Accessibility links

Витамин дәрі-дәрмек пе, жоқ әлде биологиялық қоспа ма?..

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстан республикасының заңдарына сәйкес, елге сырттан тасымалданатын барлық дәрі-дәрмек қосымша құн салығынан және кедендік баж салығынан бостылады. «2004-ші жылдың сәуір айынан бері бұл талап толығымен орындалмай отыр. Қазақстан республикасының кедендік бақылау агенттігі дәрі-дәрмек құрамына енетін витаминдерді биологиялық-активті қоспалар қатарына жатқызып, олардан қосымша құн салығын талап етуде. Осының кесірінен Қазақстанға сырттан дәрі-дәрмек тасымалдаумен айналысатын компаниялар шамамен 55 миллион теңгеге жуық қаржы шығынға батқан» дейді фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зурият Сыбанқұлова.

2003-ші жылдың 11-ші маусымында Қазақстан республикасы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың сыртқы экономикалық қызметі жалпы тауарлық номенклатурасы туралы келісімді бекіткен болатын. «Осы келісімге орай, 2004-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстанға дәрі-дәрмек тасымалдайтын компаниялар кедендік рәсімдеу барысында түрлі кедергілерге тап болды» дейді фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зурият Сыбанқұлова. Оның айтуынша, Қазақстанға әкелінетін дәрі-дәрмекті тіркеу және оған тиісті құжат беру ісімен тікелей елдің денсаулық сақтау министрлігі айналысуы керек еді. «Осы ережелер орындалмай, Қазақстан республикасының кедендік бақылау агенттігі бұған дейін есептік нөмірі 3004 болып дәрі-дәрмек құрамына еніп келген витаминдерді 3106 және 2936 есептік нөмірімен тіркеуге алып, оларды биологиялық-активті қоспалар қатарына жатқызды. Тиісінше, заң бойынша кейбір салық түрлерінен босатылып келген витаминдерге үстіміздегі жылдың сәір айынан бастап қосымша құн салығы және кедендік баж салығы салына бастады» дейді фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зурият Сыбанқұлова:

- Жаңағы келісім кедендік бақылау агенттігіне витаминдерді активті-биологиялық қоспалар қатарына қосу үшін жақсы сылтау болды.

Қазақстанға сырттан дәрі-дәрмек тасымалдаумен айналысатын «Юнифарм инк» өкілдігінің жетекшісі Галина Земскованың айтуынша, кедендік бақылау агенттігі витаминдерге кедендік баж салығы мен қосымша құн салығын үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері қарай салып қана қоймай, дәрі-дәрмек тасымалымен айналысатын компанияларға салықтан босатылып жұмыс істеп келген 4 жыл үшін де қаржы төлеуді міндеттепті. «Бұл ретте жеңілдікпен тасымалдаған витаминдерді ендігі тұтынушыларға ескі, арзан бағамен сатып қойған 10-шақты компанияның шеккен шығыны орта есппен 50 миллион теңгені шамалайды» дейді Галина Земскова:

- Бұл мәселе әсіресе біздің компанияға қатты әсер етіп отыр. Өйткені, біз сырттан тек қана витамин тасымалдаумен айналысамыз.

Ал дәрі-дәрмек тасымалдаушы компания өкілдері наразылық білдіріп отырған Қазақстан республикасы кедендік бақылау агенттігінің кедендік кіріс департаментінің бастығы Нұргүл Жанарбаева: «витаминдерді толығымен дәрі-дәрмек құрамына енгізу дұрыс емес. Біз қазір Қазақстанға сырттан тасымалданатын барлық тауар түріне жаңадан тіркеу құжатын беріп, 10 таңбалы жүйемен нөмірлеп жатырмыз» дегенді айтты:

- Анығында витаминдер ешқандай ауруды жеңбейді ғой. Сондықтан да оларды дәрі-дәрмек құрамына жатқызуға болмайды.

Бұл ретте фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зурият Сыбанқұлова: «кедендік баж салығы мен қосымша құн салығы талап етілетін болса, витаминдердің дәріханалардағы бағалары қымбаттап, ақыр аяғында салмақ қарапайым тұтынушыға түсетін болады» деген пікір білдірді. Осы ұстанымға қатысты кедендік кіріс департаментінің бастығы Нұргүл Жанарбаева: «витаминдердің дәрі-дәрмек құрамына ену-енбеуін саралайтын жалғыз, құзырлы орган денсаулық сақтау министрлігі. Үкімет басшысы аталған министрлікке дәрі-дәрмекті кейбір салықтардан босататын нөмірі 378-ші қаулыға витаминдерді де енгізіп, құжатты қайта әзірлеп шығу жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қазір осы мәселеге қатысты барлық сауал денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі шара болып тұр» дейді:

- Аталған қаулыны денсаулық сақтау министрлігі дайындаған болатын. Егер олар таяу күндері салықтан босатылған тауарлар арасына витаминдерді де қосып, құжатты қайта әзірлеп шықса, біз оны ескеретін боламыз.

Бұл мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігінің фармацевтика комитетінің төрайымы Лариса Пак: «біз өзімізге жүктелген міндетті орындап, құжатты Үкімет қарауына өткізіп қойдық. Ендігі мәселе құжатқа Үкімет басшысының қол қоюында болып тұр» дегенді жеткізді:

- Ия, ол құжатты дайындау бізге жүктелген болатын. Бүнінгі таңда біз оны қайта әзірлеп Үкімет қарауына өткізіп қойдық.

«Дәрі-дәрмек тасымалымен айналысатын компания өкілдері Үкімет оң шешім қабылдамаса, өз қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл ретте Қазақстанның өз ішінде өндірілетін витаминдер республикаға қажетті витаминдердің 10-ақ пайызын құрайтынын естен шығармаған жөн» дейді фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зурият Сыбанқұлова.
XS
SM
MD
LG