Accessibility links

Шешенстанда өткен президент сайлауы туралы Қазақстан саясаттанушылары түрлі пікір білдіруде

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жексенбі, тамыздың 29-ы күні Шешен республикасында болып өткен президент сайлауына қатысты Қазақстандық саясаттанушылар әртүрлі пікір айтып отыр. Саясаттанушы Әзімбай Ғали «ел аумағында Ресей Федерациясының қарулы жасағы тұрғанда, сайлау таза, әділ өтті деу қисынға келмейді» деген пікір білдірсе, «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев: «бұл сайлау шешен халқына қордаланған мәселелерін шешу жолында берілген мүмкіндік, енді олар соны тиімді пайдалануға тиіс» деп отыр. Ал шешендердің «Вайнах» мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мұрадов: «Шешенстанда бір-ақ президент бар, оның аты-жөні - Аслан Масхадов» деген ой айтты.

«Жексенбі күні болып өткен сайлауда Шешен республикасы халқының 70 пайыздан астамы бұған дейін ішкі істер министрі болып қызмет істеген Алу Алхановқа дауыс берген, яғни алдағы уақытта шешен халқының билігі Алхановтың қолына өтетін болады» деп хабарлайды Итар-Тасс агенттігі. Бұл ретте Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Шешенстанда өткен сайлауды әділ, ашық өтті деуге еш негіз жоқ» деп отыр:

- Шешенстанда қазір Ресей әскері тұр. Жалпы республика толықтай қадағаланған. Сондықтан мұндай жағдайда еркін сайлау болуы мүмкін емес. Менің ойымша, Шешенстандағы сайлауға ОБСЕ өкілдері де осындай баға береді. Екіншіден: халықтың көңілі қазір алабұртып тұр. Әлеуметтік, экономикалық мәселелер шешілмеген. Осындай жағдайларға байланысты бүгінгі таңда Шешенстанда әділ сайлау өткізу еш мүмкін емес.

«Лента-ру» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Шешенстан президенттігіне таласқан 7 адамның арасынан топ жарып тұрған Алу Алханов сайлау алдындағы бағдарламасында президенттік қызметке кіріскен сәтте ең алдымен елдің экономикалық ахуалын көтеруге күш салатынын айтыпты. «Ол үшін Шешен жерінен сыртқа тасымалданып жатқан мұнай қаржысын толықтай республиканы қайта қалпына келтіру мақсатына жұмсау қажет» депті Алу Алханов. Ал Қазақстанда тұрып жатқан шешендердің «Вайнах» мәдени орталығының төрағасы және шешендердің дүниежүзілік конгресінің вице-президенті Ахмед Мұрадов «Азатық» радиосына берген сұхбатында: «біз басқа мемлекет азаматтары болғандықтан Шешенстанда өткізілген сайлауға қатысқан жоқпыз. Жаңа президент сайлағаннан ештеңе өзгермейді. Мен үшін Шешенстанда бір-ақ президент бар. Оның аты жөні – Аслан Масхадов» деген пікір білдірді:

- Ештеңе өзгермейді. Бәрі осы қалпында қалады. Біз сайлауға қатысқан жоқпыз. Өйткені, біз қазір Ресей, Қазақстан азаматтарымыз. Мен үшін дәл бүгінгі күні Шешенстанның Аслан Масхадов деген бір-ақ президенті бар.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін «Отан» саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев: «Шешенстандағы сайлау демократияның бір ұшқыны іспетті. Осы сайлауда дұрыс таңдау жасаса, алдағы уақытта халықтың әлеуметтік ахуалы жақсаратын болады» дейді:

- Бұл енді шешен халқының өз таңдауы ғой. Бүгінде қылыштасу, білектің күшімен емес осындай сайлау арқылы, елдің қолдайтын адамының билікке келуі арқылы жағдайды тұрақтандырып, қалыпқа түсіруге болады. Міне, Шешенстанда өтіп жатқан президент сайлауы осы демократияның бір ұшқыны сияқты. Ресей президенті В.Путиннің Шешен жерінен өндірілетін мұнайдың түсімін Шешенстан республикасының азаматтарына беріп жатуы да осы бейбітшіліктің бастауы емес пе.

Шешенстандағы мерзімінен бұрын өтіп жатқан сайлауда 47 жастағы милиция генерал-майоры Алу Алхановтың кандидатурасын республиканың осыған дейінгі президенті Ахмат Қадыровтың баласы Рамзан Қадыров және оның командасы, Ресей Федерациясының «Единая Росиия» партиясы қолдап шыққан болатын. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, анығында президенттік орынтаққа таласқан барлық кандидат та ең алдымен халықтың емес, Кремльдің көңілінен шығуға жан салып жұмыс істеген. «Дәл қазір Шешенстандағы осыған дейін қалыптасқан жүйені өзерту қиынның қиыны» дейді Әзімбай Ғали:

- Билік бір топтан екінші топқа көшіп жатыр. Қазір бәрі де Кремльдің алдында жақсы болып көріну үшін жан салып жатыр. Алдағы уақытта Рамзан Қадыров пен Алу Алхановтың арасында қайшылықтар болуы мүмкін. Өйткені, қазір республикада әскери топтардың ықпалы күшті болып тұр. Олардың әрқайсысы қазір сол Шешенстандағы «жарты патшалар.» Бәрінің мақсаты - билік үшін күрес, федералдық ақшаны ұрлау. Осының кесірінен ішкі жағдай толық қадағаланбайды.

Ресейлік ақпарат агенттіктері таратқан мәліметтерге қарағанда, Шешен республикасының президенттігіне кандидат Алу Алхановқа сайлауға қатысқан 80 пайыз халықтың 74 пайызы дауыс беріпті. Саясаттанушы Әзімбай Ғали Шешен республикасындағы сайлаушылар белсенділігін елдегі федерация әскерилерінің де дауыс беру құқығына ие екендігімен түсіндірді.
XS
SM
MD
LG