бердiуақас Қабылтегi.

“Қаланың жаңа шағын аудандарындағы iркес-тiркес көшелер де бiресе нөмiрленiп, бiресе кiсi есiмiмен аталып келедi. Бiрнеше тiлге көшпес бұрын көп қаржыны қажет ететiн жобаларды тоқтата тұрған дұрыс,”-дейдi тiлдер департаментiнiң бас маманы Таңатар Төлеуғалиев.

Қазiр Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығынан үмiткер болып тiркелгендiктен сұқбаттасудан бас тартқанымен, қала әкiмiнiң орынбасары ретiнде Төлеген Мұқаметжанов осы бағытта атқарылып жатқан қыруар iстердi қала тұрғындарымен ойласа келiп, шешу қажеттiгiн жөн деп табады. Мерейтойларына байланысты бабаларымызға бас-басына көше аттарын бергеннен гөрi арнайы саябақтарда ескерткiштерiн шоғырландырған жөн де шығар деген пiкiр бiлдiрiп отыр.
XS
SM
MD
LG